Қоғам

Шайзаданың жылыжайында қызанақ пісіп қойды

Шайзаданың жылыжайында қызанақ пісіп қойды

Шайзада Жапановтың бұл кәсіппен айналысуына базардағы көкөністің қымбат бағасы себепші болды.
Алдыңғы жылғы қыс күндерінің бірінде Ақжар ауылының тұрғыны Шайзада Жапанов осы елді мекендегі сауда дүкеніне көкөніс сатып алуға келеді. Сөреде сәбіз, қияр, қызанақтың небір сорты көз жауын алғанмен, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» кері келіп, еңсесі түсіп кетеді. Тіпті, қызанақтың әр келісінің бағасы 1000-1200 теңгеге шырқап кеткеніне таңырқап: «Қысы-жазы маңдай терімізді төгіп жүріп асыраған малымыздың әр келі етінің бағасы 700-800 теңгеден аспаса, қызанақтың бағасы одан 300-400 теңге асып түскені ме? Ендеше мал емес, көкөніс өсіруіміз керек шығар» деген ой келеді.
Үйіне келгеннен кейін ол бала-шағасына: -Сауда дүкеніндегі көкөніс атаулының бағасы аспандап кетіпті. Сөредегі көкөніске бір, қалтамдағы зейнетақыма бір қарадым да: «Қой, Шайзада, жолыңды тап!» демеске шарам қалмады. Бұл шаруамен неге өзіміз айналыспаймыз? Көкөніспен отбасымызды қамтысақ, азық-түліктен де кенделік көрмес едік. Денсаулығымызды жақсартар едік. Ақшамыз да үнемделер еді. Сондықтан отбасылық шағын жылыжай құрылысын салуға қалай қарайсыңдар?-деп сұраулы жүзбен қарады. Бала-шағасы болса:
–Бұрын мұндай кәсіппен шұғылданған жоқпыз ғой. Қолымыздан келе қояр ма екен?-десті. Шайзада:
-Көкөніс өсірумен қазекемнің айналысып жатқанын теледидардан да көріп жүрген жоқпыз ба? Ендеше ондай шаруа өз қолымыздан неге келмесін,–деді.
Ақыры зайыбы Ғалия да, азамат балалары да отағасының ұйғарымын қолдап-қостады. Шайзаданың жылыжай құрылысын салатындай іс-тәжірибесі де жоқ-ты. Қырық бес жылдай аудандық тұтынушылар одағы мен аудандық байланыс торабы мекемесінде жүргізуші, инкассатор, Ақжар коммуналдық шаруашылық мекемесінде слесарь-сантехник болып істеп, 2013 жылы зейнетке шыққан еді. Содан кейін Шәкең ауылдар мен қалалардағы жылыжайларды аралап көріп, көңілге қонарлық құрылыс үлгілерін таңдауды жөн көрді. Бірақ жер бетіне салынған кейбір құрылыстар отын мен қаржылық шығынды көп қажет ететіндіктен жерді бір жарым метрдей қазып, жылыжай салудың тиімді екендігіне көз жеткізеді. Шайзадаға құрылыстың осы соңғы үлгісі ұнады. Өйткені, Тарбағатай өңірінде қыс маусымы бес-алты айға созылатындықтан осындай жылыжай қажет еді. Сөйтіп, өткен жылғы жазда басталған құрылыс күзге таман аяқталыпты.
Жылыжай биылғы наурыз айында іске қосылғанын естіп, «жақсыны-көрмекке» деген ниетпен отбасылық нысанды көріп қайттық. Құрылыс өте қарапайым тәсілмен салынған.Үй ауласындағы жалпы аумағы бір сотық жер бір метр 70 сантиметр тереңдікте қазылып, оның қабырғалары цементтеліпті. Төбесі алты миллиметрлік қалыңдықтағы жылу ұстағыш әрі жылу тартқыш арнайы материалмен жабылған. Құдық қазылып, оның суы электр сорғы арқылы ауладағы бөшкелерге толтырылады. Бөшкеде жылытылған су көкөністі ылғалдандыруға пайдаланылуда. Жылыжайдың іші 30-35 градус ыстық. Онда егілген қияр, қызанақ, сарымсақ, сәбіз, тағы басқа көкөніс түрлерінің алды пісіп-жетіліп, отбасы дастарханына қойыла бастаған.
–Көкөніс өсімі көңіл толтырарлық. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген ғой, енді ойланбастан-ақ жылыжайымды кеңейтуге кіріскелі отырмын. Сонымен бірге, жылыжайдың қыста да жұмыс істеуі үшін оның ішінде жылу жүйесін тартқызуды да ойластырудамын. Соған орай Үкіметтен несие алуға көмек сұрағалы отырмын,–дейді отағасы.
Біздіңше, осындай шағын жылыжайды әр отбасы салып
алса, қымбатшылық қайраңынан қысылмай-ақ шығар еді. Оған Шайзаданың шағын кәсіпкерлікті игерудегі алғашқы қадамы-ақ айқын көз жеткізіп отыр.

Амангелді Жанахмет
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button