Шаңырақты шайқалтпау жайын сөз етті

Жарма ауданында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев бастаған жұмыс тобы Жастар және отбасы жылына орай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны болдырмау мәселесіне байланысты жиын өткізді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев бүгіндері отбасылардың ажырасу жайттары белең алып отырғандығы алаңдатарлық жағдай екендігін алға тартты. Бұл ретте тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына ерекше мән берілуі қажеттігін ескере отырып, қордаланған түйткілді мәселелерді ортаға салып, ашық диалогқа шақырды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев, ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталды.
«Жанұялық орталық» қоғамдық қорының психологы Арайлым Сембаева жұмыс тәжірибесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің жиі кездесетінін айтты. Көп жағдайда бұл жайтқа нәзік жандардың, балалардың тап болатынын атап көрсетті. Орталық отбасындағы мәселелерге араласа отырып, барынша шаңырақтың шайқалмауына ниетті екендіктерін алға тартты. Дегенмен кей жағдайларда білікті мамандардың күші жетпей, тәртіп сақшыларының араласуына тура келетін көрінеді. Дегенмен психологиялық қолдау, оңалту шаралары отбасындағы түсініспеушіліктің түйінін тарқатады екен.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова өзінің жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, жалпы бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті жерлердегі қоғамдық ұйымдарды да тарту қажеттігін мысалға келтірді. «Алтарес А» қоғамдық қорының директоры Виктор Дак жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық жағдайына тоқталды. Бүгіндері Жарма ауданының өзінде пробация қызметінде 29 жасқа дейінгі 11 жас тіркеуде тұр. Қор аудан мамандарымен бірлесіп, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тиісті шаралар ұйымдастыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Айжан Әкімбекова тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде балалардың зардап шегу жайты ауданда да орын алғандығын жасырмады. Көп жағдайда отбасы иелерінің алкогольге тәуелділігінен туындайды екен. Сол себепті жас өрендерге де психологиялық қолдау көрсетілуі тиіс екенін атап көрсетті.
Бұл ұсынысты Айдар Садырбаев ауданда жақсы жолға қойылған «Жасыл ел» бағдарламасын одан әрі дамытып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барынша аз қамтылған және көпбалалы жанұялардың балаларын еңбекпен қамту қажеттігін атап көрсетті.
Жарма аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің бастығы Ардақ Аңсабаев, аудандық білім бөлімінің өкілі Нұржамал Жанаева ұйымдастырылып отырған іс-шараның нәтижесінде қоғамда кездесетін келеңсіздіктің түйінін тарқатуға өзіндік ықла ызор болатындығын айтты.
Жиын соңы «Толағай» отбасылық сайысына ұласты. Жалпы, Жарма өңірінде жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын дәстүрлі жарыс бұл жолы облыстық деңгейде өтті. Яғни, Жарма ауданымен қатар, Ұлан, Глубокое, Зайсан аудандарынан жалпы саны жеті отбасы өзара сайысты. Жеті байқау шартынан сүрінбей өткен жармалық Әлімовтер отбасы жеңімпаз атанса, екінші орынды Ұлан ауданынан Тоқтаровтар әулеті, үшінші орынды Зайсан ауданынан Чикеновтер жанұясы еншіледі. Жарысқа қатысқан өзге де жанұялар назардан тыс қалмай, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.