Шарасыз күйге түсірген «Өскемен – Шар»

«Өскемен – Шар» төте жолымен Астанаға 17 сағатта апарып, алып келетін «Тұлпар-Тальго» пойызының тоқтап қалғаны облыстың тұрғындарына үлкен қолайсыздық тудырып отыр. Астанаға баратын, ол жақтан кері қайтатын ел былтырғы қаңтардан бері қайтадан ескі теміржол торабымен, Ресейдің Локоть стансасы арқылы өтетін айналмамен қатынап, жол азабын тартып жүр.
АЙНАЛМАДАН ҚҰТЫЛУ ҮШІН СУБСИДИЯ ҚАЖЕТ
2018 жылдың басында «Өскемен – Шар» төте жолымен «Өскемен-1 – Астана-Нұрлы жол» бағытында жүріп келген «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздары тоқтап қалғаннан бері, қазір бұл бағытта айналма жолмен «Астана-Лениногор» пойызы ғана жүріп жатыр. Қыстың көзі қырауда, жаздың аптап ыстығында шығыстағы ел жұрт осылайша қайтадан жер-көкті шарлап, елордаға айналма жолмен барып-келуде. Бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген Өскемен – Шар темір жолы осы айналма жолдың машақатын шешу үшін төтелей салынған еді. Енді сол төте жол текке жатыр. Қазір бұл төте жолмен тек жүк пойыздары ғана жүріп келеді. 17 сағаттың орнына 26-27 сағат жолда жүріп, Астананың пойызына отыру үшін Семейге барып, әуреге түсіп келе жатқан тұрғындарды бар бола тұра, жоқ болып тұрған «Өскемен – Шар» төте жолы осылайша шарасыз күйге түсіріп отыр.
Былтыр екі ортаға жүріп жатқан жүрдек пойыз аяқ астынан не себепті тоқтап қалғанын білу үшін, Астанадағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның операторларына хабарласқанымызда: «Астанаға жүрдек пойыз енді жүрмейді. Вагондарды жаңартуға орай, алдымызға қойылып отырған міндеттерге сай бұрынғы №67 «Астана -Өскемен» бағытындағы «Тұлпар-Тальго» пойызының вагондарын №376 «Астана – Лениногор» бағытындағы пойызға ауыстырып, жалғадық. Бұл пойыз әлеуметтік пойыз, сондықтан осы пойызды қалдырып отырмыз. «Тұлпар – Тальго» алдағы жылы, жаңа вагондар сатып алған соң бірақ жүреді» –, деп жауап берген болатын компания операторы.
Алдағы жыл әлдеқашан жетіп, 2018 жыл өте шыққанымен, «Тұлпар –Тальгоның» төте жолмен жүретін түрі жоқ. Облыс тұрғындары Локоть арқылы жүретін айналма жолдың азабы әбден өткенін айтады.
– Бұрын кешкі сағат 5-те отырып, сағат таңғы 9-дан өте Астанаға түсіп қоятын едік. Астанаға, елорда арқылы басқа өңірлерге қызмет бабымен жиі барып тұруымызға тура келеді. «Тұлпар –Тальгоның» билеті біршама қымбат болғанымен, бәрібір ұшақтың билетінен арзан. Бір ұйықтап тұрған соң, таңертеңінде елордаға түсесің. Қазір айналма жолдан қашып, Семейге таксимен барып, пойызға отырасың. Қаншама уақыт пен қаржы кетеді. Кеткен шығыннан, уақыттан бөлек, қысқы мезгілдерде жүріп-тұру үлкенге де, кішіге де аса қиын. Ал енді жүріп-тұруға, Семейге барып, одан қайта пойызға отырып, жүруге қиналатын үлкен адамдар айналма жолмен шығатын болса, екі сағаттық жерге тоғыз сағат бойы жүріп, шаршап, шалдығып жетеді. Меніңше, бұл бір жылда емес, бірер аптада-ақ шешіле алатындай мәселе, – дейді Ресейдің Локоть стансасы арқылы жүретін айналма жолдың жолаушыларды әуре-сарсаңға салып келе жатқанын айтқан өскемендік Ринат Хаджымұратов.
Ғасыр құрылысына балаған «Өскемен – Шар» темір жолы салынды, іске қосылды. Енді ол төте жол тұрғанда аймақ тұрғындарын айналмамен жүргізуге мәжбүрлеп отырған қандай мәселе? Жұрттың бара алмай, барса жете алмай жүрген жағдайын жергілікті билік те, жолаушы тасымалы компаниясы да керек қылмай отыр ма?
