Қоғам

ҮШҚАРА – БАСЫҢ БИІК, АСА АЛМАДЫҚ…

ҮШҚАРА – БАСЫҢ БИІК, АСА АЛМАДЫҚ...

1996 жылдың соңғы аптасы. Баянауылға соғымға баруым керек. Әуелі ат басын аудан орталығында тұратын Бөрішібай досымның үйіне бұрғам. Обалы не керек, аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл досым дастарқанын жайғызып, қазанын көтертіп қойыпты. Сол күні жақын араласатын көрші-қолаң, дос-жарандары бар, ән айтылып, күй тартылып дегендей, әсерлі кеш болды.

«АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН ҚАРҚАРАЛЫ…»

Бірақ шаруа, мен ойлағандай, аудан басында шешіле салмады. Бөкеңнің айтуынша, жылқы сонау Қарағанды жағындағы қыстақтардың бірінде екен. Қарағанды болғанда, кәдімгі «Атыңнан айналайын Қарқаралы» – деп жырлаған Мәдидің Қарқаралысы. Күн боран-шашынсыз болса алты-жеті сағаттық жер.
Бұйыртқан соғымды «Күнбе-күн барып, ертеңгісін алып қана қайтармын» деп, тасып келген көңіл пәсейіп-ақ қалды. Досымның ойында ештеңе жоқ.
– Саспа, Секе! Мен саған сай-саласында ізі, тауы мен тасында үні қалған атақты Мәди атаңның жайлауын көрсетем, шабытыңа шабыт қосып қайтасың, – дейді ағынан жарылып. Досымды мақтағаным емес. Бөкең жауырыны қақпақтай, балуан денелі, кәдімгі жігіттің төресі. Өзі аңшы, өзі тәжірибелі шофер әрі өкірген механик. Қолынан келмейтіні жоқ. Ол үшін кез келген мәшинені шашып тастап, бірер сағатта жинай салу түк емес. Сегіз орындық ескі, «УАЗ» автокөлігі бар. Ескі деген аты ғана, әлгісі кішігірім үй секілді. Еденіне линолеум төсеп, әйнектеріне перде тартып, іші-сыртын жамап-жасқап жұтындырып қойған. Кабинасының төбесіне іштен отырып-ақ, қалаған бағытыңа бұра беруге болатын дәу прожектор орнатылған. Ал енді ол көліктің ішінде не жоқ деңіз. Ондағы бар керек-жарақты қайсыбіреулердің үйінен де таппайсың. Алып жүруге қолайлы, кішкентай ғана баллоны бар газ плитадан бастап, паяльный лампа, шелек, кәстрөл, ұсақ-түйек ыдыс-аяқ, мылтық, оқ-дәрі, фонарь, қақпан, арқан, пышақ, балта, күрек дейсің бе, қысқасы, не керектің бәрін Бөкеңнің мәшинесінен табасың. Барлығы рет-ретімен аузы құлыпталатын арнайы жәшікке салынған. Ол жәшік – отырсаң орындық, жатсаң төсек. Қысы-жазы солай, сақадай сай. Қалаға келсе де, далада жүрсе де. Бір сөзбен айтқанда, жылдың қай мезгілінде болмасын аң атуға, балық аулап, тау-тас кезуге өте қолайлы, арнайы жабдықталған әмбебап мәшинені көрген де, көрмеген де арманда.
Ертесінде сол, елде жоқ ерекше мәшинемен екеуіміз жолға шықтық. Бағытымыз – академик Сәтбаевтың туған ауылы Теңдік совхозы. Әрмен қарай қаракесектердің жері. Орындықтары арқардың терісімен қапталған көліктің іші күйіп тұр. Айтуынша, кәдімгі трактордың пешін орнатып апты. Біраздан соң сырт киімдерімізді шешіп, жеңілденіп отырдық. Әңгіме жол қысқартады деген, екеуіміз өткен-кеткенді еске алып, өңірдің жер-су аттарының шығу тарихын, сирек кездесетін ит-құсын сөз етіп отырғанда, әйгілі Қарқаралының қойнауына дендей еніп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Жарықтық, тірлігінде қарны жуан, қайырымсыз байлармен жағаласып өткен Мәди бабамыздың:
– Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, – деп жырлаған қасиетті Қарқаралысы. Сол Мәдидің «Сайынан сайғақ құрлы пана таппаған» Қарқаралысының жайқалған жаз жайлауын көрмесек те, ақ қарға оранып ап, түксиіп тұрған тәкаппар тауларына қарап біраз аялдадық…

