Руханият

ШАЙЫРЛАРДЫ ШЫҢДАЙТЫН ШЕБЕРХАНА

 Адамзат баласына ортақ өнер түрлерін «ән, би, кино, спорт, сурет салу, қол шеберлері, тағысын тағы…» деп санамалайтын болсақ, ұзын-ырғасы, әй бір, 100-ге жетіп жығылар. Мейлі, асып та кетсін. Айтайық дегеніміз, жұмыр жердің бетіндегі қазақтан басқа бірде-бір халықтың еншісіне бұйырмаған екі өнер бар. Оның бірі – күй өнері болса, екіншісі – айтыс. Бүгінгі айтпағымыз, кім көрінгенге жалынан сипата қоймайтын айтыс өнері хақында.

Қазір әр өңірде үлкенді-кішілі айтыс ақындарының мектептері бар. Бір қызығы, осы мектептердің қайсыбіреулері жылдар өте келе өз-өзінен қалыптасып, өзіндік мәнерін айқындап, мықты шәкірттер тәрбиелеп жалпақ жұртқа танымал болып жатса, қайсыбіреулері жергілікті басшылықтардың, мәдениет бөлімдерінің қалауымен, солардың қаржылай қолдауымен, яғни, уақыт талабымен  ашылып, бүгінгі таңда өз жұмыстарын жүргізіп келеді.

Уақыт талабымен дүниеге келіп, ширек ғасырдан бері шама-шарқынша шәкірт тәрбиелеп, халыққа қызмет етіп жатқан мектептің бірі – Семейдегі ақындар орталығы.

«Осы мектеп кімнің ұсынысымен, қалай дүниеге келді? Ол мектептен кімдер тәлім-тәрбие алды, болашақ жоспарлары қандай?» деген сауалдарға жауап алу үшін, бүгінгі ақындар мектебінің жетекшісі, бір кездері Семей облысының намысын қорғап, талай-талай айтыс аламанында оза шауып, олжа салған ақын Дәмеш Омарбаеваға жолығып, сөзге тартқанбыз.

 

Бұл мектеп пайда болған өр намыстан

– Иә, бұл мектебіміздің шаңырақ көтергеніне де ширек ғасыр болып қапты. Зымыраған уақыт-ай, десеңші! – деп бастады әңгімесін ақын әпкеміз. – Қазақта «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген сөз бар. Бұл мектеп – намыстан пайда болған мектеп.

– Түсіндіріп айта кетсеңіз, ол не қылған намыс?

– 1995 жылы адамзаттың ойшылы атанған, ақын бабамыз Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өткендігі бүкіл жұртқа мәлім. Мереке бағдарламасындағы ақындар айтысының іріктеу туры Қарауылда болатын негізгі тойдан екі ай бұрын Семей қаласында өткен болатын. Міне, осы іріктеуде сол кездегі Семей облысының атынан бәсекеге түскен (арасында мен де бармын) төрт ақынның төртеуі де финалға өтпей қалдық. Дайындығымыз нашар болды ма болмаса келген ақындар мықты болды ма, білмедім? Қазылар алқасының құрамында семейлік бірнеше адамның отырғандығына қарамастан Қарауылда өтетін ұлы Абайдың айтысында той иесінің өз елінен бір ақынның шықпай қалуы масқара болды. Бұл – бүкіл Семей халқының намысына тиген оқиға болды. Олай дейтінім, ол уақытта  бүгінгідей интернет, әлеуметтік желі дегендер болмаса да, сол кездегі халықтың, әсіресе семейліктердің аузында осы бір «Әттеген-ай!» деген әңгіме ұзақ талқыланды. Тіпті, той өткеннен кейін де, өнер жанашырларының бас қосқан жерлерінде айтылып қап жүрді…

– Өзіңіз қандай ой түйдіңіз, сол жолғы сәтсіздіктен?

