Қоғам

Шаруамды дөңгелетсем дегендерге мүмкіндік туды

Шаруамды дөңгелетсем дегендерге мүмкіндік туды


Қазақстан Президентінің осы жолы Үкіметке бөле-жара ұсынып, тапсырған бес әлеуметтік бастамасының бәрі де – зілбатпан жауапкершілігі бар, мақсаты биік маңызды әлеуметтік мәселелер. Соның бірі – ауыл тұрғындарына шағын несие беруді көбейту.

Мемлекет «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жалпыға бірдей кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша былтырдан бастап ауыл тұрғындарына жеңілдікпен шағын несие беріп келеді. Республикалық бюджеттен шағын несие беруге 2018 жылға 42 млрд. теңге, соның ішінде ауылда кәсіпкерлікті дамытуға 31 млрд. теңге қарастырылған болса, енді Президенттің тапсырмасымен шағын несие көлемі 20 млрд. теңгеге ұлғайтылып, 62 млрд. теңгеге жеткізілетін болды.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын шағын несиемен қамтуға біздің облысқа да қосымша қаржы бөлінбек. Қазір «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстағы филиалдары ауыл тұрғындарынан, кәсіпкерлерден, шаруа қожалықтарынан шағын несие алуға байланысты өтінімдерді қабылдап алып жатыр. Осы уақытқа дейін 1000 ға тарта өтінім қабылданған.

-Облыстағы ауыл шаруашылығына шағын несие берумен айналысып отырған қаржы институттарына: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ филиалы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға осы уақытқа дейін 2 млрд. 134 млн. теңге бөлінген болатын. Жуықта біздің облыстың қосымша тапсырысы бойынша республикалық бюджеттік комиссия отырысының шешімімен тағы да 1 млрд. 100 млн. теңге шағын несие қаржысы бөлінбек. Сонда, биыл аймағымыздағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына, ауыл кәсіпкерлеріне берілетін шағын несие көлемі артып, екі қаржыландыру көзі арқылы барлығы 3 млрд. 234 млн. теңге шағын несие берілмек, Шағын несиелер мамырдан бастап беріле бастамақ, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Гайламазян.

Жанат Какиманова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:

-Егер бұрын қор 20 млрд. теңге шағын несие беруді жоспарлаған болса, қазір өнімді еңбекпен қамту бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлерін несиелендіруге бағытталатын қосымша қаржыны есепке ала отырып, 26, 7 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр. Биыл облысқа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ауыл шаруашылығын несиелендіруге 1 млрд. 280 млн. теңге бөлінген болатын. Несие шаруа қожалықтарына және ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлерге және ауылдық жерлердегі ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін, мысалы, дүкен, шаштараз, қонақүй, ауылдағы басқа да кәсіпкерік түрлерін несиелендіруге беріледі.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры филиалы нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша былтыр облыстағы 805 адамға шағын несие берген. Шағын несие алғандардың 178-і – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық кәсіпкерлік негіздері курсында оқыған ауыл тұрғындары.

Аймақта «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы несие алып, тауарлы-сүт фермаларын ашқан, ашқалы отырған қожалықтар саны да көбейіп келе жатыр. Бірнеше жылдан бері аталмыш қор филиалы жүзеге асырып отырған «Ырыс» бағдарламасы арқылы қожалықтар, ауыл тұрғындары 50 бастан 100 басқа дейін сауынды сиыр ұстайтын сүт фермаларын ашып, үлкейте алады. Бағдарламамен 85 млн. теңгеге дейін несие қаржысы беріледі. «Ырыс» бағдарламасымен тауарлы сүт фермасын ашқандарға несие 6 пайыздық жылдық өсіммен 10 жылға дейінгі мерзімге беріліп отыр.
Елімізде, облыста сүт өндірісінің қайта өркендеп, дамып келе жатқанын ескерсек, сүт шаруашылығымен айналысуға, сүтті бағыттағы мал басын молайтуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасының кәсіпкерге берер көмегі көп. Несие алушының төлем қабілеті, сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етілген, ветеринарлық талаптарға сай жабдықталған мал ұстайтын шағын фермасы, мал азығы базасы болуы керек.