ЖЫЛҚЫШЫЛАР ҚЫСТАҒЫНДА

Кешегі кеңес заманынан қалған қыстақта отырған жылқышылар құшақ жая қарсы алды. Бас табыншы Бітән – сол кезде қырықты қырқалап қалған, тау тұлғалы шойынқараның нақ өзі екен. Гүж-гүж еткен дауысын айтпағанда, маң-маң басқан жүрісі мен күректей алақанынан кезінде құрық тимеген талай асауды құлақтан басып, шыңғыртып тұрып жуасытқаны байқалып-ақ тұр. Сырт пішіні таусоғардай алып көрінгенімен, ағамыз жаны нәзік, сөз парқын білетін, нағыз «өнер десе, ішкен асын жерге қоятындар» қатарынан екен.
Біз барғанда қыстың қысқа күні еңкейіп қалған. Әне-міне дегенше ымырт та үйіріле бастады. Қыстақтағы екі жігіттің бірі – екі күн бұрын аттан құлап, аяғын сындырып жатыр екен. Оны бізбен қалаға сап жіберетін болды. Екінші жігітті жылқыны айдап әкелуге жұмсаған Бікең қара қазанға толтырып тұрып ет асып жатып:
– Секең інішекті бұрын телебізірден ғана көруші ек, бүгін бұйыртса, таң атқанша тыңдап, айызымды бір қандыратын болдым, – деп қояды… Солай болды да…
Жылқы қыстақтан ұзап кетіпті. Үш жылқышы ертеңінде түс ауа бірақ айдап әкелді. Бітән ағамыз көңілі түссе көл, жомарт мінезді азамат екен.
– Мына мен, Бітімхан атыммен бүкіл қазақ елі сыйлаған ақын ініме байтал беріп не көрініпті, – деді де сойылуы тиіс байталдың орнына бес жасар ту биені алып ұрды. Жануардың күйі де келіскен екен. Ойламаған жерден олжаға кенеліп, мен де қарқ боп қалдым.
Сонымен мал сойылып, қуырдақ қуырылып болғанша, көз де байлана бастады. Тағы да ет асылды. Бұл жолы жаңа ғана сойылған ту биенің еті. Қолы епті жігіттер электр жарығымен-ақ қазыны айналдырып, етті де әп-сәтте мүшелеп тастады. Мынадай сый-сияпаттарын көре тұра, аңқылдаған азаматтардың ақ дастарқанын қалай аттап кетесің? Оның үстіне қыс ішінде түн қатып жол жүру оқыс. Амал жоқ, жылқышылар ауылында екінші күн түнеуге тура келді. Түннің бір мезгілінде жел көтеріле бастады. Бұл – жылыстап жеткен жылдың ең соңғы күні болатын.
– Таңертең ертерек қамданып, Баянауылға бір жетіп алсам, ары қарай жол сайрап жатыр. Павлодарға дейін бар болғаны екі-үш сағаттық жер. Кешкі жеті-сегіздерде жетіп қалсам да, ар жағында жаңа жылды үйдегілермен қарсы алуға мүмкіндік мол, – деген ой құшағында жатып ұйықтап кетіппін.
Қанша жерден ерте қамдансаң да, үй иелерінен асып кете алмайды екенсің. Олар түрегеп, жуынып-шайынып дегендей, от жағып, ас-суларын қамдағанша мезгіл түске таяды. Тағы дастарқанға жайғастық. Тағы сол тілек, тағы да «бір-екі ән айтып жібермен» және бірқыдыру уақыт өтті. Сонымен, соғымды тиеп, аяғы сынған жігітті алып, қалғандарымен қоштасып жолға шыққанымызда сағат тілі түскі екіден еңкейіп бара жатты.