– Маған ең алдымен «Семей облысында ақындардың дәстүрлі мектебі жоқ екен-ау! Бойында азғантай болса да өнері бар ақындардың өздері, әр жерде шілдің боғындай боп шашылып жүр екен ғой» деген ой келді. Сосын бір сәт «Неге Семейден бір өнер орталығын ашпасқа, сөйтіп, бірі ойда, бірі тойда жүрген ақындардың басын неге қоспасқа?!» деген де ой келді.

Сөйтіп жүргенде, 1995 жылдың соңына қарай сол кездегі облыс басшылығы тарапынан «Семейден ақындар мектебін ашсақ» деген ұсыныс түсті.

– Ол кезде сіз қалада тұрып жатыр ма едіңіз?

– Жоқ, мен ол кезде ауылдамын. Бұл өзі, нағыз іздегенге, сұраған бола кетті. Осылайша, ойламаған жерден қалаға көшіп кеп, осы мектептің жұмысын нөлден бастауға тура келді. Қиындықсыз ештеңе келмейді ғой. Алғашқы кезде қиыншылықтар болды, әрине. «Үй жоқ, күй жоқ, айлық аз..,» дегендей… Қаладағы 50-ге жуық мектепті, жоғары оқу орындарын табанымнан таусылып жүріп жаяу-жалпы аралаймын. Солардың басшыларымен жолығып, өнерге, өлеңге қабілеті бар оқушылармен кездесу ұйымдастырып берулерін өтінемін.

Адам – алдына бір мақсат, жоспар қойып, «Соны жүзеге асырамын!» деп ерінбей-жалықпай еңбектенсе, түптің-түбінде бір нәтиже шығады екен. Көзім соған жетті.

– Сонда, оқушылар мен студенттердің арасынан бірыңғай айтыскер ақындарды іздейсіз бе?

– Әуелде солай жоспарлаған едік. Кейін ақылдаса келе «Біз тек  айтыс ақындарымен шектеліп қалмайық», деп жазба поэзиямен айналысатын ақындарды да, ұлттық өнерге жақын домбырашы, әнші-термешілерді де орталығымызға шақырдық. Содан бергі аралықта осы шаңырақтың есігін ашып, табалдырығын аттаған шәкірттеріміздің ұзын саны 160-қа жетіпті.

 

«Болам деген баланың, бетінен қақпа, белін бу…»

 

– Осы орталықтың тәлім-тәрбиесін көріп, кейін көпшілікке танымал болған қандай шәкірттеріңізді атап айта аласыз?

– Бәрі бір күнде бола қалмайды ғой. Төрт-бес жылда оқушыларымыздың алды мектеп бітіретін, студенттеріміз оқуларын тамамдайтын жасқа келіп қалды. Мұнда келген балалардың барлығының ақын боп, өнерпаз боп кетуі міндетті де емес. Олардың арасында өнер жолын қуғандары да, оқыған мамандығы бойынша қызмет етіп жүргендері де бар. Осы орталықтан тәлім көрген деп, қазақ айтыс өнерінің туын көтеріп жүрген Әсем Ережеқызын, Ринат Заитовты, Сара Тоқтамысова мен Қарлығаш Әубәкірова, Нұржан Өмірбаевты және тағы да басқа түлектерімізді мақтанышпен айта аламын.

– Сонда бұл жерде штаттық кестемен жалақы алып жұмыс істеп отырған өзіңіз ғанасыз ба?

– Қазіргі күні мұнда екі штаттық кесте бар. Бірі айтыскер ақындар бөлімі болса, екіншісі жазба поэзия бөлімі. Мен айтыс бөліміне жетекшілік етсем, жазба поэзия бөлімін көпшілікке танымал айтыс ақыны, жазба поэзиямен де айналысатын бауырымыз Серік Молдабеков басқарып отыр.

– Орталықтың сабақ жүргізу тәртібі қалай, аптасына неше рет бас қосасыздар? Теория жағына көбірек көңіл бөлесіздер ме әлде практикаға ма?

