Шаруасын шалқытып, ат спорты мектебін ашқан
Тарбағатай ауданының Екпін ауылындағы «Дастан» шаруа қожалығының төрағасы, ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болған, өткен жылы ат спорты мектебін ашып, жас ұрпақты ұлттық ойындарға баулып келе жатқан Болат Қойбағаров жайында сырттай естігенімізбен, кездесе алмай жүргенбіз. Жақында Барқытбелдің теріскейіндегі Тарбағатай ауданына іссапарда болғанымызда Болат Хариұлымен жүздесудің сәті түсті.
Бөкең қарапайым, сөзге де ұста, экономиканың қыр-сырын жетік меңгерген азамат екен, есеп-қисапты жатқа соғады.
-Түрлі жұмыстарды атқардық. Нарық келіп, заман тарылған кезде қол қусырып жата бермей, тырбанып еңбек етуге кірістік. 1996 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрып алып, қазақтың ақ бас сиырын өсіре бастадық. 1998 жылы мемлекеттің қолдауымен лизингке комбайн, трактор, шөп шабатын техникаларды алдық. Несие алған кезіміз болды, оны уақтылы жауып тастамасаң қиын. Қазір 700 ірі қара, бір жарым мың қойымыз бар. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевқа әріптестерім дән разы, ол кісі келген сайын мал басын асылдандыру, бордақыға мал байлау жөнінде ақыл-кеңес береді. Қазір 150 бас ірі қара бордақыда тұр. Оны сатып алуға тапсырыс түсті. Жалғыз мен емес, Екпін ауылында дәл қазір 100 бастық екі, 200 бастық бір, 150 бастық бір мал бордақылау алаңдары ашылған. Амалын тапсаң, пайдаға кенеледі екенсің, мал бордақылау – өте тиімді тәсіл, – деп ағынан жарылды Болат Қойбағаров.
Осы күзде қожалықтың 20 жылдығын атап өткелі отыр іскер азамат. Құрылған күннен бастап бірге қызмет етіп келе жатқан жерлестері жайында жылы лебіз білдірді Бөкең. Атап айтқанда, Рахыпхан Кесебаев, Марат Сыдықов, Сержан Сүттібаев, Тасболат Кесебаев, тағы басқалар қожалықтың ыстық-суығына бірге төзіп келеді. Бөкеңнің үйіндегі қызмет кабинетінде қожалық құрылғаннан бергі қол жеткен табыстары, өсіп-өркендеуінен сыр шертетін суреттер мен кітаптарды көрдік. Көлемі 1040 бет болатын төрт мемлекет бірлесіп шығарған «Білім беру саласындағы ең үздік адамдар» деген энциклопедияда Болат Хариұлы туралы «Дастан» шаруа қожалығы» деген көлемді мақала жарық көріпті. Білім беру саласында да қызмет еткен Бөкең жайындағы деректі мақалада қожалық туралы айтылады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы, «Үздік шаруа қожалығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары мен басқа да марапаттар ауыл шаруашылығы саласының майталманы Болат Хариұлының ұзақ жылғы қызметіне көрсетілген құрмет болса керек.
…Кең де жарық ат спорты мектебіне енгенімізде, ағашпен қоршалған арнайы орындарда тұрған сәйгүліктерді көрдік. Текті жануарлар иесінің келгенін сезгендей, кісінеп қоя берді. Жанымызда жүрген ат спорты мектебінің бапкері Айдар Байнұрқашев былай дейді:
-Бұған дейін Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында кәсіпкер, ұлттық спорт түрлерінің жанашыры Сержан Омарбеков «Тұлпар» ат спорты мектебін ашқан. Серағаңның сәйгүліктері республикалық, облыстық жарыстарда үнемі жүлде алып келді. Ал ол құрған көкпаршылар командасы облыстық халық ойындары сайысында соңғы бірнеше жылдан бері бірінші орынды уысынан шығармай келеді. Болат Хариұлының ат спорты мектебі өткен жылдың наурызында ашылды. Аудан өміріндегі елеулі жаңалық – ат спорты мектебінің салтанатты ашылуында аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, тұлпардың дүбірі естілсе, құлағы елеңдейтін ардагер журналист Мейрам Оралов, Аят Ербаев, ауыл ақсақалдары сөз алып, Бөкеңе сәттілік тіледі. Қазір мұнда 14 сәйгүлік бар. Олар барлығы – асыл тұқымды, Қап тауынан жеткізілген тұлпарлар.
Болат Хариұлы – атбегілікті ерекше құрметтейтін, өзі де осы өнерге табынатын азамат.
-Ат спорты мектебін құрудағы мақсат – ұлттық ойындарды насихаттау, балалар мен мектеп оқушыларының қызығушылығын тудыру, көкпар ойынын өркендетіп, жас балаларды тай, тұлпармен шабуға бейімдеу, асау аттарды ауыздықтау, шабандоздыққа баулу, – дейді Бөкең. – Болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия арқылы емдеуді қолға алсақ деген ой бар. Қазір бізде асыл тұқымды 14 тұлпар бар. Оның онын Кавказдан алдырдық. Бағасы арзан емес, мәселен біреуі үш жарым-бес миллион теңге аралығында. Таза қанды «англо-араб» жылқылары төзімді, бәйгеге шапқан кезде құлақтарын қайшылап, шабытыңды қоздырады. Мына тұрған Берікбол Қабылбекұлы жақында ғана Зайсан ауданының Шілікті ауылында өткен дүбірлі жарыста «Бақторы» атты сәйгүлігімен екінші орындағы тұлпардан оқ бойы озып, «Мерседес» көлігін тақымына басты. «Еркетай» атты тұлпар да бәйгеде топ жаруда. Ақбақай арғымағы бұдан бірнеше жыл бұрын облыстық халық ойындарында үшінші орынды иеленді. Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы ат спортын өркендетуге ерекше қамқорлық жасап келеді. Соңғы алты жылдан бері облыстық халық ойындарында ешкімге дес бермей келе жатқанымыз соның дәлелі емес пе?! Ат баптап, шабандоздарды баулуда тәлімгер Айдар Байнұрқашев жақсы жұмыс істеуде. Сенесіз бе, біздегі кейбір балалар ай сайын 20 мың теңге көлемінде жалақы алып жүр. Мектептен шыға сала ойын қуып кететін балалардан біздің шәкірттердің айырмашылығы, олар еңбектің қадірін түсінеді, ел болашағы үшін тер төгетін болады,-деді Болат Хариұлы.
Оңдасын Елубай
Тарбағатай ауданы.