Қоғам

Шаруашылықтың тірлігімен танысып қайтты

Шаруашылықтың тірлігімен танысып қайтты

Аудандық кәсіпкерлік палатасының төрайымы Ә.Мұқашеваның ұйымдастыруымен ауданның бес мектебінің оқушылары дуальдік оқыту жүйесі бойынша білім беретін Самар аграрлық-техникалық колледжіне және онымен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Мәмбет» шаруа қожалығына саяхаттап қайтты.

Жансүгіров атындағы, Казнаковка, Воздвиженка, Көкжота және Амангелді орта мектептерінің 9 сынып оқушылары «Мәмбет» шаруа қожалығында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өндірісіне қандай мамандық қажет екенін біліп, ондағылардың жұмыс орындарын көрді.

Жас технолог Айсара Аманғазықызы «Мәмбетте» 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Басында өндірістен мүлде бейхабар болып келген жас қазір аталған шаруашылықтың өңдеу саласын дөңгелентіп отыр. Айсара оқушыларға шаруашылықтың жармалау, мал азығын дайындау және орау цехтары мен диірменін көрсетті. Мұнда тек жаңа қондырғылар орнатылған. Сонымен бірге балалар шаруашылықтың нан зауытының жұмысымен де танысты. Қазір бұл зауытта колледждің наубайшы-кондитер бөлімінде оқитын студенттер тәжірибеден өтуде.

Ал аграрлық-техникалық колледжде сынып бөлмелерін, өндірістік оқу корпустарын, асхана мен жатақхананы аралап, колледждің тарихы жайында әңгімелер тыңдап, оқушылардың сабақта қандай құралдарды пайдаланатынын көрді. Олар әсіресе, аспаз-даяшы, техникалық қызмет көрсету стансасының шебері мамандықтарына, омарташылықпен айналысуға қызығушылық білдірді.

– Оқушылардың кәсіби бағдар алғандары жақсы. Алдағы күні олар осы колледж қабырғасынан тек қана біреуге қызмет істейтін жұмысшы емес, өз істерін ашатын дайын кәсіпкер де болып шыға алады. Біздің мақ-сатымыз да сол, – дейді Әлия Орынбекқызы.

Ол балаларға ауданымызда қандай жобаларды жүзеге асыруға болатыны, кәсіпкерлік палатасы тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері жайында да әңгімелеп берді.

Клара Нұрпейісова
Көкпекті ауданы

Осы айдарда

Back to top button