Қоғам

Шағын ауылдың шырағын сөндірмей отыр

Шағын ауылдың шырағын сөндірмей отыр


Қайыңды ауылы Катонқарағайдан 150 шақырым шалғайда орналасқан. Кезінде 300 отбасы тұрған ауылда бүгінгі күні 60 шақты ғана түтін қалыпты. Қазір ауылдағылар «мектеп жабылмаса екен» деп тілейді. Өйткені мектеп жабылса, шағын ауылдың да шырағының сөнетінін олар жақсы біледі.

Қайыңды орта мектебінің директоры Салтанат Амисолтанованың да сары уайымы осы. Өйткені, қазір кез келген шалғайдағы ауылдың тірегі – мектеп болып тұрғаны даусыз. Мектебі жоқ ауылдың келешегі де жоқ. Мектеп жабылса, ауылдан да береке кетеді. Ауыл адамдары баласын оқыту үшін қалаға немесе аудан орталығына үдере көшеді. Олай болса, мектепті сақтап қалу – ауылды сақтап қалу деген сөз. Осы орайда Қайыңды ауылындағы мектепті сақтап қалу үшін Салтанат Амисолтанова қажыр-қайратын аяп қалып отырған жоқ. Кезінде дүрілдеген мектепте қазір 31 ғана оқушы білім алады екен. Мектепте бала саны көбейсе, ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш.

Қайбір жылы Салтанат осы мектептегі бала саны кеміп қалмас үшін көрші Жамбыл ауылынан және Алматы облысынан көпбалалы төрт отбасының көшіп келуіне ұйытқы болды. Қаңырап қалған бос үйлерді ауыл адамдары болып жөндеп, көшіп келген төрт отбасының алдына мал салып беріп, тұрмысының түзелуіне ықпал еткенін бүгінде бұл ауылдың адамдары жырдай қылып айтады.

– Жалпы, қол-аяғы бүтін, бойында күш-қуаты бар адамға ауылда тұру қиын емес қой. Мал бағып, құс өсірсең де, аштан өліп, көштен қалмайсың. Ауылды сүйсең, ауылды жақсы көрсең, ауыл да барын аямайды. «Еңбек етсең, емерсің» дегендей, ауыл тіршілігі бар адамға қолайлы, – дейді Салтанаттың өзі.
Бірақ бүгінгі жастардың ауылда тұрғысы жоқ. Барлығы қалада қалғысы келеді. Қала дегеніңіз құшағын ашса жақсы ғой. Қалада баспанаға қол жеткізіп, аяқтан тұрғанша, талай уақыттың зымырап өтіп кететіні сөзсіз. Бүгінде Қайыңды ауылында оннан астам жас отбасы бар екенін де Салтанат ерекше бір қуанышпен айтады. Осының өзі көңілге демеу. Ауылдың ертеңі де осы жас отбасылардың қолында. Салтанат оларға ақыл-кеңесін үнемі айтып отырады, үнемі еңбекті сүюге үндеп, жігерлендіріп отырады.

Салтанаттың өзі негізінен Күршім ауданындағы Алғабас ауылының қызы екен. 1989 жылы Өскемен педагогикалық институтын орыс тілі пәні мұғалімі бойынша бітірген ол, 2001 жылы қазақ тілі бойынша да мамандық алып шығыпты. 2001-2008 жылдар аралығында осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болса, 2008 жылдан бері қарай мектеп директоры болып еңбек етіп келеді. Өзі осы Қайыңды ауылының келіні. Жолдасы Асқар да мұғалім.

– Әрине, әйел адамға директор болу оңай емес. Әсіресе ауылдық жерде қиындау. Үйдің жұмысымен бірге, түздегі жұмыс та күш-қуатты қажет етеді. Бірақ өз жұмысыңды жақсы көріп істесең, бәрін жеңетініңе көзім анық жетті, – дейді ол. Бір жағынан, Салтанаттың ісінің ілгері жылжуына жолдасы Асқар да көп қолдау көрсетіп отырады екен. Өзі мұғалім болғандықтан болар, жарының иығындағы жүктің қандай ауыр екенін Асқар жақсы түсінеді.

