Шара қолданбағандар жауапқа тартылды

Нан бағасының күрт өсуіне әкелген жағдайға уақытында шаралар қолданбағаны үшін Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары және осы бөлімдерге жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының басынан бастап қалада бірінші сұрыпты нанның бөлшек сауда бағасы өсті. Аппараттық кеңес барысында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бағаның өсуі – әкімдіктің жауапты қызметкерлерінің сапасыз жұмыстарының салдары екенін атап өтті. Шұғыл шараларға жүгінбей баға өсімін алдын ала болжауға және кәсіпкерлермен өзара іс-әрекетті жолға қоюға болады.
Баға көтеру себептерін анықтау және реттеу бойынша шаралар қабылдау үшін жұмыс тобы құрылды, оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобының жетекшісі, қалалық мәслихаттың хатшысы Александр Светаш есеп берді. Бағаның өсуі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің астық бағасын жаппай көтеруден туындаған. Тиісінше, бұл ұн мен дайын өнімдердің қымбаттауына әкеп соқты.
Топ мүшелері әлеуметтік сауда нүктелерінде нанды 65 теңгеден нанды сату үшін үш наубайханамен келісімге қол жеткізді.
Бұдан басқа, топ мүшелерінің ұсынысы бойынша, қала әкімі Жақсылық Омар аппарат басшысына \”Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы \”ҰК\” АҚ басшылығымен жергілікті ұн кәсіпорындарына төмендетілген бағамен астық жіберу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ \”Ертіс\” ӘКК-мен бекітілген баға бойынша ұнның резервтік қорын құру туралы келіссөздер жүргізілуде.
«Дидар» – ақпарат