Қоғам

«Шаттық» күні Өскеменде төрт жұлдызды қонақүйдің тұсауы кесілді

«Шаттық» күні Өскеменде төрт жұлдызды қонақүйдің тұсауы кесілдіНаурызнама

Арайлап атқан әр таңның шапағын шаттана қарсы алғанға не жетсін! Осы орайда өңірімізде Ұлыстың ұлы күні Наурызды мерекелеудің алтыншы күнінің «Шаттық» деп аталуы да әсте тегін болмаса керек. «Шаттық» күні наурыз мерекесін тойлаған тұрғындарды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.

Облыс орталығының қай жеріне барсаңыз да, бұл күні алтын күрек желмен бірге шадыман шаттықтың лебі есіп тұрды. Өскемен аспанында әуелеген ән мен күмбірлеген күй қас қарайғанша бір толастаған жоқ. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ «Fresh Market» фермерлік гастрономына ат басын тірегенде сауда үйінің алдындағы мерекелік шара енді қызып жатқан болатын. Молшылық пен берекенің белгісіндей шашу шашылды. Сауда жасауға келген қала тұрғындары наурыз көже мен ақ бауырсақтан ауыз тиді. Гіртасын көтеріп, қол күрестіріп, арқан тартып күш сынасқан жұрттың да қарасы көп болды. 16 келілік гіртасын 210 рет көтерген Амантай есімді жігіт ұялы телефон ұтып алды.
Қаланың Защита шағын ауданындағы теміржолшылардың саябағында да жаңару мерекесі кеңінен аталып өтті. Он бір ақ шаңқан киіз үй тігіліп, келушілерге наурыз көже тегін таратылды.
– Наурыз – бес мың жылдық тарихы бар мереке. Бұл мереке халықты бірлік пен ынтымаққа шақырады. Осы мейрамда бір-бірімен ренжіскендер болса, татуласып, табысады. Көп жылдар ұмыт қалған Наурыз – бұл біздің егемендігімізбен қатар келген мереке. Тәуелсіздігімізді алған жиырма үш жылдың ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Абырой-даңқымыз артып, халқымыздың тұрмысы жақсарды. Бүгінгі Наурыз тойы да сол жақсы тұрмысымыздың айқын айғағы, – деген облыс басшысы Защита шағын ауданының жыл сайын қанат жайып, өсіп-өркендеп келе жатқанын ерекше атап өтті. Жаңадан салынған әлеуметтік нысандардың да қатары көбейіп келеді. Әрине, мұның бәрі Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Осылай деген аймақ басшысы шағын ауданның тұрғындарына жақсылық тілеп, теміржол саласының үздік қызметкерлеріне құрмет грамотасын табыс етті.
Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Бердюгин мен «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ облыстық бөлімшесінің басшысы Ерік Жидилов жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Ерке Ертістің жағасында бой көтерген «Dedaman Hotel Oskemen» атты жаңа қонақүйдің тұсауының кесілуі «шаттық» күнімен тұспа-тұс келді.
– Біздің өңірдің экономикасын дамыту үшін инвестиция мен жақсы инфрақұрылым қажет. Мен осынау қонақүйді салған компания басшыларына үлкен алғысымды айтамын. Бұл нысан өңірімізде туризмнің дамуына үлкен ықпал етеді. Біздің ынтымақтастығымыз жалғасын табады алдағы уақытта тағы да бірнеше бірлескен жобаларды іске асырамыз, – деді қонақүйдің ашылу салтанатында сөз алған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. Облыс басшысының сөзін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев та мақұлдап, Шығыста туризмді өркендетудің зор мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Облыс орталығы Өскеменде әртүрлі деңгейдегі 18 қонақүй бар болса, енді міне, олардың қатарын «Dedaman Hotel Oskemen» төрт жұлдызды қонақүйі толықтырып отыр. Жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын нысанды салуға түрік компаниясы 4,5 миллиард теңге жұмсаған екен. Құрылыс жұмыстары 2012 жылдың шілдесінде басталған қонақүй негізінде Түркияның «Dedaman» атты ертеден келе жатқан ірі қонақүй желісіне тиесілі.
– Біз облыста ең мықты қонақүй салу үшін ең үздік мамандардың көмегіне жүгіндік. Қонақүйдің орналасқан жері де өте сәтті таңдалған. Біздің фирма бұл жерде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді, – дейді Tavros компаниясының өкілі Кебар Ганиев.
Қонақүйде барлығы 140 нөмір бар болса, оның бірі – президенттік нөмір. Бүкіл қабатты алып жатқан президенттік нөмірде үш үлкен конференц-зал, екі мейрамхана, шаштараз, массаж жасайтын, сумен емдеуге арналған бөлмелер, сондай-ақ, түрік моншасы мен фитнесс-залы бар. Қонақүйге қажетті 120-ға жуық жұмыс орнына жергілікті тұрғындарды алу жағы да қарастырылып отыр.
Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ тілек кітабына бірінші болып өзінің қолтаңбасын қалдырды.
Осы күні қонақүйдің ашылу құрметіне арналып Ертіс жағасындағы амфитеатрда Аша Матай, Мұхтар Хордаев, Авраам Руссо және тағы басқа да қазақ, түрік, ресей эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт өтіп, өскемендіктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button