Тұрғындарды алаңдатып отырған «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның №68-67 «Астана – Нұрлы жол – Защита» бағытында қатынайтын коммерциялық пойызы неге жүрмей қалды? Енді қайтадан жүре ме?» деген сауалдарға : «Инвестиция және даму министрлігінің 2014 жылдағы №247 бұйрығына сәйкес облысаралық маңызды пойыздардың қатынасы арнайы бекітілген тізім бойынша жүргізіледі. Әлеуметтік маңызды пойыздарды ұйымдастыру тасымалдаушылар шығынын жабу үшін республикалық бюджеттен бөлінген субсидия бойынша жүзеге асырылады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен Инвестиция және даму министрлігінің көлік комитеті арасында жасалған тасымалдаушыларды ұзақ мерзімді субсидиялауға байланысты келісім-шартқа сәйкес 2018 жылы үш әлеуметтік маңызды бағытта «Тұлпар – Тальго» ЖШС вагондарын жаңарту қарастырылған, соның ішінде «Астана – Лениногор» бағыты. Министрліктің көлік комитеті алдындағы міндеттемені орындау үшін компания 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 68/67 бағыттағы «Астана – Нұрлы жол – Защита» бағытындағы жүрдек пойыз қатынасын тоқтатып, Защита стансасы арқылы «Тұлпар –Тальго» ЖШС-нің жаңа вагондарымен жүретін 376 375 «Астана – Нұрлы жол – Лениногор» бағытындағы пойызы қатынасын ұйымдастырды. Сонымен бірге компания комитет пен компания арасындағы келісім -шартқа өзгеріс енгізген жағдайда, сондай-ақ Семей -Локоть және Локоть – Защита учаскелерінде жергілікті бюджеттен қаржы бөле отырып , қала іргелік қатынастар мәселесін шешкен жағдайда, 376/ 375 «Астана – Нұрлы жол – Лениногор» бағытындағы жолаушылар пойызының «Шар – Өскемен» стансасы арқылы жүргізуге дайын екендігін білдіреді» деп жауап берді «ҚТЖ» АҚ атқарушы директоры – «Жолаушылар тасымалы» компаниясының президенті А.Сұлтанов. Біздің ұққанымыз, мемлекеттен субсидия алып отырған компания комитет алдындағы өзінің міндетін орындау үшін жүрдек «Тальго» пойызының жаңа вагондарын әлеуметтік маңыздағы 376 /375 «Астана – Нұрлы жол – Лениногор» бағытындағы жолаушылар пойызының ескі вагондарына ауыстыруына байланысты төте жолмен жүретін жүрдек пойыз қатынасы тоқтаған. Оған қоса компания жүрдек пойыздың «Өскемен – Шар» төте жолымен жүруі үшін біздің облыс Семей – Локоть және Локоть – Защита учаскелері бағытында пойыз жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөле отырып, қала іргелік қатынастар мәселесін шешуі қажет деген шарт қойылып отыр.
Өткен жолы облыс әкімі Даниал Ахметов өз орынбасарларына Инвестиция және даму министрлігіне Шар қаласы арқылы өтетін «Өскемен – Астана» бағытындағы теміржол қозғалысын қайта ашу мәселесін қарастыру жөнінде хат жолдауды тапсырған болатын.
Бұған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов аталмыш мәселені шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтып жауап берген болатын. Басқарма министрлікке жолдайтын хатын қазанда жолдап та қойыпты. Хаттан қайыр болса жақсы.

Нұржан Жұмаділов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– «Өскемен – Шар» төте жолы арқылы жүретін пойыз қатынасын қайтадан ашу туралы «ҚТЖ»-ға, министрлікке хат жолданды. Министрлік келісімін беріп отыр. Егер пойыз қайтадан Астанаға «Өскемен – Шар – Семей» арқылы төте жүрсе, Шемонайха ауданындағы және Семейден Локотьқа дейін баратын участоктағы тұрғындар пойызсыз қалады. Сондықтан олар бізге Өскеменнен Локотьқа дейінгі аралықта пойыз жүргізуге субсидия бөлу қажеттігін айтып отыр. Біз қазір Өскеменнен Риддерге және Өкеменнен Зырянға дейін жүретін пойызды жергілікті бюджеттен субсидиялап, жүргізіп отырғанымызды білесіздер. Сол сияқты енді Өскеменнен Локотьқа дейінгі аралықта Шемонайха ауданы халқын қамти отырып осындай пойыз шығару қажеттігі туып отыр. Ал Семейден Локотьқа дейінгі аралық ресейлік транзиттік пойыздар арқылы қамтамасыз етіледі. Қазір осы бағыттарды жергілікті бюджеттен субсидияландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Егер осы мәселе шешілетін болса, 2019 жылдың қаңтарынан бастап пойыз Өскеменнен Астанаға Шар арқылы қайтадан төте жолмен жүреді. Министрлік пен жолаушылар тасымалы компаниясы келісім беріп отыр, тек жаңағы ішкі жолдарымызды пойызбен қамтамасыз етуіміз қажет.
