Шағын ГЭС жасап шығарды
Шығысқазақстандық өнертапқыш Несіпхан Ғалымжанов бір ауылды түгелдей жарықпен қамтамасыз ететін тоғансыз шағын гидроэлектр стансасын жасап шығарды.
Судың ағыс күшінен электр энергиясын өндіретін қондырғы сағатына 200 киловатт жарық таратуға қауқарлы. Несіпхан Ғалымжановтың айтуынша, биіктігі бір, ені төрт метр, жұмыс моделінің диаметрі алты метрді құрайтын дөңгелек пішіндес гидроқұрылғыны өндіріске енгізу үшін 25 миллион теңге қажет.
– Жобаның сызбасын әзірлеген соң су ағысының жылдамдығына сәйкес қанша қуат көзін шығаратынын есептедім. Негізі, бұл гидроқұрылғы сағатына 600 киловатқа дейін қуат көзін өндіре алады. Алайда, бұған қаржы жағы қолбайлау болып отыр. Қазір шағын ГЭС-тің қуаттылығы тіпті, Өскемен қаласын жарықтандыруға да жетеді. Егер гидроқұрылғыны Өскеменнен Шүлбі ГЭС-не дейінгі әрбір 100 метр сайын орнататын болса, бұл облысымыздағы электр энергиясы мәселесін шешуге септігін тигізер еді. Менің жобамды республикалық жаңашылдар байқауында қазылар алқасы жоғары бағалап, төрт миллион теңгенің грантын тапсырған болатын, – дейді Несіпхан Ғалымжанов.
Айтпақшы, өнертапқыштың гидроқұрылғысы секундына екі метр жылдамдықпен ағатын кез келген өзенде іске қосылады. Су астында ескектің көмегімен бағыт алатын қондырғы өзінің дөңгелегіне барынша күш түсіру арқылы пайдалы әсер коэффициентін 20 пайызға арттырып, соның есебінен жарық тарата бастайды екен. Осы орайда, табиғаттың флора-фаунасына ешқандай зиянын тигізбейтін аталмыш гидроқұрылғыны жасау үшін аса қымбат материалдардың қолданылмайтынын атап өткен жөн.
– Электр тапшылығынан арылу үшін өзен ағысының энергетикалық мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Менің жасап шығарған қондырғым кішкентай болғандықтан, су ағысына мүлдем кедергі жасамайды. Аймақтағы энергетикалық компания мамандарының айтуынша, қазіргі күні біздің облысымыздағы электр энергиясын тасымалдайтын жалпы құрылғылардың 76 пайызы тозып тұр. Соның салдарынан біздің өңірде жарық жиі өшеді. Тіпті, трансформаторлық қосалқы стансалар істен шыққан кезде, оны жөндеу жұмыстарына біршама уақыт жұмсалады. Сондықтан облысымыздағы электр энергиясы мәселесін түбегейлі шешу үшін табиғи ресурстарды пайдаланған жөн. Себебі, электр желілерін қайтадан жаңарту жұмыстарына миллиардтаған қаржы жұмсағанша, табиғат көздерін пайдаланғанымыз әлдеқайда тиімдірек, – дейді Несіпхан Ғалымжанов.
Ажар САҒАТБЕКОВА