Қоғам

Шамға кететін шығын адам өмірінен қымбат емес

Шамға кететін шығын адам өмірінен қымбат емес

Жаңа жол қозғалысы Ережесіне енгізілген күндіз жақын шамдарды жағып жүру талабына жүргізушілер тарапынан қарсылық танытатындар әлі де кездеседі. Олардың айтатын басты уәждері – үнемі жағып жүрген жақын шамдардың салдарынан жанармай көп жұмсалады және шамдардың тез күйіп кетуіне әкеліп соғады.

Шетелдік ғалымдар не дейді?

Электронды бұқаралық ақпарат құралдарына сенсек, шетелдік ғалымдар мен мамандар өздерінде осы талапты енгізбес бұрын жан-жақты зерттеп, тіпті қоршаған ортаға тигізетін залалына дейін анықтаған көрінеді. Сарапшылар жақын шамдарды жағып жүру жағармай шығынын 1-2 пайызға арттыратынын растайды. Бұл өз кезегінде ауаға шығарылатын зиянды заттардың артуына әкеп соғады. Норвегиялық технология институтында жүргізілген сараптамалар ауадағы көміртектің тотығы, көмірсутегі мен көмірқышқыл газының үлес салмағы көліктің алыс шамдарын жағып жүрген кезде 1-2 пайызға өскенін көрсеткен. Ауадағы азот тотығының мөлшерін төрт рет өлшеп көргенде, үш ретте оның екіден 29 пайызға дейін артатыны, бір рет, керісінше 7 пайызға азайғаны тіркелген. Ғалымдар орташа есеппен азот тотығы ауаны 14 пайызға көп ластайды деген байламға тоқтаған.
Сонымен қатар, жақын шамдарды үнемі жағып жүру халықтың жағармаймен қоса шамдарға деген шығындарын да арттыратынын дәлелдеген. Мысалы, норвегиялықтардың бір жылда көлікке жұмсайтын шығындарының 110-175 кронға өскені аңғарылған (бір норвегиялық крон – 24 теңге – А.Е). Ал канадалық зерттеушілер бір жылда жанармайға кеткен шығын 0,5 канада долларына артқанын жасырмайды (бір канада доллары 157 теңге – А.Е). Дегенмен Солтүстік Америкадағы жанармайдың құны Норвегияға қарағанда көп арзан екенін ескерсек, бұл екі елді салыстыруға келмес.
Осы орайда Германияда елді мекеннің ішінде бұл талаптың осы уақытқа дейін енгізілмеуінің бірден бір себебі – тұтынушылардың жағармайға кететін шығындарының артуы болып табылатынын айта кеткен жөн. Алайда норвегиялық ғалымдар жол көлік оқиғаларының алдын алу шараларына көліктердің жақын шамдарын жағып жүруге кеткен шығыннан үш есе артық қаражат жұмсалатынын есептеп шығарған.
Отбасылық шығынды шамдардың есебінен қысқартқысы келетіндер үшін әлемге танымал OSRAM компаниясы күндізгі уақытқа арналған шамдарды шығара бастады. Мұндай шамдардың қолдану мерзімі әдеттегіден үш есеге ұзартылған. Олардың жарығы қарсы келе жатқан көлікті алыстан анық көруге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар өте үнемді дейді өндірушілер.
Қазақстанда жаңадан енгізілген жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жақын шамды жағып жүру үрдісі батыс елдерінде баяғыдан қалыптасқан. 1968 жылы БҰҰ-ның жол қозғалысы туралы Конвенциясына қол қойған елдердің қатарында Венгрия, Дания, Норвегия. Швеция, Түркия, Канада және басқа да өркениетті мемлекеттер бар. Дания, Эстония, Финляндия елдерінде жақын шам қала сыртында ғана міндетті деп саналса, Исландия мен Италияда автомагистральдар мен шосселерде жағу талап етіледі. Бұл талап Хорватия, Латвия мен Литвада бірінші қараша мен бірінші наурыз аралығында күндіз міндетті деп танылады, ал Норвегия мен Польшада жарық кезде шаммен жүру науқаны бірінші қазаннан бірінші наурызға дейін созылады. Словения мен Чехия тұрғындары жиырма жетінші қазан мен наурыздың соңғы жексенбісіне дейін күндіз де жарықпен жүреді. Көрші Ресейде 2006 жылы енгізілген Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, көлік жүргізушілер елді мекендерден тыс жерлерде күндіз жақын шамды қосады.