Наурыз айында елімізде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен «Игілік», «Егінжай», «Кәсіпкер», «Бірлік», «Ынтымақ» бағдарламалары бойынша қор арқылы тұрғындарға шағын несие берудің шарттары бекітіліп, ауыл тұрғындарына таныстыру үшін аудан әкімдіктеріне жолданған.

5 МИЛЛИОН АЛЫП, ҮЙІР-ҮЙІР ЖЫЛҚЫ ЖАЙЫП ЖҮР

Аң аулап, мал бағып, тау-тас кезіп жортып жүріп, әр атырапқа ат қойып, айдар таққан қазақ бұл жерді ежелден Қараөзек атап кеткен екен. «Парасат» шаруа қожалығының төрт түлігі осы даланың төскейін жайлап жатыр.

2014 жылы Қасым Қайсенов кенті мен Өскеменнің ортасында жатқан Атығай асуының әр жағынан жер телімін алып, шаруашылыққа арнап қоражай, үй-жай тұрғызып, шағын шаруасына кіріскен кезде, Ділмұрат Жұмашұлында саусақпен санарлық ірі қара, қой-ешкі ғана бар болған.

– Осы жерге көшіп келіп, орныққан соң, Өскемендегі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалы арқылы алдымен 3 миллион теңге шағын несие алып, ірі қара санын көбейттім. Шағын несиені көрсетілген мерзімінде қайтарып тастап, 2016 жылы тәуекел деп тағы да 5 миллион теңге шағын несие алып 16 жылқы сатып алдым. Қазір, міне, өсіп-өнген малым отбасылық бизнесімнің берекесін келтіріп, ішсек – сусын, жесек – азық, мінсек – көлік болып отыр. Бес адамды жұмысқа алып, бес отбасының тұрақты табыс табуына да септігім тиді деп айта аламын. Алты пайыздық шағын несиенің маған тигізген көмегі өлшеусіз, -дейді мемлекеттен беріліп отырған шағын несиенің арқасында кәсіп тауып, табысқа жетіп отырған кәсіпкер, «Парасат» шаруа қожалығының иесі Ділмұрат Жұмашұлы.

Шаруамды дөңгелетсем дегендерге мүмкіндік туды

Байталы мен тай-құлыны қатарласа жарысқан Қамбар ата түліктері биыл екі үйір болып, жылқы басы 50-ден асыпты. Отбасымен қыстауда отырған жылқышы Тегісбек Шаян оларға қысы-жазы бас-көз болып келеді. Ділмұрат маусымға дейін құлындап бітетін 25 биенің сүтінен саба-саба қымыз алып, қалаға апарып сатуды жоспарлап отыр. Бұл жерге қаланың жақын болғаны қожалық малының өнімдерін қиындықсыз саудалауға сеп болып тұр. Әсіресе қарашадан бастап бордақыға байланатын ірі қараға деген сұраныс қыста үсті-үстіне арта түседі. Жыл сайын қожалық 40 шақты ірі қараны жемге қойып, семіртіп, осы жерден соғымға сатып отыр. Жазға салым және күздігүні елдің аңсары марқа қозы мен тоқты етіне ауған шақта, қой басының да біразы саудаға шығарылып, отбасылық бизнестің табысын толтыра бастайды.

Ділмұрат Жұмашұлы болашақта шаруашылығын ұлғайтып, жылқы мен ірі қара санын 300-400 басқа дейін көбейтуді көздеп отыр.

Бұл күнде өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін оларға жеңілдетілген шағын несие беру кәсіп көзін табудың неғұрлым тиімді тетігі болып отыр. Биылдан бастап жыл сайын беріліп келе жатқан шағын несие көлемі ұлғайтылып, елімізде 14 мың адамды қаржыландыруға жағдай жасалмақ. Шаруасын дөңгелетем дегендерге үлкен мүмкіндік туды.

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
-Кешкі пойызға асығып бара жатыр едім, сіздің қожалығыңыздың жерінен төтелей өтіп кетсем бола ма?
-Өте беріңіз, бірақ сүзеген сиырларым мен бұқаларыма кездесіп қап жүрмеңіз, онда кешкіні қойып, түскі пойызға үлгеріп кетесіз!

Жанаргүл Мұқтай

Осы айдарда

Back to top button