Қоғам

Шарықтаған бағаны бір сәтке ұмытты

Өскемендіктер әр сенбі сайын ерте тұруды әдетке айналдырды. Жұмысқа бару үшін? Емханаға? Жоқ! Сонда не үшін? Ырысын еселеп, бір ісін тындыру үшін…

Таң бозынан дорбасын көтеріп, жүзі бал-бұл жанған тұрғындарды көрсеңіз, таңданбаңыз, олар жәрмеңкеден қайтып барады. Бірінің сөмкесінде құрт пен ірімшік, енді бірінде ет пен балық. Қысқасы, тиімді бағаға сапалы өнім. Тауық еті мен қаланың қаймағынан жалыққандар ауылдың дәмін тату үшін жәрмеңкеге асығады. Әр сенбі сайын облыс орталығындағы «Фрешмаркеттің» алдында ұлан-асыр той. Осы жолғы той иелері – Күршім ауданы.

Күршім десек, бірден ойға балығы мен балы, қауыны мен қарбызы келеді. Бірақ қарбызға әлі ерте. Сонымен күршімдіктер қалаға қанша базарлық әкеліпті?

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәлімет бойынша, жәрмеңкеге 3 тонна 50 кг ірі қара мал еті,  3 тонна жылқы еті, 1,9 тонна қой еті, 200 литр бал, 110 кг құрт, 110 кг ірімшік, 2,5 тонна балық, сондай-ақ ұлттық тағамдар және көкөністер, сүт өнімдері жеткізілген. Еттің бір келісі жәрмеңкеде 1900-2300 теңгеден сатылды.

– Таңғы сағат алтыдан бері осындамыз. Жәрмеңкеге 12 ауылдық округтен 24 шаруа қожалығы келіп, өз өнімдерін сатуда. Жалпы, мұндай сауда-саттық шаһар жұртшылығы үшін де, біздің шаруа қожалықтар үшін де өте тиімді деп ойлаймын. Күршімнің брендіне айналған бал мен балықты молынан алып келдік. Алам деген адамға есігіміз айқара ашық, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов.

Иә, жәрмеңкеге ағылған адамдардың санында шек жоқ және олардың қоржындары да, көңілдері де тоқ.

–       Өзім Күршімдікі болғандықтан, ауылдың дәмін сағынып қалыппын. Күнделікті жұмыстан шыға алмаймыз, ауылға жол түспегелі де біраз болды. Ал бүгінгі жәрмеңке көңілге қуаныш ұялатты. Балық, ірімшік, кілегей алдық. Кішкене қызым құртты жақсы көреді. Қазір үйге барған соң бір қуантайын деп тұрмын, – дейді жәрмеңкеге келген Қуаныш Қабылханов.

Жәрмеңке санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Ең батысы, мұндағы баға нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Қала халқы бір сәтке болса да шарықтаған бағаны ұмытып, келесі сенбіге дейін жететін азық-түлігін сатып алды. Біреуі сөмкесін сүйретіп, біреуі дорбасын арқалап аялдамаға қарай аяңдап барады. Аялдамасы құрғыр мұнша алыста болар ма?..

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button