Қоғам

Шеберлік жоспарын дайындауға халықаралық сарапшылар атсалысады

Шеберлік жоспарын дайындауға халықаралық сарапшылар атсалысады

Облыстағы балық шаруашылығын дамытудың шеберлік жоспарын дайындауға халықаралық сарапшылар атсалысатын болады. Бүгінде БҰҰ атынан келген түркиялық сарапшы өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйін зерделеп жүр.
Балық шаруашылығы – өңірдегі әлеуеті өз деңгейінде пайдаланылмай отырған саланың бірі. Оған себеп – технологияның жаңармауы, балықшы мен балық өңдеушінің арасындағы теңсіз қатынас, браконьерлік аулаудың азаймауы, саладағы заңдылықтардың халықаралық стандарттардан алшақтығы деп тізе беруге болады. Қолға алынып отырған шеберлік жоспары осы кедергілерді жойып, облыс нарығын өз балығымызбен толтыруды, балық өнімдерінің экспортын еселеуді көздейді.
Осы орайда Зайсан, Бұқтырма, Шүлбі, Ертіс сынды балығы тайдай тулаған өзен-көлдердің пайдасы тұтас елдің игілігіне айналмай отырғанына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те алаңдаушылық білдірген болатын. Шеберлік жоспарының бір мақсаты – осындай ірі су қоймаларын тиімді әрі залалсыз пайдалану ісіне халықаралық стандарттар енгізу болып табылады. Халықаралық стандарттармен бірге салаға жаңа технологиялар, ірі инвесторлар және саналы тәртіп келеді деп күтілуде. Осындай өзгерістің жемісін жеп отырған бірден-бір ел Қытай мемлекеті деп саналады. Шеберлік жоспарында осы елдің тәжірибесі де ескерілетін болады.
Бұл салада біз үлгі алуға тиіс тағы бір ел – Норвегия. Аумағында Зайсандай айдынды көлі, Ертістей кемел өзені болмаса да, балық өнімдерін экспорттауда Норвегия алдына қара салдырмай келеді. Өйткені, бұл мемлекетте тауарлы балық шаруашылығына мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіледі. Осы мәселеде норвегтерден үйренеріміз көп. Бұл тұрғыда өңір мамандары ұсақ су қоймалары мен көлдерді тиімді пайдаланудың жобасын жасап шығармақ. Облыс бойынша балық аулауға жарамды деп танылған 100 ұсақ су қоймасы бар. Әзірге бұл тоғандардың қандай жолмен пайдаға жаратылатыны нақтыланбаған. Дей тұрғанмен, олардың биологиялық қоры халықтың игілігіне жарайтын күн алыс емес. Тауарлы балық шаруашылығының дәстүрлі балықшылықтан айырмашылығы – тоған тағдырына иесінің жауапты болуында. Норвегия сынды өзен-көлі аз елдер жасанды тоғандар қалыптастырып, онда жыл он екі ай балық өсірумен айналысады. Яғни, суға шабақты жіберіп, өсіретін де өзі, оны аулап пайда көретін де өзі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов аталған кешенді жоспарда әуесқой балықшылықтың мәдениетін көтеру жағы да қарастырылғанын айтады. Бұл бағыт бір жағынан ауыл туризмін дамытуға да септігін тигізбек. Елді мекендердегі балық аулауға жарамды учаскелерді түгендеу жұмыстары осы мақсатта жүргізілуде. Бұл мәселеге қатысты да көптеген ұсыныстар айтылуда. Соның бірі – иесіз шағын су қоймаларын әуесқой балықшылар ұйымына беру. Кез келген әуесқой балықшы сол ұйымға мүше болу арқылы балық аулау бойынша жеңілдіктерге құқылы болады.
-Аймақ басшысы балықшы ауылдардың ата кәсіптерінен ажырап қалмауын қатаң талап етіп отыр. Бүгінде Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Катонқарағай, Ұлан, Зырян аудандарында және Семей қаласының аумағында барлығы 20-дан астам елді мекеннің халқы негізінен балқшылықты кәсіп етіп отыр. Оған оңтүстіктегі Алакөл мен Сасықкөлді жағалай қоныстанған ауылдарды қосыңыз. Бұл ауылдардың барлығының кәсібі біреу болғанымен, нәпақа табу жолдары әрқилы. Соның бәрін бір жүйеге енгізу үшін өндірістік кооперативтер құру ұсынылған. Осы жоба бойынша Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылындағы «Рыбаки Зайсана» өндірістік кәсіпорны жүйелі жұмыс бастады. Ұжымның зауыт цехтарын аралап, кооператив мүшелерімен бірнеше рет кездескен облыстық комиссия тұғылдық балықшылар ұйымына ауылға бекітілген учаскені бес жыл бойында пайдалану құқығын беріп отыр, – дейді М.Құсайынов.
Шүлбі қоймасынан осыған дейін балық аулап әрі өңдеп келген «Нептун» ЖШС-не де дәл осындай мүмкіндік ұсынып отыр.
Жаңа өзгерістің тиімділігіне көздері жеткен соң, Көкпекті ауданында да балықшы ауылдар қимылдай бастады. Тассай, Құлынжон, Үлгілімалшы, Сарыбел, Көкпекті, Көкжота ауылдарынан екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік, екі жеке кәсіпкер, екі шаруа қожалық бірігіп, «Көкпекті Аквакультура» атты өндірістік кооператив құрып отыр. Құрамында 32 адам болатын ұжымның иелігінде 55 балық аулау құралы, 15 қайық бар. Ауданда бұған қосымша 100 адамдық «Көкпекті балық» атты тағы бір кооператив құру жоспарланған. Бұл кооперативтің меншігінде бес балық тоңазытқыш, өңдеуші цех және 46 жүзу құралы болады деп күтілуде.
Ал Ұлан ауданында Бетқұдық ауылының 11 тұрғыны жаңа кооперативке біріге бастады. Олардың ортақ иелігінде 49 балық аулау құралы болмақ. Бұл ұжым аулаған балықтарын облыс орталығындағы «Рыбный мир» кәсіпорнына өткізу жөнінде келісімге қол жеткізіпті. Күршім мен Зырян аудандарында да осы іспеттес шағын кооперативтер түзілуде. Бұлардың барлығы Ауыл шаруашылығы министрінің «Аңшылық орындар мен балықшылық су қоймаларын пайдаланушыларды бекіту конкурсын өткізу жөніндегі ережелер туралы» бұйрығына түзету енуін тағатсыздана күтуде. Біздің облыс тарапынан аталмыш құқықтық-нормативтік құжатқа бірнеше түзету енгізу ұсынылып отыр.
Әзірге бұл ұсыныстар еліміздің барлық облыстарына таратылып, талданып жатыр. Біздің ұсынысты өзге де облыстар қолдап жатса, балықшы ауылдардың бағы жанатын болады. Мұрат Құсайынов алдағы бір айдың көлемінде бұл мәселеге қатысты нақты жауап аламыз деп отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button