Қоғам

Шұбат өндіріп, қымыз ашытады

Шұбат өндіріп, қымыз ашытады


Ауданымыздағы тарихи Отанына оралған қандастарымыздың басым көпшілігі үкімет ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдаланып, өз істерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – Қарасу ауылына қарасты шағын қыстақта ұлттық сусын өндіріп отырған Қалым Адалбек.

Адалбек 2006 жылы Қытайдың Тарбағатай өңірінің Толы ауданынан көшіп келген. Елге оралғанда, қорасында бір түйесі, бір торпағы ғана болған, еңбегінің арқасында алғашқыда бір түйенің шұбатын сатып күнкөріс жасаған Адалбек 2013 жылы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге несие алып, 10 түйе сатып алған. Ойсыл қараның саны жыл санап артып, қазір шұбат өндіріп отыр. Жалпы Тарбағатай ауданында ел егемендік алған жылдарда онсыз да аз болған түйе шаруашылығының тұқымы құрып кеткен болатын. Қазір ауданда аз да болса кейбір кәсіпкерлер осы саламен шұғылданып келеді.

Адалбектің айтуына қарағанда, түйе шаруашылығы өте тиімді, бұл жануардың өнімдері нарықта қолдан- қолға тимейді. Оның үстіне түйе қысы-жазы өнім береді. Шаруашылық иесінің айтысына қарағанда, түйе малы өзге малдарға қарағанда баяу өсетін мал, сондықтан мүмкіндік болса, түйені жыл сайын сатып алып, қатарға қосу маңызды.

– Бұл үшін қаражат қажет, мәселен, мен несие алған 2013 жылдармен салыстырғанда қазір несие мөлшері 6 миллионнан 19 миллион теңгеге дейін көбейтілді. Елбасының ұсынып отырған бұл бағдарламасы әсіресе түйе шаруашылығын дамытуға аса қолайлы болып отыр. Несие мал және ауыл шаруашылығы кооперативтері бағдарламаларына 7 жылға босатылатын болыпты. Сыйақының жылдық мөлшері 6 пайыз, талаптары да көңілге қонымды. Ендігі мақсатым – кооперативке мүше болып, үлкен көлемде несие алып, түйе санын арттыру, – дейді Адалбек.

Қазір Адалбектің қорасында 15 бас түйе бар, ал шұбатқа деген сұраныс күн санап артып отыр. Бұрын аудан көлемінде болса, қазір Өскемен, Астана қалаларынан жиі сұраныс түсетін көрінеді. Адалбек пен жұбайы Бақытгүл екеуі мұнымен тоқтап жатқан жоқ, олар желіде 10 құлынды бие ұстап, қымыз ашытады. Өткен жылдан бері сиыр санын да арттырған және шағын болса да, асыл тұқымды мал ұстап отыр. Қазір ауылды жерде ерінбей еңбек етем деген жандарға мүмкіндік мол, оған қиырдан келген қандастарымыздың ісі дәлел болса керек. Дәлел демекші, Қалым Адалбектің отбасылық шағын бизнесі қалдықсыз өнім өндірудің үлгісін көрсетіп отыр. Отанасы Бақытгүл түйе жүнін өңдеп, көрпе, шағын күртешелер тігеді. Қысқасы, бұл отбасында қылқұйрықтың қылы да іске асатын көрнеді. Өткен жылы жылқының қылына Алматы консерваториясының ұлттық аспап жасайтын цехы тапсырыс беріпті.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button