Ауыл шаруашылығы

Шаруаның өндірген өнімі шетелдік стандартқа сай болмақ

Шаруаның  өндірген  өнімі шетелдік стандартқа сай болмақ


Өндірген өнімін өткізіп, шаш етектен пайда табуды көздеген шаруагер ішкі саудадан гөрі, сыртқы нарықты ойлайтыны белгілі. Бұл ретте жақында іске қосылуы көзделген ауыл шаруашылығы өнімдері мен жемшөп сапасын жіті зерделеп, қытайлық стандартқа сәйкестендіретін зертхана көптен-көп көмек болмақ. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ауыл-аймақтан алысқа ұзата алмай отырған өңір тұрғындары үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ. Десек те, көпшілік бұл мекеменің жұмысын әлі де жіті біле бермейтіні рас. Осы ретте біз аталмыш салаға жауапты басқармаға хабарласып, ашылуы көзделген зертхананың жұмысы туралы бірқатар мәліметтерді анықтап көрдік.

Сапаға деген сын

Көрші елдің нарығына шығуды көздеген шаруагер бірінші кезекте қолындағы төрт түліктен өндіретін өнімнің сапасына көңіл бөлгені жөн. Неге дейсіз бе? Өйткені шетелдік тұтынушы бірінші кезекте ет пен сүттің майлылығына, сапасы мен оның консервантсыз өнім екендігіне көңіл аударады. Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ еліміз үшін миллиардтан астам тұтынушысы бар көрші Қытай алып нарық екені рас. Осы ретте аймақ басшылығының ойлағаны бар. Ол – Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерін қытайлық стандарттарға сәйкестендіріп, мал азығы сапасы мен қауіпсіздігін айқындайтын зертхана.
Ақпан айында өткен облыс әкімдігінің отырысы барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов өнімді қытайлық стандартта сертификаттайтын зертхана аспан асты еліне ашылатын есік екенін айтқан еді. Қытайдың Шығыс Қазақстанмен көршілес орналасқан ШҰАР провинциясында ғана 26 миллион тұрғыны бар. Демек, өндірілген өнімді ұзамай өткізетін орын анық. Тек оған қажетті тетік керек. Арнайы жол картасы әзірленген жоба бүгінде аяқталуға жақын.
– Облыс әкімдігі зертхана құру мақсатында Өскемен қаласының Аврора көшесі, 181/2 мекенжайында орналасқан ауданы 1146 шаршы метрді құрайтын ғимаратты анықтады, – дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ертай Батхолдин. – Сонымен қатар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай тарапымен қол қою үшін жабдықты жеткізу туралы айырбастау нотасын дайындау процесін жүзеге асыруда.
Жауапты тұлғаның хабарлауынша, Қазақстанның халықаралық шарттарын жасасу жоспарына сәйкес ноталар алмасудағы келісімдерге 2019 жылы қол қою жоспарланған. Бұдан кейін Қытай тарапы қажетті жабдықтарды жеткізуді жүзеге асырмақ. Басқарма өкілінің берген жауабына сенсек, құрылған зертхана Қытай Халық Республикасының ұлттық және халықаралық аккредиттеу жүйесінде аккредиттеуге жататын көрінеді. Бұл – ұзақ үрдіс. Яғни аккредиттеу процесі аяқталған соң ғана зертхана өз жұмысын бастайтын болады.
– Зертхананы құру облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылады, – дейді Ертай Сейтқажыұлы. – Ғимаратты қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға облыс бюджетінен 14790,34 мың теңге, ал ғимаратты қайта жаңартуға – 261175,0 мың теңге бөлінді. Бұдан бөлек, ветеринария басқармасы 3 миллион теңге қаражатқа зертханалық жиһаз сатып алды. Қытай тарапы өз кезегінде зертхана үшін 11,15 миллион юань мөлшеріндегі сомаға өтеусіз негізде 66 түрлі жабдық сатып алып бермек.

