Қоғам

Шедербаевтардың бәрі дәрігер

Шедербаевтардың бәрі дәрігер


Олардың ең алдында өзі тұр. Оның көз алдында ауылдың үш буыны дүниеге келіп, көз алдында ержетті. Енді балаларынан бөлек, немерелері де атасының жолын қуып, болашақтарын денсаулық сақтау саласымен байланыстырған. Өзі болса, жуырда «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды.

Болатбек Шедербаев Бородулиха ауданына қарасты 2026 тұрғыны бар Переменовка округіндегі ауылдық амбулаторияда үзіліссіз 33 жыл бойы аға дәрігер болып халыққа қызмет етіп келеді. Саладағы жалпы еңбек өтілі 35 жыл. Ақ халатты абзал жан ауылдастарын кабинетінде ғана қабылдап қоймай, үйлеріне де барып, науқастарды қарайды, шұғыл шақыртулар бойынша да шығып тұрады.

Осыдан отыз бес жылдай бұрын, 1984 жылы Семей медициналық институтының емдеу ісі факультетін тәмамдаған қалалық жас жігіт болашақ дәрігерлік қызметін ауылда жалғастыруға бірден нақты шешім қабылдайды. Тек біраз уақыт күте тұруға тура келген, себебі болашағын бірге байланыстырған өмірлік қосағы да осы институтта оқып жатқан болатын. Екі жылдай Семейдегі бірінші қалалық ауруханада терапевт болып жұмыс істеді. Кәсіби дәрігер болу үшін білім алуға берілген студенттік уақыт өз қызығымен, сәтімен аяқталғасын, екі жас қол ұстасып Переменовка ауылына аттанады. Осы ауылда күні бүгінге дейін бірге қызмет етіп келеді. Осы уақытқа дейін қоғамдағы барлық өзгерістер көз алдарында өтті деуге де болады. Мәселен, кеңестік жүйенің күйреуі, қайта құру кезеңі, тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар…

Дәрігердің айтуынша, сол жылдарда қажетті аурухана ғимараты үшін айтарлықтай қиындықтарды да бастан кешірген. Тіпті, кеңшар басшылығымен бірлесе отырып, өз күштерімен саманнан ғимарат салған кездері де болыпты. Бұл мәселе кейінірек аудандық мәслихат депутаты Талғат Оразаевтың өз қаржысына бос тұрған ғимаратты сатып әперіп, оған тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізген соң ғана біржола шешімін тапқан екен.

– 1993 жылы біздің ауылға Германияның Денсаулық сақтау министрлігінен делегация келді. Олар біздің ауылда тұратын этникалық немістердің жағдайымен танысу үшін арнайы келген екен. Ол кезде ауылда немістер көп тұратын, тіпті ауылдың тоқсан пайызы сол ұлттың өкілдері болатын. Германия үкіметі ауылға он жыл көлемінде тұрақты көмек көрсетіп тұрды. Бүгінде теледидардан күнделікті белсенді жарнамалап жататын қымбат импорттық дәрілерді біз сол кездің өзінде қолданып жүрдік, – дейді Болатбек Абдуллаұлы жылжыған жылдар белесімен артта қалған сол бір кездерге шегініс жасап.

Атап өтерлігі, ауылдың үш бірдей буыны дәрігердің көз алдында өсіп келеді. Алғаш ауылға келгенде, өзі есепке алып, перзентханаға жолдама берген жас аналар бүгінде немерелерін өсіріп отыр. Немерелері де қарамағында тіркеліп тұр.

Ауылдағы дәрігерлердің жауапкершілігі қалаға қарағанда әлдеқайда ауыр екені айтпаса да түсінікті. Өйткені басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі де ауыл дәрігерін шақыртады. Бәріне де үлгеру керек, барлық науқастарға дұрыс диагноз қойып, шипалы ем жасау қажет. Бұл отбасылық дәрігерлердің жылдар бойғы әдетіне айналып кеткен. Болатбек ағадан әңгіме арасында «Бүкіл дәрігерлік қызметіңізді бір ауылда өткізгеніңізге өкінбейсіз бе?» деп сұрадық. Ол болса: «Егер әлі де мүмкіндік берсе, осы ауылда дәрігер болып істей берер едім», – дейді. Енді осы жолға балалары мен немерелерін де баулып келеді.

Болатбек ағаның мақаламыздың басында атап өткен, бүкіл өмірін денсаулық саласына арнап келе жатқан өмірлік серігі Бақыт Шедербаева да терапевт-дәрігер. Қос дәрігер екі ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп, ел қатарлы білім беріп, тәрбиелеп жеткізді. Үлкен ұлдары Марат пен келіні Әлия Шедербаевтар – отбасылық стоматологтар. Бүгінде өздерінің отбасылық клиникаларын ашқан. Бақыт Қабдышейітқызының анасы Күлбаш Абдуллина да кезіндегі Шұбартау ауданында ең бірінші дәрігер болған жан екен. Қызы Әсел биотехнолог болса, жолдасы Ахтан ішкі істер саласында қызмет етеді. Кіші ұлы Ербол – тау-кен инженері, келіні Динара – заңгер. Осы балаларынан он немере сүйіп отырса, солардың ең үлкені Диас Маратұлы мен Әмір Ахтанұлы әулеттің дәрігерлік жолын жалғастыруға бел буған. Бұл да үлкенді сыйлаудың, мамандыққа деген құрметтің көрінісі болса керек.

Болатбек ағамен кабинетінде сұхбаттасып отырып, байқағанымыз, әр жылдарда алған марапаттары жетерлік екен. Әсіресе, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Конституцияға – 10 жыл», «Қазақстан Республикасына – 20 жыл» медальдары, денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы, облыс, аудан басшыларының әр жылдардағы марапаттары бірден көзге шалынады. Бақыт Шедербаева да өзінен гөрі жолдасының жетістіктерімен көбірек бөлісті. Мұны да біздің қазаққа тән тәрбие деп түсіндік.

Әрине, ауылды жердегі амбулаторияда мәселе аз емес. Болатбек аға жақында ғана аурухананың транспорт мәселесін шешіпті. Себебі қырық төрт мың теңгелік жалақыға бола ер-азаматтар жүргізушілікке келе бермейтінін, олар да ел қатарлы отбасын асырау керектігін бұл да жақсы түсінеді. Енді аубулаториядағы жылдамдығы тым баяу интернеттің жайы – шешімін күтіп тұрған шаруа.

– Қазіргі уақытта біз секілді алыстағы ауылдық округтерге қаладағы университеттерді бітірген жас мамандар келе бермейді, келсе тұрақтамайды. Қиындыққа шыдамай кетіп қалады. Сондықтан барлық жауапкершілік бұрыннан істеп келе жатқан Болатбек аға секілді тәжірибесі мол білікті мамандарға түседі. Олар өз пациенттері алдындағы жауапкершілікті терең сезінгендіктен, орнын алмастыратын білікті мамандар келмейінше, ауылдан да, амбулаториядан да кеткісі келмейді. Себебі медициналық білікті көмек көрсететін ешкім жоқ, – дейді Переменовка ауылдық округінің әкімі Бақыт Садықова.

Дәурен Аллабергенұлы
Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button