Шағын несие жаңа іске құлшындырды
Қарабас – Бесқарағай өңіріндегі үш тірек ауылының бірі. Осы ауылда жұртқа үлгі болып жүрген ерлі-зайыпты кәсіпкерлер тұрады.
Отағасы Сағындық Жұмаділов өткен жылдың көктемінде ауыл орталығынан мал дәрігерлік емхана мен мал ұрықтандыратын қос ашып алған екен. Мұндай емхана – қос аудан бойынша біреу ғана. Сондықтан мал маманы болып табылатын Сәкеңнің бұл талабын құптамасқа болмайды. Әзірше бұл орын Қарабас және Өндіріс ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.
Сағындық тұрғындардың өтініші бойынша ауру малдарды емдейді. Соған орай дәрі-дәрмектері, тиісті құрал-жабдықтары жеткілікті. Іс нәтижесіз де емес. Мал аурулары сап тыйыла бастады. Айталық, көктемде мал арасында пайда болған бруцеллез ауруы тездетіп қолданылған емдік шараларының арқасында жойылған. Осы өңірде ірі қара малын шағылыстыру да осынау қоста жүзеге асырылуда.
Былтырғы маусым айында бұлар екі жарым миллион теңге шағын несиеге қол жеткізіпті. Бес жылға алынған бұл несиенің пайыздық төлемі де біршама төмен. Мұның өзі оларды жаңа бір іске құлшындыра түскен. Әзірге олар мұның пайыздық төлемін ғана төлеп отыр. Негізгі несиені бір жыл сегіз айдан кейін төлей бастайды.
Сөйтіп, бұлар әлгі қаржыға сегіз бас жылқы сатып алады. Барлық жылқы саны қазірде он үш басты құрап отыр. Өткен жылдан бастап бұл өңірде қымыз өндіріп, сатумен шұғылдана бастаған да осылар. Ал бұл игілікті шаруаға Сағындықтың жұбайы Гүлжан иелік етіп отыр. Бұлар былтыр да, биыл да күніне жиырма литр қымыз өндіріп отырған көрінеді. Соның әр литрін төрт жүз теңгеден сатып жатыр. Бие байлап, қымыз өндіру мехнатты жұмыс екендігін ескерсек, бұл қымбат баға емес. Тобылғымен жақсы ысталған қымыздары ауыл көлемінен асып, аудан орталығына дейін жеткізіліп жатады.
Гүлжан мен Сағындықтың тоғыз баланың, яғни, алты ұл мен төрт қыздың ата-анасы екендігін де сұрастыра келгенде естідік. Соның төртеуі өз алдарына жеке шаңырақ көтеріп үлгеріпті. Солардан бүгінгі күнге дейін бес немере сүйіп отыр.
Жастары келіп қалған шақта өз нәсіптерін бұл өңір үшін тың кәсіптен тауып отырған ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің бүгінгі тіршілігі, міне – осындай. Оларды басқаларға үлгі-өнеге етіп, сөз қозғап жатқанымыз да сондықтан.
Бесқарағай ауданы