2008 жылдан бері «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауылда «Түлектер күні» мерекесі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Еліміздің түкпір – түкпірінде еңбек етіп жатқан түлектер ұшқан ұяларын аңсап, сағынып келеді. Мұның өзі ауыл адамдарының болашаққа деген сенімдерін арттырып, көңілдеріне үміт сыйлайды. Бүгінде Қайыңды мектебінде су құбырлары жүргізіліп, ұялы телефон желісі де жұмыс істеп тұр.

Шағын ауылдың шырағын сөндірмей отыр

Мектеп түлектерімен Салтанат Амисолтанова үнемі тығыз байланыста. Ауыл тұрғындарымен қатар мектептің бұрынғы түлектері де өз ауылдарын көркейтуге үлес қосуда. Мысалы, Сералиевтер отбасының ауылға көшіп келуіне бұрынғы мектеп түлектері, қазір Өскемен қаласында тұратын жеке кәсіпкерлер Қ. Жылқышин мен А. Азылханов үлкен көмек көрсетіпті. Мектептің алдындағы «Қар барысы» мүсіні де түлектер сыйы. Мектеп жаңа заман талабына сай безендірілген. Мектеп ішінен ашылған «Өлкетану» мұражайынан ауыл өмірі, ауыл тұрғындары жайлы көп мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ мектепке ауылдық кеңес депутаты Д.Зағыпыранұлы, ауылдық округ әкімі С.Әлпешұлы да қолынан келген көмегін аямайды.

Әріптестері Ұлы Жеңістің 70 жылдық тойын мерекелеуде Салтанаттың үлкен іс атқарғанын да ерекше мақтанышпен айтады. Сол кезде клуб үйінің алдына соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткендерге арналған ескерткіш тақтаның орнатылғаны осы Салтанаттың арқасы. Тақтаға 283 адамның есімі қашалып жазылыпты. Бүгінде еліміздің әр түкпіріне көшіп кеткен бұрынғы ауыл тұрғындары келіп, өмірден озған ата-бабаларына арнап хатым түсіріп жатқандары да бар.

Салтанаттың қолға алған шаруаларына мектеп ұжымы да үнемі ұйымшылдықпен көмектесіп отырады. Бүгінде мектепте 12 мұғалім бар болса, оның екеуі – жоғары санатты, алтауы – І санатты ұстаздар. Сонымен қатар жас кадрлардың ауылда тұрақтап, жұмыс істеуіне де Салтанат үнемі көңіл бөліп, жағдай жасауға тырысады. Мектептегі жағдайы нашар отбасылар балаларының тегін тамақтануы үшін демеушілермен жұмыс істеу де оның мойнында.

Жаңажылдық шырша мерекесінде мектептің бұрынғы түлектері оқушыларға тәттілер мен сыйлықтар тарту етуді дәстүрге айналдырыпты. Биыл да М.Абыханов, М.Ошақбаев, Қ.Чалабаев сынды жомарт азаматтар оқушыларға сыйлықтар тарту етіпті. Жыл сайын дәстүрлі түрде жасалатын жаңажылдық әртүрлі қар мүсіндері де оқушыларға ерекше қуаныш сыйлайды.

Салтанат Амисолтанова аудандық оқу бөлімі грамоталары мен алғыс хаттарының иегері. Ол 2017 жылы ауданның Құрмет грамотасымен марапатталыпты.
«Оқушылардың сапалы білім алуына отбасындағы тұрмыстың ықпалы көп» деп есептейтін мектеп директоры ата-аналардың да тұрмыс жағдайларын назардан тыс қалдырмайды. Жағдайы жоқ отбасылардың отынмен қамтамасыз етілуін ұдайы қадағалап отырады.

– Әр адам ең алдымен, өзінің туған ауылын жақсы көруі керек. Туған ауылын жақсы көрген адам Отаны үшін де барын береді, – дейді Салтанат.
Ол – ардақты ана, асыл әже. Үш бала тәрбиелеп өсірген Салтанат пен Асқардың бүгінде үш немересі бар.

– Бақыттымын. Еңбектері жанып, жетістікке жеткен шәкірттерімді көрген сайын сол бақытым еселене түседі. Мен шәкірттеріммен мақтанамын, – дейді ол жымиып.

Бәлкім, қарапайым ұстаз бақыты деген де осы болар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button