Қоғам

Шағын ауылдың проблемасы назардан тыс қалмайды

Шағын  ауылдың   проблемасы  назардан тыс қалмайды


Аудан әкімі Д.Оразбаев шалғай мекеннің бірі- Кіндіктіге келіп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Бұл ауылдық округте өткен жылы 900-ге жетер-жетпес түтін болса, биыл 750-ге дейін азайыпты. Мұның бірнеше факторы бар, аудан орталығынан алыс орналасқандықтан, шағын және орта бизнесі аса дамымаған. Негізгі бағыт мал болғанымен, бұл шаруаның да мандымай тұрған жайы бар. Мал өсіруге климаттық жағдайдың кері әсері көп, бұл жақтың қысы қытымыр, бораннан көз ашпайды. Оның үстіне ауыл әкімдігі де басым бағыттағы бағдарламаларды дұрыс пайдаланбаған. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасымен өткен жылы шаруашылықтар 45 млн. теңге несие алса, биыл одан екі есе аз алған. Біраз уақыт Кіндікті ауылында әкім болмапты.

А ақсақалы Қ.Байғалиевтың айтуынша, ауылда осы жылдарда тұрғын үй салынбаған. Кіндікті ауылының 80 пайызға жуық тұрғындарының үйлері әлі күні жекешеленбеген, себебі, ауыл тұрғындарының 50 пайызы зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасылар, құжат рәсімдеуге жағдайлары жоқ. Ауылдық округтен 25 шақырым жерден кездесуге арнайы келген көпбалалы ана Аманғайша Малғаждарова алдымен жол мәселесін алға тартты.
Өзі тұратын «Шаң» ауылынына қыс кезінде апталап жол аршылмайды, ұзақ уақыт тазаланбай жатады, «жедел жәрдем» жете алмайды, байланыс болса өте нашар, дәрі-дәрмек мәселесі қат болып тұр, бар болған күнде өте қымбат, ауыл орталығында дәріхана жоқ. 150 шақырым жердегі аудан орталығына сабылуға тура келеді. Көпбалалы ананың тағы бір көтерген мәселесі ауылдағы жұмыссыздық болды. Аудан әкімі көп балалы ананың өтініші толықтай орындалатынын айтып, жол мәселесінің көптен көкейде жүргенін және биылғы қыста аталған шағын ауылдар, Шаң және Армандастар елді мекендері қыс бойы қардан таза болатынын, ал жұмысқа жергілікті мамандардың бос орынға орналасуын қатаң қадағалайтынын, аталған сауалдардың таяу күндерде оң шешілетініне уәде берді. Шалғай ауылдың соңғы екі жылда бас қатырған тағы бір мәселесі осы отырыста шешімін тапты. Алдымен ауылдағы тұтынып отырған ауыз судың тым қымбаттығы сөз болған еді, мәселен өткен жылдар судың бір текше метрі 216 теңге болса ал алдағы жылы 40 теңге болатын болды. Тағы бір түйткіл – ауылдағы амбулаториядағы дәрі-дәрмектің тегін берілетін түрлерінің нақты түсіндірілмеуі және оны ала алмайтындықтары. Жалпы, ауданның 55 елді мекенінде жол мәселесі толықтай шешілген болатын, енді міне, шешімін таппаған шалғай ауылдың жолы мен тұрғындардың әлеуметтік сауалдары да аудан басшысының назарынан тыс қалмайтын болды.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button