
Аягөз ауданы Тарлаулы ауылындағы бір шаруа қожалығында 600 тонна пішен өртеніп кетті. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан қожалық иесі шығынға батып отыр.
– Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткен кезде 600 тонна шөп жанып жатқан. Көп ұзамай құтқарушылар 540 шаршы метр аумаққа жайылған тілсіз жауды сөндірді. Өртті өшіруге жеке құрамнан бес адам, бір техника және шаруа қожалығынан 12 жұмысшы мен төрт техника жұмылдырылды, – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, биыл облыста өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 840 тонна пішен жанған.
– Өрт сөндірушілер апта сайын жемшөп сақталатын жерлерде, пішен жиналған сарайларда шыққан қызыл жалынмен күресуге шығып тұрды. Мұндай жағдайлар Үржар, Көкпекті, Жарма, Аягөз, Бесқарағай және Күршім аудандарында тіркелді. Көп жағдайда от тұтауының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану және қауіпсізк талаптарының сақталмауы, – деп жазылған мекеменің баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, өрт сөндіруші мамандар өңір жұртшылығына қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында құтқарушылар шаруа қожалық иелері мен саяжай тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді:
– мая орналастыруға арналған алаңдарды кемінде 4 метр жолақпен айналдыра жырту қажет;
– жыртылған жолақтың шетінен бастап алаңда орналасқан маяға дейін кемінде 15 метр қашықтық қалдыру керек;
– мая табанының ауданы 150 шаршы метрден, ал престелген шөп қатарының ауданы 500 шаршы метрден аспауы тиіс;
– маялар арасындағы қашықтық кемінде 20 метр болуы тиіс;
– маялар ғимарат, құрылыс нысаны мен орманға дейін кемінде 50 метр қашықтықта, электр желілерінен тыс жерлерде орналастырылғаны абзал;
– пішенді көлікпен тасымалдау кезінде биіктігі 4,5 метрден аспауы тиіс.
– егістік басында тракторлармен автомобильдердің капотын ашып қойып жұмыс істеуге болмайды;
– егістіктерде от жағуға болмайды;
– бензин, керосин немесе өзге де жанғыш заттар сіңген материалдарды (қағаз, мата, мақта) далада қалдыруға болмайды
– өрт болған жағдайда 101 телефоны бойынша өртке қарсы қызметке немесе 112 шұғыл қызметіне қоңырау шалыңыз.