Қоғам

Шағын кәсіпкерлік қанат жая түсті

Шағын кәсіпкерлік қанат жая түсті
Облысымызға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыстық кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлерімен кездесті.
Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының бірі – мемлекет тарапынан шағын несие беру екені белгілі. Соған орай төртінші бастаманың аймақта қалай іске асырылып жатқанымен танысу үшін ол облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, ол жерде кәсіпкерлермен емен-жарқын әңгіме өткізді, Президент бастамасының маңызына жиналғандар назарын аударды.
Облыстық палатаның директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, биыл 500-ден астам кәсіпкер «Бастау-бизнес» жобасына қатысып, өз кәсіптерін ашқан. Биыл тағы 2700 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланып отыр. Бүгінде өңір бойынша шағын несиені көбейту үшін қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінген. Ал қаржыландырудың жалпы көлемі 4,9 млрд. теңгені құрап, нәтижесінде 377 адам шағын несиеге қол жеткізген. Жобалардың 85 пайызы мал шаруашылығына қатысты болса, қалған 15 пайызы қызмет көрсету саласын қамтиды. Яғни, дәмхана, көлік жөндеу бекетін, наубайхана ашқандар да аз емес. Сондай-ақ кәсіп ашуға ниетті жастардың қатары да артып келе жатқан көрінеді.
Жобаға қатысушылардың бірі – көкпектілік кәсіпкер Асқар Қажығалиев. Ол былтыр кәсіпкерлікті оқып, 9 млн теңге несие алған. Бүгінде Көкжыра ауылында сүт өңдейтін цех ашып, сегіз түрлі өнім шығарады. Аудан орталығында дүкен істеп тұр.
– Күніне тоннаға жуық сүт жинап, өңдейміз. Бір жылдың ішінде 10 млн. теңгеден астам қаржының өнімін өндірдік. Жартысы еңбекақы болса, қалғаны керегімізге жұмсалды. Үш жұмыс орнын аштық. Енді сол дайын өнімді аудандағы мектептер мен балабақшаларға да өткізсек, соған рұқсат алсақ, өнім көлемін арттырсақ деймін. Оған цехтың жұмыс қуаты жеткілікті, – дейді Асқар Қажығалиев. Оның өтініші оң шешімін табатын болды.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып берді. Соның ішінде кәсіпкерлерге сатылатын, жалға берілетін бос жер телімдері жөнінде үйден шықпай-ақ, бір дереккөзден толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін онлайн түрде ұлттық бірыңғай геоақпараттық қызмет көрсететін порталдың жұмысын түсіндірді. Портал барлық қолданушыға қолжетімді болмақ.
– Бүгін Шығыс Қазақстанға келген сапарымда Елбасының бес әлеуметтік бастамасының аясындағы шағын және орта бизнесті шағын несиелеу табысты жүргізіліп жатқанына, нақты нәтижелерге куә болдым. Облыс басшылығы кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Президент шешімімен бұл үшін 20 млрд теңге бөлінген. Оның бір бөлігі сіздердің өңірге беріледі. Сондықтан несие беруді ары қарай да жалғастыра беру керек. «Нұр Отан» партиясы бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бастан-аяқ қадағалайды. Өңірлерде несие алуда қандай да бір мәселелер туындап жатса, оны облыстық әкімдікпен, мемлекеттік органдармен, үкіметпен бірлесіп шешетін боламыз, – деді партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button