Басы артық шығыннан арылады

Шаруаның  өндірген  өнімі шетелдік стандартқа сай болмақ

Қытайдағы барлық осындай зертханалар бір жүйеге біріктірілген. Заманауи техникалармен жабдықталған олар экспортталатын өнімдердің сапасына ерекше көңіл бөліп, әлемдік талаптар мен стандарттарға сай болуын қадағалайды. Мұндай зертханалар жұмысы кәрі құрлықта да жолға қойылған. Ал еліміздегі зертханалар болса, әзірге бұл талаптарды орындауға қауқары жоқ көрінеді.
Өңір билігі өкілдерінің айтуынша, Өскеменде ашылатын зертхана ТМД елдерінде ашылатын бірегей мекеме болмақ. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, зертхана 60 түрлі азық-түлік өнімінің сапасын анықтап, сертификаттайтын көрінеді.
Оқырманымыз зертхананы ашудағы басты мақсат не деп ойлауы мүмкін? Бұл шаруагерге көрші елдің нарығына шығуымен қатар, басы артық шығыннан арылтатын үрдіс болмақ. Атап айтсақ, осыған дейін шекарадан өткен тауар қытайлық сертификат алғанша айлап қоймада жатса, ендігі кезекте оның тұтынушыға жетуі жеңілдейді. Яғни өндіруші тауардың қоймада сақталған әр күні үшін төлейтін қаражаттан құтылады.

Қазіргі уақытта өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұрғындардың тұтынушылық деңгейінен тыс мөлшерде өндірілетіні белгілі. Мұны аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуінде де айтқан болатын. Атап айтсақ, бүгінде бал өнімдері тұрғындардың тұтынушылық мөлшерінен 5 есеге, ірі қара мен ұсақ мал еті 2 есеге, қарақұмық – 3 есеге, картоп 4 есеге, күнбағыс майы 10 есеге, ал ұн 22 есеге артып кеткен. Осыған қарамастан Шығыс Қазақстандағы шаруашылықтардың әлеуеті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін одан әрі арттыруға жетерлік.
Демек, бұл жерде облыс басшылығы бір мезетте бірден екі істің басын қайырмақ ниетте. Яғни, өндірілген өнімнің артық мөлшері көрші Қытайға экспортталса, ішкі нарыққа бейімделген кішігірім шаруашылықтар өз тауарларын әжептәуір бағаға өткізуге мүмкіндік алмақ. Экспорт көлемінің артуы ауыл шаруашылығы саласындағы бәсекелестікті жандандырып, сапаның жақсаруына әкелетін құбылыс.

Сұрыптау өзімізде өткізіледі

Зертхананың негізгі бағыты тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерінің, жемшөп сапасы мен қауіпсіздігі көрсеткіштерін айқындау болмақ. Сондай-ақ зертхана шаруашылық иелеріне қытайлық стандарттарды, қандай заттарды, карантинді ағзаларды өнімде ұстамау қажеттігі жайын да түсіндіреді. Алынған ақпарат негізінде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы жануарларын азықтандыру рационын құруды үйреніп, дайын өнім өндіру кезінде қандайда бір химияларды қоспау жөнінде кеңестер алады.

– Өнімге қытайлық стандарттағы сертификат берудегі басты талаптың бірі – шаруашылық Қытай Халық Республикасына өнімдерін экспорттаушылар тізімінде болуы қажет. Өнімнің Қытай стандарттарына сәйкестігі ҚХР стандарттары бойынша зертханалық сынақтар жүргізілгеннен кейін ғана анықталады, – деп қосты жауапты тұлға.

***

Шаруаның  өндірген  өнімі шетелдік стандартқа сай болмақ

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, қоғамдық денсаулық сақтау, ветеринария және өсімдіктер карантині бағытындағы бірнеше мекеменің жұмысын біріктіретін әмбебап зертхана 2019 жылы жұмысын бастауы әбден мүмкін. Бүгінде орналасатын орны анықталып, ғимараты жөндеуден өткізіліп жатқан нысанда жалпы саны 26 адам жұмыс істемек. Ветеринария басқармасының хабарлауынша, олардың барлығы жергілікті мамандар болмақ. Ал зертхана тек Шығыс Қазақстан облысынан ғана емес, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлері мен шетелдерден өнімдерді қабылдап, сұрыптаудан өткізетін болады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button