Экономика

Шамадан тыс шарықтауға жол бермейді

Шамадан тыс шарықтауға жол бермейді
Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің өкімі негізінде инфляциялық үдерістерді тежеуге бақылау жүргізетін тұрақты аудандық штаб құрылған еді. Оның құрамында 15 адам жұмыс істейді.
Жыл басынан бері штабтың бірнеше отырысы өткізіліп, азық-түлік бағасын ауыздықтаудың шаралары қарастырылды. Жергілікті ұн өндірушілермен әлеуметтік ұнды ай сайын наубайханаларға әр келісін 80 теңгеден босату туралы меморандум жасалынды.
Соның нәтижесінде Үржар өңірінде нан бағасы тұрақтандырылып, әлеуметтік нүктелерде бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нанның әр бөлкесі 55, басқа сауда орындарында 70-75 теңгеден сатылуда. Ауданда қазір 28 наубайхана жұмыс істеп тұр.
Бағаларды бірқалыпты ұстау мақсатында әр аптаның сенбі күндері өңірдің ірі елді мекендері – Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында ауылдық округтердің ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізілуде. Жыл басынан бері 29 жәрмеңке ұйымдастырылып, өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен сатылып келеді.
Аудан бойынша бүгіндері бірнеше әлеуметтік дүкендер жұмыс істеп тұр. Аз қамтылған отбасыларды бағасы имантаразы азық-түлікпен қамтамасыз ету межеге алынған. Сауда дүкендерінде 105 әлеуметтік бұрыштар ұйымдастырылып, оларға 418 аз қамтылған отбасы бекітілді. Оларда нан 55 теңгеден сатылуда.
Сонымен қатар, «Көмек қолыңды бер!» акциясы аясында бір нан алғанның тағы бір нанды мұқтаж адамдар үшін қалдырып кетуі дәстүрге енгізіліп, Үржар ауылындағы «Гүлназ» сауда дүкенінде 13, Мақаншы ауылында «Нәйля» сауда орнында 15 мұқтаж жандарға күніне бір бөлкеден тегін нан тізім бойынша таратылуда.
Шалғайда елді мекендерді бірінші кезектегі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында көтерме тасымалдаушылармен келісім жүргізіліп, бағасы төмен азық-түлік керуені ұйымдастырылды. Бұл іс жалғасын табуда.
Осы жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын шамадан тыс өсірмеу мақсатында барлығы 415 жекеменшік иелерімен өзара ынтымақтастық меморандумдары жасалынды. Атап айтқанда, тамақ және өнеркәсіп тауарларының үстеме бағасын 10 % – дан асырмау туралы 380 сауда дүкендері, 28 наубайхана, 2 диірмен, 2 сүт қабылдау орталығы және 3 көтерме сауда иелерімен меморандумға қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button