Шеберлер Алтайдан шабыттанып қайтты

Талай өнер иесінің туындысына арқау болған Өр Алтайдың асқақ шыңдары мен тұмса табиғаты әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қылқалам шеберлерін де бейжай қалдырмаған. Оның көзтойғысыз көркемдігі қысқа мерзімде-ақ жүзден астам картинаның дүниеге келуіне түрткі болды. Осылайша, «Ұлы дала палитрасы» халықаралық пленэрі аясында жазылған бұл картиналар облыстық Өнер мұражайының қорын толықтырды.
Облыс әкімі Даниал Ахметов пленэр қатысушыларының туындыларымен танысып, жоғары баға берді.
Естеріңізге сала кетейік, төртінші маусым күні облысымызға әлемнің 10 мемлекетінің (Германия, Франция, Түркия, Литва, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан) 20 суретшісі келіп, Катонқарағай ауданына аттанған болатын.
– Осы пленэрден тамаша әсер алдым. Аспанмен астасқан таулар, саф ауа… Сұлулықтан көз тұнады. Мұндағы халықтың кеңпейілдігі мен қонақжайлығының сырын ұққандай болдым. Көз алдымдағы бейненің бәрін қағазға түсіргім келді. Осы уақыт аралығында төрт картина келді дүниеге. Оның барлығы Алтайға, оның ғажайып табиғатына арналады. Бізді осындай қуанышқа бөлеген қазақ еліне алғыс айтқам келеді. Бұл тауларды көру үшін достарымды ертіп, саяхаттап келемін, – дейді өзбекстандық суретші Надир Бобомурадов.
Надир Бобомурадовты шабыттандырған асқақ шыңдар болса, литвалық суретші Сильвия Дребецкайте Рахман қайнарының мөлдір суына тәнті болыпты. Мұны шебердің әр картинасынан байқауға болады. «Арасан», «Сарқырама», «Арасан бастауының» мінезін дөп басқан картиналары көрме қатысушыларының да назарын аударды.
«Ұлы дала палитрасы» деп аталған пленэр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында өтіп жатқандығын атап өткен жөн.
– Біздің ғажайып табиғатымыз бен киелі жерлерімізді туындаларына арқау еткен қылқалам шеберлерінің өнері көпшілікті де тәнті етті деп ойлаймын. Әлемдік және отандық суретшілердің бір шығармашылық алаңда жұмыс істеп, тәжірибе алмасуы еліміздің көркемсурет өнері салысының дамуына үлкен үлес қосқаны анық. Алдағы уақытта шығыста көркемсурет өнері мен еліміздің археологиялық тарихы үндескен әрі мұражай, әрі білім орталығын құруды қолға алуымыз керек. Мұндай орталық Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында бар. Оған біздің бай тарихымыз бен шығармашылық әлеуетіміз де жетеді, – деп атап өтті облыс басшысы.
Бұл пленэрдің суретшілерге толағай шабыт қана емес, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік бергендігін Қазақстанда туып-өсіп, Берлинде шеберлігін шыңдап жатқан суретші Болат Мекебаев та атап өтті.
-Әлемнің көптеген еліне сапар шектім, небір картиналар жазылды. Отан – оттан ыстық деп бекер айтылмаса керек. Туған елімнің табиғатынан алған әсерім бөлек. Осындай жерлердің бар екендігіне кеудемді мақтаныш кернеді. Ең бастысы мұны әлемнің суретшілері көрді. Мойындады. «Арт-заман» жобасы жалғасын табады деген сенімдемін. Тәжірибе алмасу үшін мұндай шараны Берлинде өткізуге болар еді, – дейді суретші.
Өнер мұражайындағы көрмеден кейін қылқалам шеберлері Жастар саябағында шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ саябақта серуендеп жүрген тұрғындар кәсіби суретшілерге портреттерін салғызуға мүмкіндік алды.
Лаура Тілеубайқызы