Қоғам

Шеберхананы спорт кешеніне айналдырды

Шеберхананы спорт кешеніне айналдырды

Күршім ауылының Діңгек мөлтекауданында орналасқан бұрынғы совхоз машина-трактор жөндеу шеберханасының кең де еңселі ғимаратына күрделі жөндеу жасап, оны заманауи спорт кешеніне айналдыру туралы ұсыныстар осыдан үш жыл бұрын назарға алынып, осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалған болатын.
Алғашқы жылғы смета 70 млн. теңге деп жоспарланғанымен, ондағы жұмыстарға 26 млн. теңге ғана бөлінген еді. Соны пайдалана отырып, Б.Сақалбаев басқаратын «Юсупхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көп жылдан бері бос тұрып, азып-тозып кеткен ғимаратты тазалап, терезелерін салып, төбесіне, ішкі бөлігіне жөндеу жүргізді. Ал екінші жылғы тендерді «Оптима-Строй» ЖШС ұтып алып, 2014 жылы 25 млн., биыл 15 млн. теңгенің жұмыстарын атқарды. Сол 2014 жылы бұл жауапты шаруаға «Күршім» көпсалалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны да араласып, сыртқы қоршауын орнатып, суық су мен жылыту жүйесін тартып берген-ді. Осы уақыт ішінде атқарылған құрылыс жұмыстарының сапалы болғандығына құзырлы адамдардың барлығы куә.
Салауатты өмір салтын лайықты деңгейде насихаттау үшін аудан орталығында заманауи спорт кешенінің болуы – кезек күттірмейтін мәселе. Ал ол үшін бұл ғимарат таптырмайтын орынға айналмақ. Кешеннің жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді қамтиды. Бұрын күн ыстықта ішіне жылқы мен сиыр толып тұратын қаңыраған ғимарат бүгінде кірген адам қайта шыққысыз көрікті залға айналыпты. Енді мұнда талапты жастардың спорттың күрес, бокс, үстел теннисі, қол күресі және ауыр атлетика сияқты түрлерімен алаңсыз айналысуына толық мүмкіндік бар.
Спорт құрал-жабдықтарын сатып алу үшін 10 млн. теңге бөлініп, тендер жарияланып отыр. Жақын арада әзірше бос тұрған бөлмелер жаңа спорт құралдарымен жабдықталады. Жеке-жеке жуынатын бөлмелер, ерлер, әйелдер әжетханалары жұмыс істеп, үстіңгі қабаттан кабинеттер, акт залы, сондай-ақ, сырттан келетін спортшыларға арналған жатын бөлмелер орын тебетін болады. Қазірдің өзінде су, жылу жүйелері әзір, енді мамандар жарық тартуды қолға алып жатыр.
Келешекте кешен төңірегі талапқа сай абаттандырылып, жасыл желек отырғызылуға тиіс, іргеден автотұрақ ашылады және айналасы түнде сансыз жарыққа бөленген еңселі ғимарат ауылға ерекше көрік беріп тұрмақ. Кейіннен спорт модулі, денешынықтыру және спорт бөлімі де осында көшіріліп, бұл ара жанкүйер қауым мен барша жаттықтырушы, спортшылардың басын қосып, одан әрі жақындастыратын құтты орынның бірінен саналатын болады. Кең де қолайлы жаңа кешеннің аудан көлеміндегі спортқа құмар жастардың ынта-ықыласын одан әрі арттырып, жеңісті биіктерге жетелейтін киелі мекенге айналатынына жұрт сенімі зор.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button