Қоғам

Шөбере-шөпшек сүйген Нияш әже

Шөбере-шөпшек сүйген Нияш әже


Наурыз мерекесі қарсаңында Зайсан ауданының Шалқар ауылында тұратын, жасы бір ғасырға таяған, 8 ұл-қыз, 24 немере, үш шөпшегінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатқан Нияш Шоқыбаева деген әжейдің үйінде болдық. Аудандағы іргелі, рейтингтік көрсеткіште алдыңғы орынды иеленетін Дайыр ауылдық округінің әкімі Болатбек Балғабаев Нияш әжейдің кенже ұлы екен.

Әжей 1920 жылы дүниеге келіпті. Құдай қосқан қосағы, ұзақ жылдар аудандағы колхоз-совхоздарды құруға белсене араласқан, ыстық-суығына бірдей төзген Балғабай Шоқыбаев 1976 жылы дүниеден өтіпті. Шоқыбаевтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген көрінеді. Тұла бойы тұңғыштары Мүбарак Үлкен Қаратал ауылында тұрады, 74 жастағы ағамызды жерлестері ерекше сыйлайды. Одан кейінгі Әсиясы қазір Теміртау қаласында тұрып жатыр. Оның күйеуі Сіләшті бала кезден танитынбыз, туыстығы бар азамат арамыздан ерте кетіп қалды. Сіләш пен Әсияның бір ұл, бір қызы, бірнеше немере, шөберелері бар.

-Бала кезімізде Наурызды қалай тойлайтынымыз есте қалыпты. Көршілер наурызкөже жасап, бір-бірін қонаққа шақыратын, жылы лебіздерін білдіріп жататын. Еліміз тәуелсіздік алды, ел іргесі берік, Қазақстан өркендеп келеді. Аман болыңдар, ауданымыз көркейіп келеді. Балаларым күн сайын бір жаңалықты жеткізіп жатады, ішімнен бергеніңе шүкір деп отырамын. Аман болыңдар, менің жасыма келіңдер!-деп батасын берді Нияш әже.

-Әжеміз әлі тың, жүз жасқа жетсе, дүркіретіп той жасаймыз,-дейді бір ғасыр ғұмыр кешкен енесін күтіп отырған Әлмира келініміз. Әлмира Үркімбаева қарияның қас-қабағына қарап, төрт уақыт тамағын беріп, арасында мектептегі жұмысына да үлгеріп жүр. Міне, қазақтың келіндері осындай болу керек деген ойда қалдық.

Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Болатбек Балғабаев басқаратын Дайыр ауылдық округі жайында бірер сөз. Екі жыл бұрын Дайырда заманауи Мәдениет үйі бой көтерген. Ішінде кітапханасы, қызмет көрсететін орындар бар. Қазір ауылдық округке Дайыр, Көкжыра, Жамбыл ауылдары қарайды. Бұдан бес жыл бұрын Көкжыра аудандағы мәдениетті елді мекен қатарына енгізілгенде болған едік. Айнадай таза көшелер, жаңадан орнатылған ағаштар сәнімен көз тартатын. Үш ауылда үш мыңға тарта тұрғын бар. 84 шаруа қожалығының 32-сі мал өсірумен шұғылданады. Тоғыз мың ірі қара, 1800 жылқы өсіріп отырған ауылдастардың тұрмысы жақсы. Қазірдің өзінде бірнеше шағын мал бордақылау алаңы ашылыпты. Түлек пен Қыдырбектің мал бордақылау алаңын көрдік. Жемшөбі мол, ірі қаралар қоңды. Ақан Өтебаев, Қыдырбек Шалбарбаев, Қайникамал Мұздыбаева, Сағат Құниязова жетекшілік ететін шаруа қожалықтары алдыңғы қатарда.

Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов Дайыр ауылына қарасты ауылдардың көркейіп, ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарып келе жатқанын, ауызсудың жеткізілгенін тілге тиек еткен еді. Сол рас болып шықты.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button