ҚоғамТОП

Шанағаты ауылында аяз алпыс градусқа жетті

Бұлдырап, сонау алыста қалған 1969 жылы сол кездегі Марқакөл ауданының Орловка (қазіргі Шанағаты) ауылында қысқы аяздың 56 градусқа жеткенін естіп, жағамызды ұстаған едік. Елу жылда – ел жаңа демекші, заманымызбен қатар климатымыз да жаңарып, жыл өткен сайын өзгеріп бара жатқан сыңайлы.

Биылғы қаһарлы қыстың алуан түрлі қиындықтарды көлденең тартқаны ақиқат. Қардың қалыңдығы екі метрден асты. Ал қақаған аяз рекордты көрсеткіштен асып кеткелі қашан. Мәселен, ақпанның 21-нен 22-сіне қараған түнде аяз Шанағаты ауылында 60 градусқа жетіп, термометр жолағы Балықтыбұлақта 55, Ұранхайда 52 градусты көрсетіп тұрған екен. Мұндай аяздар әлемдегі ең суық нүкте – Саха еліндегі Оймякон ойпатында болатын еді, «құлақ естігенді көз көреді» дегендей, ақыры, міне, өзіміздің ауылдарды да буып тастады.

– Осыдан бірер апта бұрын таулы өңірлердегі бүкіл облыс болып жабылып ашқан жолдарды жақында жауған қар мен боран қайтадан толтырып тастады, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Амантай Иқамбаев. – «Марқакөл жолдары» және «ОблШығысЖол» кәсіпорындарының қуатты тракторлары қарды тазалауға шыт жаңа кірісіп, бар күштерін жұмсап жатыр. Ұранхайдан шыққан қуатты тракторлар жолды ашып, үш күн дегенде Төсқайыңға жетті. Біздің тракторларымыз Қарой мен Қайнарлы бағытындағы жолдарды тазалап шығып, енді Қайнарлы ауылының көшелерін қалың қардан арылтып жатыр. Ал Төсқайыңнан Шанағатыға бет алған бір тиегіш трактор енді бар күшін салып, сол ауылға жол ашуға кірісті. Оның жанында тазартылған жолды кеңітіп, ретке келтіріп отыратын бір бульдозер бар. Екеулеп жол ашады. Содан соңғы кезекте Балықтыбұлақ ауылы тұр.

Қалай десек те, биылғы қыс халықты қырына алып-ақ тұр. Табиғатқа өкпе айтқаннан пайда бар ма? Сондықтан елдің тілеуін тілеп, «шыдай тұрайық» дегеннен басқа амал жоқ, не қылса да Тәңірім ел-жұртты, ел сүйеніп отырған төрт түлік малды аман қылсын!

 

Х. Қайроллаұлы

Осы айдарда

Back to top button