Шаяндыда балықшылар бақ сынады
Жарма өңірінде биыл екінші рет балық аулау сайысы өтті. Ауданы əкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Мұз астынан балық аулау 2017» бәсекесінде облыстың түкпір-түкпірінен келген жетпістен астам балықшы бақ сынады.
Мұндай шараны өткізудегі негізгі мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау және қысқы спорт түрлерін дамыту болды. Шаянды көлінің бетін жапқан мұздың үстіне жайғасып, әр тұстан ойылған ойықтан су жәндігін бір-бірлеп суырған әуесқойлар қыстың суығына да қарамай жарысты.
– Қыстыгүні балық аулау өзіндік шеберлік пен ептілікті қажет етеді. Турнирге келген барлық балықшыларға алғыс айтамыз, – деді шараның ашылу салтанатында Жарма ауданының әкімі Н.Сыдықов.
Бұл күні балық аулаудан бөлек ауданның округтерінен келген өкілдер арқан тарту, шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен өзара сайысты.
– Мұз ойып, қармақпен балық аулаудың өзі бір рақат қой. Мұны қысқы спорттың бір түрі десек те болады. Күнделікті күйбеңнен сытылып, таза ауаға, табиғат аясына шыққанға не жетсін. Өзім жиі болмаса да анда-санда қармақ салуға шығып тұрамын. Әуесқой балықшылардың басын қосып, осындай сайыс ұйымдастырған адамдарға алғыс айтамын, – дейді Ермек есімді жарысқа қатысушы.
Иә, салауатты өмірді ұстанушы жармалықтар мен қонақтарға аталмыш турнир мерекелік көңіл күй сыйлады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің марапат қағаздары, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жарма аудандық ішкі саясат бөлімі