Қоғам

Шарлықтар пошта қызметіне наразы

  Біздер биік мінберлерден жаңа технология, цифрландыру туралы әңгіме қозғап жүргенде, бүтін бір ауылдың күні «Қазпошта»  қызметіне қарап отыр. Оған Жарма ауданы, Кезеңсу елді мекенінің  тұрғыны Мейрамгүл Қапарованың хаты дәлел.

  «Неше күннен бері Шар қаласындағы поштадан жәрдемақы мен зейнетақымызды ала алмай жүрміз. Өйткені поштада жұмыс істейтін оператор жоқ. Бәрін жұмыстан шығарып жіберген. Аудандық бөлімшеге қоңырау шалып,мәселемізді айттық. Олар зейнетақымызды таратып беру үшін уақытша екі қызметкер жіберді. Неше күннен бері пошта жабық болған соң, ұзын сонар-кезек қалыптасып қалған.Қызметкерлер келуін келді, бірақ  кезектің жартысына жеткенде компьютерлер істен шығып, тағы бірнеше күнім екі ортада сандалуымен өтті.  Шарда 10 мың халық тұрады. Мұнда банк бөлімшесі де, банкомат та  жоқ. Ақшаны тек поштадан аламыз. Халыққа қызмет көрсету орталығында бір поштаның тағы бір бөлімшесі болған. Ол  жабылып қалды. Газет-журнал да уақтылы таратылмайды. Қазір мұнда, міне тау болып үйіліп жатыр. Мұндағы пошта қызметі қашан дұрыс жолға қойылады?»,- дейді ол.

Осы мәселеге қатысты «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына хабарласқан едік. Филиал директора Гүлнар Рахимбаеваның айтуынша, штаттық кесте бойынша Шар ауылдық пошта бөлімшесінде бір бастық, екі оператор мен жеті пошташы қызмет етуі тиіс. Алайда қыркүйек айында қызметтерінен кемшілік табылған соң, оперторлар мен пошта бөлімшесінің бастығы жұмыстан шығарылды. Бірнеше күн бұрын ғана бір  оператор жұмысқа қабылданған екен. Пошта бөлімшесінің жұмысын тежеген осы мәселелер.   Хат иесі бөлімшеде операторлар тұрақтамайтындығын да тілге тиек еткен. Оның басты себебі –  жалақының төмендігі. Оперторлар толық жұмыс күн істеп, небары 30 мың теңге айлық алатын көрінеді. Мұны филиал басшылығы да растап отыр.

– Оперторлардың жалақысын көтеру мәселесі қарастырылмайды. Өйткені еңбек көлемі өте төмен. Мысалы, пошта операторы бір күнде небары 29 төлем қабылдайды. Норма бойынша оның саны 150 болуы тиіс. Қазір халықтың көбі онлайн төлемдер жасауға көшкендігін мойындау керек. Сондай-ақ мерзімдік басылымға  жазылушылар саны да күрт төмендеп кетті соңғы жылдары. Мысалы, 2018 жылы осы бөлімшеде 1256 дана газет-журнал болса, қазір олардың саны 933 дана. Соған қарамастан поштаның қызметкерлер штаты азайған жоқ,- дейді филиал басшысы.  Сол 933 дананы тұрғындар неліктен уақытылы ала алмай отыр? Осы сауалға  нақты жауап ала алмадық. Филиал басшысы пошта бөлімшесінде штат бойынша жеті  пошташы жұмыс істеуі тиіс, алайда қазір бір орын бос екендігін атап өтті. Оның айтуынша, газет-журнал мен хат-хабар әр аптаның дүйсенбі, жұма, сәрсенбі күндері таратылып отыр. «Мерзімдік басылымның неліктен уақытылы жеткізілмей жатқандығының  себебін анықтайтын боламыз, сондай-ақ аталмыш бөлімшенің жұмысын шиартуға назар аударамыз» деген ресми жауап алынды  филиал басшылығынан.

ХХІ ғасыр жаңа технологиялар дәуірі десек те, облыста интернеті жоқ ауылдар мен осылайша пошта қызметіне тәуелді елді мекендер бар екендігін мойындауымыз керек. Соның ішін­де шалғай елді мекендерді ауылдарды қаржылық қызметтермен қамтамасыз етіп отырған оператор да осы –  Қазпошта. Алайда  жеделдік пен сапа бірінші орынға шыққан заманда бұл құрылым сол үдеден шығып отыр ма? Уақытылы жеткізілмейтін мерзімді басылым, екі-күннің бірінде істен шығатын копьютерлер мен жиі ауысатын қызметкерлер… Пошта қызметінің бүгінгі бет-бейнесі расымен осындай ма? Шардың  ғана емес, жалпы құрылым өз  жұмысын ширататын кез келген шығар бәлкім. Сіз не дейсіз оқырман?

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button