Шағын көлдер қауіп төндіріп тұр

Бесқарағайда 70 жыл бойы сыр бермеген шағын көлдер аудан орталығына қауіп төндіріп тұр. Халық арасында бұл көлшіктерге – Куликов және Камышанское (Қамыстыкөл) деген атаулар берілген екен. Әсіресе биыл қарағайлы өңірге оңай болмайтын сыңайлы. Себебі, судың деңгейі күрт көтеріліп, елді мекенді су алуы мүмкін.
Десе де жергілікті атқамінерлерде құр отырған жоқ. Тасқынды болдырмау үшін шұғыл әрекет жасағы құрылып, әкімдік су сорғылайтын бем қондырғы сатып алыпты. Бүгінде 20 мыңнан аса текше метр су сорылған. Бұған қоса ауылдың шетіне топырақ пен қиыршық тас төгіліп, құм салынған қапшықтардан бөгет салынды. Көктемгі су тасқыны кезеңіне аудан әкімдігі қыстан бері дайындалған. Сол уақыттан бастап, тұрғындарға ескерту жұмыстары да жүргізілді дейді әкімдіктегілер. Ерте қабылданған шаралардың арқасында бірде-бір үйді әзірге су алмаған. Әйтсе де қора-қопсы мен жерқоймаларға зардап тиген көрінеді. Кейбір тұрғындар баспаналарым дым тартты дейді. Былтыр да бұл жағдай бесқарағайлықтарды мазалапты. Ол кезде қызыл су үйлерге жайылып, төтенше жағдай жариялауға тура келген. Биыл мұндай факті орын алмады. Сол сияқты геодезист мамандардың көмегімен ең биік және төмен учаскелер анықталып отыр. Осы арқылы 1700 метр қашықтықты құрайтын арық қазылып, оның бойымен суды төменге қарай ағызу көзделген. Осылайша, қауіптің бетін сейілтпек.
– Біз облыстық әкімдікке гидрологиялық барлау жұмыстары жүргізілу керектігін айттық. Өтініш те берілді. Соның нәтижесінде қандай амалдар қабылдайтынымыз белгілі болмақ. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында бір үйді де су баспады, залал тиген жоқ. Бірақта қауіптің бар екенін жасырмаймыз. Әр үйді аралап жүрміз. Жерқоймалары суға лық толы баспаналар жоқ емес, – деген аудан әкімі Дәулет Батырбаев аталмыш мәселе жіті бақылауда екендігін тілге тиек етті.

Аталмыш шағын көлдердің ұлғаюы жөнінде түрлі болжамдар айтылып келеді. Жергілікті халық оның түбінде бұлақ көзі бар екенін алға тартып отыр. Су құбырын тарту жұмыстары оның таралуына себеп болуы мүмкін дейді бесқарағайлықтар. Сол секілді Шүлбі СЭС-нен жіберілетін судың мөлшеріде бұған әсер етуі ықтимал деген жорамал бар.
– Су тасқынына қарсы жасалған облыстық жоспарға түзетулер енгізілді. Осыған байланысты тасқынның алдын алуға бағытталған сегіз іс-шараны әзірледік. Оны бекіту үшін облыстық әкімдікке жібердік. Сол бойынша гидротехнологтар келіп, бұл судың қайдан шығатынын анықтайтын болады. Содан кейін ғана барып, қорытынды шығармақпыз, – деді аудан әкімі аппараты ұйымдастыру және инспекторлық бөлімінің жетекшісі Руслан Заденов.
Жақсылық Мұратқали
Бесқарағай ауданы.