Қоғам

Шаруаларды шаршатқан қаржылай қолдау қоры

Шаруаларды шаршатқан қаржылай қолдау қоры


Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалының Өскемендегі ғимаратының алды құжынаған адам.Ауылдың қарапайым шаруа адамынан бастап аудан әкіміне дейін осында жүр.

Көктемнен бастап, несие беруге тиіс қор қызметкерлері жаз бітіп, күз аяқталуға жақын қалғанда алқын-жұлқын, күні-түні, тіпті, түнгі сағат 12-ге дейін жанталасып жұмыс істеп жатыр. Қор ғимаратына жиналған адамдардың бірнешеуімен тілдескенімізде, мекеме жұмысына өкпесі қара қазандай екендіктерін жеткізді. Ұлан ауданы, Ізғұтты Айтықов ауылының тұрғыны Қаржаубай Қайратханның несие ала алмай әуре-сарсаңға түсіп жүргеніне 6 айдың жүзі болыпты.

– Әуелде қор қызметкерлері басқадай құжаттарды сұратқан. Құжаттарды жинап әкелсек, бұларың жарамайды, басқа құжаттар қажет деп отыр. Шынын айтсақ, қағаздың соңында жүреміз деп әбден шаршадық. Аудан әкімі де, ауыл әкімі де бізбен бірге осында жүр. Оларға қояр кінәміз жоқ. Ауылда тұрған соң сүт мәшинесін, сүтті сақтайтын тоңазытқыш алсақ па деп ойлағанбыз. Кәсіп ашыңдар, ауыл шаруашылығымен шұғылданыңдар деп Елбасының өзі айтып жатқан жоқ па? Бірақ мына мекеме етектен тартып, еңсемізді түсіріп отыр, – дейді ол.

Бар жұмысты жиып қойып, екі аптадан бері құжаттардың жырымен Өскеменде жүрген Зырян аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Құттыбаева биыл аудан тарапынан 70 миллион теңгеге 12 адам өтініш бергенімен соның тек жетеуі ғана қанағаттандырылып, 15 миллион теңге көлемінде несие берілгенін тілге тиек етті.

– Көктемде біздің аудан да ел қатарлы құжаттарын өткізді. Хабар болмай кеткен соң, қорға барып білгенімізде жіберілген өтініштердің кейбірінің мүлде тіркелмегенін, тиісті жерлерге жеткізілмегенін, тіпті, кейбір құжаттардың жоғалып кеткеніне көз жеткіздік. Мұндағылар уақыттың өтіп кеткендігін, ақшаның таусылып қалғандығын айтты. Содан әуелде 18 миллион теңгеге өтініш берген адамдарды 9 миллион теңгеге келістіруге тура келді. Сөйтіп жүргенде қор қызметкерлері басқа құжаттар жинау керек деді. Сәйкес келмейді деді. Содан не керек, ақырында бірнеше адам несие алудан бас тартты. Қор жұмысының жүйесіздігінен ауылдағы қарапайым адамдардың мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімі жоғалып барады, – дейді.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалының директоры Ғалымжан Таубаев өзінің 1 тамызда қызметке кіріскендігін, жұмысқа жаңадан келген қызметкерлердің үлгермей жатқандығын, мұнда жүргізілген тергеу шаралары да жұмысқа кедергі келтіргенін жоққа шығармады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірде түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегендігін, бірақ қазір жағдай біршама ретке келгенін, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша берілуге тиіс 897 миллион теңгенің 548 миллион теңгесі берілгенін, қалған 355 миллион теңге 15 қазанға дейін игерілетінін жеткізді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жакупбаев филиал директорының «түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді» деген сөзінің шындыққа жанаспайтындығын, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да көптеген жұмыстар жүргізілгенін айтты. Басқарма басшысының айтуынша, министрлікте кооперация бойынша арнайы құрылған департамент облыстың әр ауданында, әр ауылдық округінде жиын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.

-Қордың қаржыны игермей жатқандығына алаңдаушылық білдірген облыс әкімі Даниал Ахметов Ауыл шаруашылығы министрлігіне екі мәрте жеделхат жолдады. Соның нәтижесінде мұнда көмекке өзге өңірдегі филиалдардан 10 маман келді. Олар келмесе, бұл қаржы да игерілмес пе еді. Қордың жұмысын прокуратура үш ай тексерді. Коррупцияға қарсы қызмет, есеп комитеті мен министрліктің өкілдері де қорға тексеру жүргізді. Қор жұмыс істеп жатыр, бірақ тым баяу. Өз деңгейінде емес. Қорға өтініштер толық берілген. Бірақ төлемдер дұрыс берілмей жатыр, – деген басқарма басшысы қала мен аудан әкімдерінің мұнда соңғы екі аптада 4 рет келгенін, ал қор қызметкерлерінің үлгермегендіктен демалыссыз, мереке күндері де жұмыс істеп жатқанын айтты.

А.Әбіл

Осы айдарда

Back to top button