Қоғам

Шаршы алаңның «шаңын қаққан» Іргебаев қайда жүр?

Шаршы алаңның «шаңын қаққан» Іргебаев қайда жүр?


«Бағы жанбаған боксшы» дейді оны біреулер. «Бапкерлердің қиянатына ұшыраған талант» деп жатады енді біреулері. Қалай айтса да, шаршы алаңның «шаңын қаққан» бұл жігітке Олимпиада ойындарының дәмі бұйырмады демесеңіз, лайықты бағасын жанкүйерлері баяғыда беріп қойған.

…Гүрзі жұдырық гүрс етіп тигенде, алпамсадай алып дене теңсетіп кетті. Іле-шала жойқын соққылар сериясы тағы қайталанды. Қарсыласы есеңгіреп қалды. Қарымта қайтаруға дәрмен жоқ. Шаршы алаңның жиегіне керілген арқанға сүйеніп, әупірімдеп әрең тұр. Айнала ию-қию шулаған жұрт. Нокдаун! Есеп ашылды…

Аса ауыр салмақтағы «бітіспес» қарсыластар атанған қазақтың қос батыры Мұхтархан Ділдәбеков пен Рүстем Іргебаевтың арасындағы 2006 жылы бокстан Астанада өткен алықаралық турнирдің финалы бұл. Сол жекпе-жекте аягөздік арлан өзінің ұлттық құрамадағы басты бәсекелесі, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековты ұпай айырмашылығымен ұтып, жеңімпаз атанған. Сөйтіп ұлттық құраманың бапкерлері мен мамандары арасындағы «+91 келіде кім мықты?» деген қызу таласқа нүкте қойған. Алайда, Рүстемнің жолы болмады. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген рас екен ғой. Өзінің спорттық ғұмырында талай байрақты бәсекенің алтын-күмісін арқалап, қоласын қолтықтап әкетіп жүрген жерлесіміздің «Олимпиадада атой салсам» деген арманының орындалмауы өкінішті. Әйтпесе, оның атақ-дәрежесі де, шеберлігі де төртжылдық додасында өнер көрсетуге әбден жетіп тұрған. Тек дәм бұйырмады. Он үш жылдан астам уақыт тастамай киген былғары қолғабын шегеге ілуге осы жайт себеп болғанға ұқсайды.

– Бокстан 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы қарсаңында кеттім. Сол жылы мен ұлттық құраманың аса ауыр салмақтағы бірінші нөмірлі боксшысы бола тұра, Олимпиада ойындарына ілінбей қалдым. Бапкерлер кеңесінің шешімімен орныма Руслан Мырсатаевты жіберді. Бұл жағдай маған қатты әсер етті. Өйткені әрбір спортшы Олимпиадаға қатысуды армандайды. Төрт жыл бойы маңызды додаға барын салып дайындалады. Ал ұзақ уақыт бойы жаттығып, шелектеп тер төгіп, қаншама сынақтардан өтіп келгенде жолдамадан қағылу кімге де жеңіл тимейтіні анық. Ақыры бокспен қош айтыстым, – дейді Рүстем батыр.
Бұрын спорттан азын-аулақ нәпақасын тауып жүрген Рүстемге енді табысты басқа кәсіптен іздеуге тура келеді. Қолында қос дипломы бар (Қазақтың спорт және туризм академиясын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заңгер мамандығы бойынша магистратурасын бітірген) жігітке жұмыс деген сөз болып па? Алматыда соттар әкімшісінің жанындағы ұйымға күмп ете қалады. Алайда, заңгерлік қызмет боксшының оң жамбасына келмегендіктен көп тоқтамай бизнеске бет бұрады. Достарымен бірге инженерлік компания ашып, кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Бірақ ол да ұзаққа бармады. Ел экономикасының еңсесін езген дағдарыс жаңадан басталған бизнеске көлеңкесін түсіріп, адымын аштырмаған соң, кәсіпкерлікті тоқтата тұруға тура келген. Осындай елең-алаң шақта бұлт арасынан жылт еткен күннің көзіндей болып үміт сәулесі көрінеді. Бокстан ұлттық құраманың тізгінін ұстаған мамандар ауысқан екен осы тұста.

– Кейін өкініп жүрмес үшін боксқа оралып, бағымды тағы бір сынау керектігін ұқтым. Екі жылдай үзілістен кейін былғары қолғапты қайта кидім, – деп сөзін жалғады ол.

Боксқа қайтып оралғаннан кейін Рүстем ел біріншіліктерінде, халықаралық турнирлерде жүлделі орындардан көрініп, мамандардың сенімін қайта жаулап алды. Бірақ арадағы үзіліс кері әсерін тигізбей қоймаған секілді. Оның үстіне жасы құрғыр отызға аяқ басып қалған. Бұрынғы шалт қимыл бәсеңсіп, жойқын соққылар жұмсара түскендей ме қалай өзі? Күш-қайрат та біртіндеп кеми бастаған. Ал жастар болса алдыңғы толқын ағалардың ізін басып, өкшелеп келеді. Қысқасы, уақыт жетті. Бокстан кету керек. Бұл жолы мүлдемге. Лондон Олимпиадасы өтетін 2012 жылы кейіпкеріміз осындай шешімге бекіді. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, Аягөзден Алматыға спорттың соңынан қуып келген жас талант бокс мәнсабын бір мүшелден астам уақыт өткізіп барып тиянақтады. Бұл уақыт ішінде ол спорттың ыстық-суығына қатар төзіп, әбден шыңдалды. Талай бапкердің тәлімін алды, үйренді. Бір сөзінде Рүстем өзінің бапкері болған, елдегі білікті мамандардың қатарынан саналатын Александр Апачинскийдің ерекше қылықтарын айтып күлдіргені бар.