ҮҢГІРГЕ ТҮНЕГЕН ҮШЕУ…

Шығуын, шықтық-ау. Бірақ дәл біздің шығуымызды күтіп тұрғандай-ақ, айналасы жарым сағаттан соң түнде басталған борасын да үдей түсті. Соғым сойылып, өзімізді де, жылқышыларды да риза еткен көңілмен әуелде күннің райына мән бермеппіз. Ұйытқи соғып ұлыған жел барған сайын күшейіп, жүрісіміз баяулай бастады. Айналамыз аппақ, ақтүтек боран түк көрсетер емес. Қырсыққанда мәшиненің әйнек тазалағышы (дворник) қарды тазалап үлгермей, қайта-қайта қатып, ақыры мүлдем тынды. Амалсыз тоқтауға мәжбүр болдық. Әсілі, «Жолы болмас жолаушы, жол кеседі» деген сөз текке айтылмаса керек. Ендігі жерде Павлодарды былай қойып, Баянауылға жетуіміздің өзі мұңға айналды. Жолы қайсы, жырасы қайсы, адам біліп болмайды. Алғашқы екпінмен жылқышылар қыстағынан да бірқыдыру жерге ұзап кетіппіз. Ұйытқи соққан ақ боран мәшинені шайқап қана қоймай, әне жер, міне жерден саңылау тапқан сумақы жел қар ұшқындарын енді ішке үрлей бастады. Үшеуімізде үн жоқ. Бөкең көліктен түсіп, маңайды байқамақ болған. Қайдағы байқаған, құтырына соққан жел көліктің есігін жұлып әкете жаздап, әзер ұстап қалды.
Амалы әбден таусылған Бөкең арт жақтағы жылқышыға қарап: – Әй, Жарқынбек, біздің осы тұрған жеріміз Үшқараның тұсы емес пе? – деді өз тұспалына өзі дүдәмалдана сөйлеп. Манадан бері анда-санда басын көтеріп, маңайға қарайлап келе жатқан жылқышы жігіт жұлып алғандай:
– Бөке, дәл айтасыз, мөлшеріңіз дұрыс секілді. Менің білуімше, оң қапталымыздағы тік таудың етегінде бұлақ болуы керек. Сол бұлақтың ту желкесінде үңгір бар болатын. Соған еңбектесек те бір жетіп алсақ… Аман қалар едік, мына тажалдан, қалайда жетуіміз керек – деді әлдебір үміттің отын жылт еткізгендей.
Үшқара. Тағы да сол Мәдидің абақтыда жатып:
– Үшқара – басың биік аса алмадым,
Жайқалтып, жапырағыңды баса алмадым – деп күңіренетін әйгілі Үшқарасы ғой бұл. Кім ойлаған, Мәди ғана емес, Қасым бастаған талай азулы ақындардың жырына арқау болған Үшқараны осындай алай-дүлей ақ боранда көремін деп. Көремін дегенім, жай сөз. Мына ақтүтекте Үшқараны көру былай тұрсын, бір адым жерді көру мұң болатын. Осы кезде:
– Әй, жігіттер! Бір амалын таппасақ, бензін таусылып, арам қататын түріміз бар, – деп ойымды бөлген Бөкең боран сәл саябырсыған бір сәтте шапшаң қимылдап тысқа шығып кетті.
– Әй, Бөке! Абайла, алысқа ұзама! – деген ескертпемізді естісе де, естімеген секілді.
– Апыр-ай, мына ақтүтекте адасып кетпесе жарады, – деп қала бердік.
Арада сүт пісірім уақыт өтер-өтпесте қайтып оралған досым:
– Жігіттер, суішкілігіміз бар екен. Құдай қарасқанда тура бұлақтың тұсына тоқтаппыз. Мен қазір мүмкіндігінше екпіндеген қалпы бұлаққа барып бірақ тоқтаймын, – деді мәшинесін оталдырып жатып. Қанша дегенмен қысы-жазы тау-тасты кезіп, әбден кәнігі болған аңшы емес пе. Айтқанындай енді-енді жалдана бастаған күртік қарды бұзып-жарған бойы мәшиненің артын желге бере бұлақ басына кеп бірақ тіреді де, иығынан бір ауыр жүк түскендей «Уһ!» – деп терең дем алды.
Айналасына үшқат пен итмұрын, тал-теректер қалың өскен бұлақ басы сәл де болса ықтасын екен. Бір ғажабы – сырттағы аяз 20-25 градус болса да, бұлақ қатпапты. Қас қарайып кетпей тұрғанда біріміз керек-жарағымызды алып, біріміз жылқышыны арқалап қол созым жердегі үңгірге жетіп жығылдық. Үңгірдің аузы сәл тарлау болғанымен іші әжептәуір кең екен. Алакөлеңке болса да, далаға қарағанда әлдеқайда жылы. Бір бұрышта үйіліп жатқан отын мен ағаштан жасалған мосыға, отыруға ыңғайланып қойылған бөренелерге қарап, бұл үңгірдің талай жанға пана болғандығын аңғаруға болады. Біраз ентігімізді басып, үсті-басымызды қаққасын, шығаберісіне таман үш-төрт тас қойып, бұрын біреулер от жаққан жерге Бөкең де от тұтатып, тіршілік қамына кірісіп кетті. От – тіршілік белгісі емес пе. Әлгінде ғана түнеріп тұрған үңгірдің ішіне жарық түскесін, біздің де бойымызға қан жүгіріп, еңсеміз көтеріліп қалды. Біраз жылынғасын досым екеуіміз мәшинеден ыдыс-аяқ, астыға төсейтін көрпе-көншек, тіпті асатын ет те алып келдік.
Бұл кезде айналаны қараңғылық әбден басып, дүлей боран үдей түскен. Далада ұлыған ит-құстың үні ме болмаса ұйтқи соққан жел ме, адам ұғып болмайтын үрейлі дыбыстар естіледі.
Бөкеңнің әмбебап көлігінің қызығын осы жолы көрдік. Түннің бір уағында кез келген тығырықтан жол тапқыш досымның былқылдатып тұрып шелекке асқан етін алдымызға ала отырып, көк жәшіктің түбінен табылған бір шишаны үшеуіміз қақ бөліп ішіп, бір-бірімізді Жаңа жылмен құттықтадық.
Осылайша, боранға қамалған үш жігіт, үш ұйықтаған адамның түсіне енбейтін жағдайда, жылнаманың 1997 жаңа жылын әйгілі Үшқараның үңгірінде қарсы алуға мәжбүр болғанымыз бар… Күн жаманы өтер деген. Ертесінде боран да басылып, жол да ашылды. Аман-сау үйімізге де жеттік… Бірақ өз заманында Мәди аса алмаған Үшқарадан сол жолы біз де аса алмадық. Мәдидің қалайша аса алмай жүргенін кім білсін. Ал бізді бөгеген – ақ боран болатын.
Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, осы бір ғажайып оқиға жыл сайын ойыма оралып отырады.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button