Қоғам

Шаңғы жолы ашылды

Шаңғы жолы ашылды

Өскемендегі Комсомол аралында шаңғы жолы ашылып, «Елбасыдай салауатты болу!» атты жарыс өтті. Спорттық шараға 500-ден астам адам қатысты.
Тұңғыш Президент күніне орайластырылған спорттық шараға қала мекемелерінің қызметкерлері, оқушылар мен студенттер, қала тұрғындары қатысқан болатын. Ұзындығы 1,5 шақырымнан асатын шаңғы жолына түскен өскемендіктер салауатты өмір салтын барынша қолдайтындықтарын көрсетті.
Жарыстың бас төрешісі Леонид Саковскийдің айтуынша, шаңғы арқалап келген кез келген қонаққа жарысқа түсуге рұқсат. Жасқа шектеу қойылмайды.
– Өз басым мұндай ауқымды бұқаралық шараның өтіп жатқанына қуаныштымын. Елбасымыздың спортқа ерекше мән беруі және шаңғы спортымен айналысуы жастарға үлгі боларлық іс деп білемін. Шаңғымен 10 жасымнан бастап айналысамын. Сырғанақ маусымын жыл сайын асыға күтемін, – дейді Леонид Саковский.
Қазір облыс орталығында алты шаңғы жолы бар. Комендантка жылғасында, Протозанов көшесінде, Защитадағы «Локомотив» стадионында, Октябрьск және Комсомол аралдарында және Этносаябақта. Комсомол аралындағы шаңғы жолы жарықтандырылған. Келушілер ешқандай ақы төлемейді. Сонымен қатар, бұл жерде шаңғы және коньки сияқты спорт жабдықтарын жалға беретін пункт жұмыс істеп тұр.
-Желтоқсанның басында қаладағы барлық мұз айдындары мен сырғанақтарды іске қосамыз. Өскемендегі мектептер маңында 40-тан астам мұз алаңдары іске қосылады, – дейді қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаев.
Жарыс соңында үздік спортшылар анықталды. Жас ерекшеліктеріне байланысты екі топқа бөлінген шаңғышылар бір-біріне дес берген жоқ. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button