– Аптасына екі күн оқушылар, екі күн студенттеріміз бас қосады. Біз теориядан гөрі практикалық сабақтарға басымдық беріп отырамыз. Алғаш келген оқушылар өте бұйығы, ұяң болады. Ондай балаларға алғашқы бетте айтатын өлеңінің мәтінін жазып та береміз. Мұндағы мақсатымыз «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» ұстанымы. Алғашында жазып бергеніңнің өзін кібіртіктеп айта алмайтындар, уақыт өте келе өздері өлең жазып, кейін келе-келе өлеңді суырыпсалып айтуға дейін жетеді. Кей күндері осы жерде қызды-қыздымен айтысып, белгіленген уақыттан ауытқып кететініміз де бар. Ондайда беттеріне су сепкендей боп әзер тоқтатып аламыз.

– Өзіңіз де айтыстың ыстығына күйіп, суығына тоңған ақындардың бірісіз, бүгінгі өткізіліп жүрген айтыстарға көзқарасыңыз қалай?

– Шынымды айтсам, көңілім толмайды. Неге десең, бүгінгі айтыс өзінің әу бастағы табиғи шынайылығынан алыстап, тіпті керек десеңіз ажырап кетті. Қазіргі ақындардың тірліктерін байқап та, естіп те жүрем. Оларды бір-екі ай бұрын алдын ала жұптап тастайды екен. Сосын олар бір-бірімен не айтып, не қоятындарын телефон арқылы бастан-аяқ келісіп, жазып-сызып ап айтысады екен. Бұл дегеніңіз масқара ғой. Бұл – залда отырған қарапайым халықты алдау. Баға беретін қазыларды, сол айтысты ұйымдастырушыларды, қала берді өзін-өзі алдау емес пе?

Біз баяғыда айтысқа шақырса, ешқандай дайындықсыз-ақ, домбырамызды ала сап жетіп баратынбыз. «Алла аузымызға сөз салса екен!» деп тілейтінбіз. Айтыс болған соң бірде алай, бірде былай боп жататынын да білеміз. Бірақ бастан-аяқ жаттағандарын сыдыртып айтып шығып, беттері бүлк етпей «миллиондап, мәшинелеп» бәйге алып жүрген бүгінгі айтыскерлер секілді бетсіздікке барып көргеніміз жоқ. Біз білетін айтыстың өзіндік психологиялық әдіс-тәсілдері бар болатын. Қай жағынан, қалай кеп айту, қарсыласыңның айтқандарына қалай деп ұтымды жауап беру керек. Қай сөзінен ұстап, артық кеткен жерлері болса жуып-шайып тігісін жатқыза сөйлеу деген секілді. Осының барлығы ақынның қиялының ұшқырлығы мен тапқырлығына байланысты. Қазіргі айтыстарды қарап отырсаң, бірыңғай толғау ма, арнау ма, әйтеуір ұзақ сонар бір бәле. Саясатты айтқан түр көрсетіп қоятындары бар. Оның жасанды екендігі көрер көзге көрініп тұрады. Бұл бетімен кете беретін болса, енді бір төрт-бес жылда айтыс өспейді, өшеді керісінше.

– Соңғы жылдары өткізіліп жүрген айтыстарға айтысқа мүлдем қатысы жоқ адамдардың қазылық етуіне не дейсіз?

– Айтысқа көлденең көк атты адамдардың баға беруіне түбегейлі қарсымын. Біз елге танымал актер, әнші, күйші азаматтарымыздың өнерін, жастары мен абырой атақтарын бір кісідей бағалаймыз. Бірақ айтысқа осы өнердің қыр-сырына қанық, оның ыстығына күйіп, суығына тоңа білген ардагерлер баға берсе деймін. Оның өзінде, өз шәкіртіне немесе жерлесіне, тамыр-танысына бүйрегі бұратындарды емес, әділдікті ту етіп көтерген адамдарды тағайындау керек.

Қысқаша айтқанда, әр істің басы-қасында сол саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби мамандары жүруі керек.

– Әңгімеңізге рақмет, еңбектеріңіз жемісті бола берсін!

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button