Шағын несие шалғай ауылға дем берді

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында тұрғындарға беріліп жатқан шағын несие көлемін көбейту туралы Елбасының бастамасы ауыл тұрғындарын ерекше қуантып отыр. Тарбағатай өңірінің шалғай ауылдарында шағын несиенің игілігін көріп отырған жастар аз емес.
Ақсуат ауылындағы Бақытжан Жұматов өз ісін қатардағы құрылысшыдан бастаған болатын. «Тәуекел» деп кәсіпкерлікке кіріскен ол азғана уақыттың ішінде ауылдағы жиһаз өндірісінің алпауытына айналып үлгерді. Жас кәсіпкер өткен жылы аудандағы «Барқытбел-несие» серіктестігі арқылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, өз кәсібін дамытуға несие алды. Алты пайызбен 6 млн. теңге несие алған ол, өз үйінің ауласынан жиһаз цехын ашып, кәсібін өркендетуде.
Қазір оның жиһаздарына тапсырыс берушілер тек өзі тұрған ауылдан ғана емес, өзге өңірден де ағылып жатыр. Бақытжанның айтуына қарағанда, өзі бұл кәсіптің қыр-сырын ағасы Әлібектен үйреніпті. Әлібек Алматыдағы маңдайалды жиһаз өндірісі кәсіпорындарының бірі де, бірегейі саналатын «Экспорт-мебель» компаниясында аға шебер болып істеген екен. Тәжірибеден өтіп, ысылған маман туған ауылына қайта оралып, інісіне қолдау көрсетіп, бизнестерін дөңгелетіп отыр.
Бақытжан басқаратын шағын жиһаз цехы бұл күндері тапсырысты орындау үшін күн-түн дамылсыз жұмыс істеуде. Шағын цех қазірдің өзінде жиһаздың алты түрін жасайды және олардың барлығының құрылысы аса күрделі. Цехтар ас бөлменің, жатын бөлменің, қонақ бөлменің заманауи жиһаздарымен бірге, мектеп пен балабақша жиһаздары да өндіріледі. Сонымен қатар шағын цех есік, терезе, үстел, орындықтарды да жасайды. Бақытжанның айтуына қарағанда, биыл тапсырыс өткен жылғыдан екі есе көп болатын түрі бар. Өйткені биыл ауданда 600 орындық жаңа мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Оларға арналған жиһазды осы шағын кәсіпорын жасамақ.
– Аудандағы бірнеше мектеп жиһаздарын жаңаламақ, сондықтан қосымша жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Таяу күндері Семей қаласындағы «Про-мебель» кәсіпорнымен келісім жасап, тағы бірнеше соңғы үлгідегі станоктар аламыз, шикізатты да осы кәсіпорыннан келісімшартпен алып отырмыз, – дейді шағын цех иесі.
С.Садуанов, «Барқытбел-несие» ЖШС басшысы:
– Біздің аудан тұрғындарына Президенттің бес әлеуметтік бастамасының тигізер игі ықпалы көп болады деген ойдамыз. Аудандағы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың, ауылдағы Бақытжан сияқты жас кәсіпкерлердің алғашқы қадамын үнемі қолдап отырамыз. Биылғы жыл басынан бері несие алуға ниет білдірген жас жігіттердің саны екі есеге артты. 21 азамат несие алуға өтінім беріп отыр, бұл бұрын – соңды біздің ауданда болмаған. Бұл шалғай өңір үшін өте жақсы көрсеткіш. Болашақта Елбасының бес бастамасын жүзеге асыру мақсатында жас кәсіпкерлердің алатын несиелерінің 85 пайызын мемлекет кепілдендіретін болады.
Демек, шалғай ауылда кәсібін ашып, өз ортасына септігін тигізіп, ауыл әлеуетін арттыруға, қоғамның келбетін түзеуге Бақытжан сияқты азаматтардың үлесі зор болмақ.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.