Шағын ауылға сүйеніш болып жүр

Марқа өңірінің шалғай бір шетінде томаға-түйық тірлік кешіп жатқан Игілік ауылына барғанымызда, осындағы барша тіршілікке белсене араласып, қажетті жерде сөз тізгінін де ұстап жүрген келбетті де бойшаң ақсары жігіттің назарымызды аударғаны шындық болатын.
Таныса келе, оның осы ауылдың төл тумасы, ел-жұрттың сенім артқан арқалы азаматтарының бірі екендігін ұғындық. Сондай-ақ, оның осы шағын ауылға сүйеніш болып жүрген кәсіпкерлігінен де хабардар болдық. Осыдан кейін әлгі жігітті бірер ауыз сөзге тартқанды жөн көрген едік.
– Балаларымыздың бәрі қалада, – деп бастады әңгімесін кәсіпкер Айдарбек Жаниязов. – Кейбіреулер «жағдайларың бар, қалаға неге көшіп кетпейсіңдер?» деген сауал қойып жатады. Мен неге көшіп кетуге тиіспін? Бәріміз ауып кетсек, ауылда кім қалмақ? Кейбіреуге қаланың абыр-сабыр өмірі, шулы тірлігі ұнайтын шығар. Ал мен үшін осы желі құм суырған, аптабы апшыны қуырған туған ауылымнан артық жер жоқ. Біздің ауылдың несі олқы? Іргеде Қара Ертіс ағып жатыр, оның жағасы қалың шалғын, тоғайы – ну. Демек, отын-шөбіміз іргемізде. Тіпті, кейбір алыстағы ауылдардың өздері шөпті қона жатып, біздің маңайымыздан даярлайды. Талайға арман болған Ертістің балығын айтсақ, ол да – жанымызда. Ерінбеген адамға бұл жерде кәсіп жеткілікті.
Айдарбек «Молшылық» атты дүкен ашып, ауылдастарын күнделікті қажетті тауарлардың барлық түрімен дерлік қамтамасыз етіп отыр. Бұл салада оның зайыбы Айтолқынның іскерлік танытып келе жатқаны шындық. «Кішкентай ғана дүңгіршек болар» деген оймен бас сұққанымызда, әлгі пікіріміздің күрт өзгергені де рас. Дүкен бізді кеңдігімен әрі сатылатын тауар, азық-түлігінің молдығымен де таңырқатты. Әр заттың өз орнын тауып, сөреге өзгеше бір талғаммен қойылғаны да анық байқалып тұр.
– Азық-түлікті Зайсаннан тасымалдаймыз, – дейді Айтолқын сәл жымия сөйлеп. – Ал киім-кешекті өзім арнайы барып, Алматыдан әкелемін. Ауылдастарға қажетті дүниені тұрғындармен ақылдаса отырып жеткізіп тұрамыз, соның нәтижесінде олар да разы, біздің кәсібіміз де жемісті.
Осы арада отағасы сөзге араласып, бұл тірлікті алғаш бастаған кездегі ауыртпалықтарды еске салып өтті. 1996 жылы басқа көліктері болмағандықтан, Айдарбек екі ат-шанамен мұздан өтіп, Ақаралға барады екен. Ол жерден такси жалдап, Зайсанға жетеді. Сатып алған азық-түлікті Ақаралға әкеліп, шанаға тиейді де, мұзды кесіп өтіп, ауылды бетке алады. Ал аязда, боранда көрген тауқыметтері айтпаса да түсінікті еді.
– Біраз тиын-тебеннің басы құралған соң, төртінші маркалы «Жигули» көлігін сатып алып, қолымыз біраз ұзарып қалды, – дейді Айдарбек Жүнісбекұлы. – Қазір бір УАЗ (таблетка), бір жаңа ВАЗ-ымыз бар. Керекті заттарды солармен жеткізіп отырамыз.
Саудамен қатар Жаниязовтар мал өсіруді де жолға қоя бастаған екен. Қазір шаруашылықта елуден астам ірі қара, он жылқы бар. Келешекте осы түліктерді молайтып, тұқымын асылдандыру жоспарланып отыр. Біз іскер азаматтың бұл жобаны да ойдағыдай жүзеге асырарына шүбә келтірген жоқпыз.
Берекелі отбасында төрт бала өсіп, тәрбиеленіп жатыр. Егіз қыз Айдана мен Гүлдананың бірі Еуразия университетін бітіріп, қазір Астанадағы «Қазақ қызы» институтында директордың орынбасары болып қызмет істеп жүрсе, екіншісі сол қаладағы медицина академиясын тәмамдап отыр. Ал Өскемендегі физика-математика лицейінде оқып жатқан Серәлі, Нұрәлі атты екі ұлдың бірі 11-ші, екіншісі 9-шы сыныпқа барғалы отыр. Осы жеткіншектердің барлығы да талапты, тәрбиелі болып өсіп, ата-аналарын әрдайым қуанышқа кенелтумен келеді.
– «Әркімнің өз туған жері – Мысыр шаһары», – дейді Айдарбек. – Өз басым «ешқайда да кетпеймін» деген ойға қалтқысыз бекіп отырмын. Ата-анамның өмір сүрген, мәңгілік тыным тапқан жері де – осы ауыл. Ақар-шақар қарапайым отбасында 11 бала – жеті ұл, төрт қыз өсіп-жеттік. Бүгінде олардың тоғызы аман-сау, ұлдың төртеуі осы Игілікте тірлік кешіп жатырмыз. Бүгінде ауыл тұрмысы жақсарды, келешекке деген сенім де нығайды. Ендеше, сол сенімді одан әрі нықтап, жүзеге асыратын кім? Әрине, біз! Сондықтан туған жерден, өскен елден алшақтамауға тиіспіз.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.