– Бірде бапкерім Александр Ивановичпен еріп оның туған жері Балқашқа бардым. Күн ысып тұрған. Ол кісі маған көлге шомылып, қайықпен серуендеп қайтуға ұсыныс жасады. Содан екеуіміз қайыққа міндік те кеттік. Мен ескек есіп келем. Көлдің ортасына қарай ұзап шықтық. Ескекпен алысып қатты терледім. «Суға бір сүңгіп шық» деді бапкерім. Ойымда түк жоқ қойып кеттім. Бір сәтте қарасам, ағатайым мені тастап қайықпен жағаға қарай жүзіп барады. Соңынан айқайлап қудым келіп. Жеткізер емес. Тым ұзап та кетпейді. Арақашықтықты сақтап отырды. Сөйтіп екі сағаттан артық суда жүздіріп қойғаны бар, – деп еске алады бақилық болған бапкерін ол.

2012 жылы екінші рет бокстан кеткенімен Рүстем бұл спорттан мүлдем қол үзген жоқ. Бастапқы кезде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында екі жылдай істеп, кейін «Астана арланс» кәсіби боксшылар клубы ұсынған қызметке кіріседі.

– Бір күні таңертең айнаға қарап тұрып артық салмақ қосқанымды байқадым. Ол кезде салмағым 130 келі тартатын. Бұлай жүре беруге болмайтынын түсіндім. Кешкісін сөмкемді көтеріп спорт залға тарттым. Содан күндіз-түні жаттығу залынан шықпадым ғой. Темір көтеріп, бұлшық еттерімді қатайтып, бұрынғы қалпыма келдім. Сол аралықта «Астана арланс» клубының спорт директорлығына шақырды. Ойланбай бірден келістім, – дейді Рүстем Іргебаев.
Кәсіби клубтың басшылық қызметінде үш жылдан астам уақыт істеді. Негізінен оған жүктелген міндеттің бірі жаттықтырушылармен және командамен қоян-қолтық жұмыс істеу. Айталық, жаттығулар жоспарын құру, қай жерде, қашан және қалай жаттығатынын белгілеп, кестесін жасау. Боксшылардың спорттық киімдермен, жабдықтармен қамтамасыз етілуін назарда ұстау және басқалары. Бұл міндеттерді ол еш қиналмай атқарды. Себебі спорт, бокс оның қанында бар. Басқасы қолынан келмесе де, бокстың «асханасын» бір кісідей біледі ғой.

– Мен өзімді басқа салаларда сынап көрдім. Бірақ шынын айтайын, жаныма спорт қана жақын. Бала кезімнен осы жолды таңдадым. Білім қуып кетуге болар еді. Өйткені, мектепте жақсы оқыдым. Тоғызыншы сыныпты беске бітірдім. Соған қарамастан, боксқа деген ынтам Алматы қаласына жетелеп әкелді, – деп сөйлейді кейіпкеріміз.

Бір қызығы, «Астана арланс» командасы әрбір жекпе-жектің алдында Рүстеммен бірге фотосуретке түсуді ырымға балайды екен. Егер осы рәсімді орындаса команда міндетті түрде жеңіске жетеді. Барлық жекпе-жектерде солай болған.

Әуесқой бокстан басталған спорттық мәнсабын «Астана арланс» кәсіби клубында жалғастырып, телегей тәжірибе жинаған, от пен судан өткен, үлкен мектеп көрген жерлесіміз Рүстем Іргебаев былтырдан бастап бапкерлікке ден қойыпты. «Бісміллә» деп қолға алған жауапты қызметін анау-мынау емес, кәсіби рингте жиырмаға жуық жекпе-жек өткізіп, ешбірінде жеңіліп көрмеген қостанайлық Иса Ақбербаевты жаттықтырудан бастапты. Өткен жылы күзде Алматыда Иса өзінің 18-ші жекпе-жегін германиялық Майкл Курцвейлмен өткізген. Осы бокс кешіне қазақстандық боксшыны дайындап, шаршы алаңға бапкері Рүстем Іргебаев алып шыққаны есімізде.

– Бапкерлік оңай емес. Ол адамның бойында кәсіби біліктіліктен басқа шәкіртін жігерлендіре алатын, намысын жанитын, дұрыс ақыл-кеңес беретін және басқа да көптеген қасиеттер болуы керек, – деп ойын бөліседі бапкер Рүстем.

Айтпақшы, Алматыдағы жекпе-жекте Иса Ақбербаев қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсіріп, чемпиондық белбеуін қорғап қалған болатын.
P.S. Қазақ боксының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған аса ауыр салмақтағы саңлағымыз Рүстем Іргебаевты іздегенде осындай ақпараттарға қанықтық. Ең бастысы, жүздестік, тілдестік. Сабазыңыз спорттан алыстамапты. Бір кетіп, бір келіп жүр екен әйтеуір. Біраз саланың дәмін татып көрген ол жанына жақын қызметті енді тапқан сияқты. Спорттық ғұмырында әділетсіздік пен қиянатты бір кісідей-ақ көрген экс-боксшы өзінің бағын бапкерліктен табатынына сенімдіміз. Талантты адам, барлық жағынан талантты болады ғой…

Рүстемнің анкетасы

1982 жылы 8-тамызда Аягөз қаласында туған. Бойының ұзындығы 198 см. Салмағы 110-120 келі. Әуесқой бокста 192 жекпе-жек өткізіп, оның 181-інде жеңіске жеткен. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еліміздің жастар арасындағы бірнеше дүркін чемпионы. Халықаралық, әлемдік додалардың жүлдегері. Бос уақытында бильярдпен әуестенеді. Құмар ойын, түнгі клуб дегендеді суқаны сүймейді. Философиялық мазмұндағы әдебиеттер оқығанды ұнатады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button