ҚАРЫЗЫ БОЛҒАНДАР ОРТА ЖОЛДА ҚАЛДЫ
Қазір Өскемен өңірінің халқы Ресейдің Локоть стансасына дейін сабылып барып қана қоймай, шекаралық тексеруден өтіп, тәуліктен астам уақыт жол жүруге мәжбүр болып келеді.
– Былтыр қыста түнде Лениногор – Астана пойызына Өскемен вокзалынан отырып, жолға шықтым. Шемонайха ауданына түнде келіп жеттік. Осы жерде еліміздің шекара қызметкерлері құжаттарымызды тексере келе, несие қарызымның болуына байланысты мені пойыздан түсіріп тастады. Қарызы барларды шетелге шығармауға байланысты қабылданған заңға байланысты маған әрі қарай шекара асып баруға болмайтыным түсіндірілді. Бірақ менің билетімде Астанаға бара жатқаным көрсетіліп тұр. Айналма жолмен жүріп жатқан пойыздың Ресей шекарасынан өтіп, Локоть стансасы арқылы өтетіні оларға түсінікті. Осыған қарамастан заңды орындау керек екендігімді айтып, орта жолда түсіріп тастады. Пойыздан түссем, перронда өзім сияқты қарызы, айыппұлы болып түсіріліп тасталған бірнеше жолаушы жүр екен. Жеті қараңғы түнде танымайтын, білмейтін жерде түсіп қалудың қандай екені белгілі. «Мұны білгенде, бұл пойызға отырмас едім» деп таяққа сүйенген қарт анамыз жолсерікке жалынып, жалбарынғанына қарамастан, оны да пойыздан түсіріп тастады. Егер пойыз төте жолмен жүрсе, жолаушылар жарты жолда қалып, мұндай азап көрмес еді. Шекара қызметкерлерінің бірыңғай базадан көрсеткеніндей, ол кісінің де әлденеге төленбеген қарызы бар болып шықты. Бәріміз бірнеше таксиге отырып, Семейге келдік. Семейге сағат бестерде жетіп алып, Локотьтан айналып келетін өзіміз мінген пойызды тоғызға дейін тағы тосып отырдық. Айналма жолдың азабын айтпағанның өзінде, өз еліңде жүріп-тұруға кесірін тигізіп отырған осындай әуресінің барын айтсаңызшы! -дейді Глубокое ауданының тұрғыны Ерлан А.
Ерлан айтқандай, несие қарызы барлар ғана емес, алимент, коммуналдық қызмет, жол ережесіне байланысты айыппұл, басқа да жағдайларға байланысты қарызы барлар осылай жол ортада Шемонайха жақтан пойыздан түсіріліп тасталынады. Себебі елімізде бірер жыл бұрын қабылданған заң талаптары бойынша мемлекетке қарызы бар қазақстандықтар шетелге (Астанаға бару үшін Ресейдің Локоть стансасы арқылы жүретін пойызбен шекарадан кіре алмайды) шығарылмайды. Заңгерлер бұл ретте тек алимент немесе жол айыппұлдарын, несие қарызын төлемеген адамдар ғана емес, қаланың коммуналдық қызметтеріне де қарызы бар тұлғалар борышкер деп танылатынын айтады. Тізімге 700 теңгеден бастап төленбеген шоттары бар және осы қарызды өндіру туралы сот қаулысы шығарылған адамдар енгізіледі. Сот санкциялаған қаулының көшірмесін борышкер, электронды хабарламамен ҚР ҰҚК шекара қызметі де алады. Шекарадағылар азаматты қарызды өтегені базада расталғанға дейін шекарадан әрі шығармайды. Тұрғындар қарызының бар-жоғын, өтелген, өтелмегенін, басқа да жағдайларды автоматты режімдегі әділет министрлігінің сайтынан тексеруіне болады.
Жол мұраты – жету. Айналма жолдың азабы мен әуресін тартып келе жатқан ел елордаға азып-тозбай, орта жолда қалмай, қашан жылдам жетер екенбіз деумен жүр әлі.
ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
Интернет-форумдағы пост:
– Жапонияда теміржол жалғыз бір мектеп оқушысы үшін де жұмыс істей береді, көрдіңіздер ме?!
– М-м. Сабақтан мүлде қала алмайды екенсің ғой.
Жанаргүл Мұқатай