Шағымдар оң шешімін тапты

Облыс әкімі Даниал Ахметов «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қаралған мәселелердің дені оң шешім тапты.
Семей қаласынан келген бес баланың анасы Меруерт Аймұратоваға осы жылдың басында Үржар ауданының әкімдігі үй алып берген. Алайда бір баласының псориаз дертіне шалдығып, үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы қажет болған соң, көпбалалы отбасы үйді Семей қаласынан алуды жөн көрген. Сәуір айында Үржар аудандық әкімдігі қайырымдылық ретінде бөлген қаржыға қаланың шетінен үй алған Аймұратовтар отбасы әлі күнге дейін оның құжаттарын заңдастыра алмай жүр. Оған банктегі несие қарызы кедергі. Меруерт Аймұратова облыс әкімінің жеке қабылдауында үйді заңдастыру мәселесін шешіп беруді өтінді. Сондай-ақ көпбалалы ананың арызы барысында мәлім болғандай, Семей қаласына жаңадан көшіп барған олар тегін мектеп формасының тізіміне де тұрып үлгермеген. Науқас отағасының тапқан азын-аулақ табысы дертке шалдыққан баласының дәрі-дәрмегінен аспайтын болып шықты. Меруерт Аймұратованың шағымын тыңдаған аймақ басшысы Семей қаласы әкімдігіне үйді заңдастыруға қол ұшын созуды ғана емес, тегін мектеп формасы мәселесін шешуді де тапсырды. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасына дертке шалдыққан ұлының ем-домын бақылауға алу жөнінде нұсқаулық берді. Жарма ауданынан келген көпбалалы әке Қанатбек Жапаров та тұрғын үй мәселесін көтерді. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша аудандық әкімдік жақын арада арызданушы Қ.Жапаровқа қажетті көмек көрсететін болды.
Ал Семей тұрғыны Гүлнар Байзулдинова облыстық психиатриялық бөлімнің жұмысына арызданды. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің бірінде қызмет етіп жүрген Олжас Байзулдинов кенеттен науқастанып, әскер қатарынан шығарылған болатын. Қызметтен шектетілген ол депрессияға түскендіктен, ата-анасы Олжасты психиатриялық орталыққа ем алуға жатқызады. Гүлнар Байзулдинованың айтуынша, депрессияны емдеу үшін тағайындалған дәрілердің салдарынан орталықта ұлының жағдайы күрт төмендеп, талма ауруына душар болған. 2016 жылдан бері орталықта емделіп келе жатқан Олжас Байзулдиновке дәрігерлер нақты диагноз қоймаған. Баласының денсаулығына алаңдаған ананың арызын тыңдаған облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысына Олжас Байзулдиновтың денсаулығын тексеріп, диагноз қою үшін кәсіби психиатрлардан құрылған комиссия құруды тапсырып, оның шешімі бойынша он күннен кейін аталған мәселені қайта қарайтындығын айтты.
Қабылдауға келген Шемонайха ауданының тұрғыны Николай Мартынов өткен жылы тасқыннан зардап шеккен баспанасының мәселесіне қатысты арызданды. Тасқынның зардаптарын жою үшін құрылған комиссия арызданушының үйін жөндеуге жарамсыз деп танып, өтемақы алушылар тізіміне енгізген. Алайда арызданушы тәуелсіз комиссияға жүгініп, үйдің жөндеуге жарамды екендігін дәлелдеп, оны өз қаражатына қайта қалпына келтірген. Ендігі күні сол қаражатты қайтаруды мақсат етіп отыр. Облыс әкімі бұл азаматқа өтемақы төлеу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген Асхат Әділбеков Алакөл жағалауында шипажай салуға ниетті. Соған орай, облыс басшысына жер телімін беру жөнінде өтініш айтты. Кәсіпкерге жағалауда туризм нысандары құрылысын салу үшін байқауға қатысу қажеттігі айтылды.
Лаура Тілеубайқызы