Адам тағдыры 20 секундта шешіледі

Қазақстанда соңғы бірнеше жыл көлемінде тіркелген жол-көлік оқиғаларын сараптағанда, олардың 70 пайызы күндізгі уақытта орын алғаны анықталған. Жол қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету көптеген талаптардан тұратыны белгілі. Оған жолдардың дұрыстығы, жол қозғалысын ұтымды ұйымдастыру, жолдардың жарықтандырылуы сияқты факторлар жатады. Бұл шараларды атқаруға, әсіресе адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға қыруар қаржы қажет екені түсінікті. Осы арада халықаралық тәжірибе бұл саладағы заңдылықтарға өзгертулер енгізу арқылы, көп шығын шығармай-ақ жағдайды біршама жақсартуға болатынын көрсетеді.
Тағы да шетелдік мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, Голландияның жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы (SWOV) өлімге әкеліп соққан жол апаттарының 80 пайызында жүргізушілер бірін-бірі уақытында аңғармай қалған деген қорытынды шығарған. Барлық ақпараттың 95-98 пайызын адам көз арқылы қабылдайтыны белгілі, алайда жүргізушілер қарсы келе жатқан күңгірт түсті машиналар мен осындай түсті киім киген жаяу жүргіншілерді бірден байқай алмайды екен. Бұған күн райының бұзылғанын, жаңбырлы күнді, тұманды қоссақ, жол апатының орын алуы арта түседі. Осы жерде ғалымдар шамдарын жағып келе жатқан көліктердің қарсыластарының назарына бірден ілігетінін айтады. Тіпті күн шақырайып тұрғанның өзінде, шамы бар машина 1-1,5 шақырым жерден көзге шалынады. Бір-біріне қарама-қарсы 90 шақырым/сағ жылдамдықпен зулап келе жатқан көліктердің иелері бірін-бірі 1000 метр қалғанда байқады дегеннің өзінде олардың әрқайсысында шұғыл әрекет жасау үшін 20 секунд уақыттары болады. Барлық жүргізілген зерттеулер күндіз автокөліктің шамын жағып жүретін көлік басқарушылардың жол апатына түсіп қалу қаупі 13 пайызға төмендегенін дәлелдеген. Сонымен қатар осы қарапайым талапты орындаудың нәтижесінде жолдағы бақытсыз оқиғаларды 10-15 пайызға қысқартуға болады. Жүргізушілердің 85-90 пайызы осы бапты сақтаса, көліктердің бетпе-бет қақтығысы, жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары да мейлінше азаяды деген пікірге келген мамандар.
Ұмытшақтық үшін айыппұл – 180 еуро

Өскемендік Айгүл Ақынбекова көлікті жеті жылдан бері өзі жүргізіп келеді.
– Мен жаңа Ереже шықпай тұрып-ақ, күн райы бұзылған күндері, жаңбыр, қар жауғанда, тұман кезінде күндіз де жақын шамдарды жағып жүретінмін. Өзімді сонда сенімдірек сезінемін. Біздің қалада көшеде бұрын да көптеген көліктердің жарық уақытта шаммен жүргенін байқағанмын, сондықтан бұл талапқа тез үйренетін шығармыз. Бірақ өз еркіңмен жаққан бір бөлек, қалауың біледі ғой. Ал міндетті дегенде, ұмытып кетпеуге тырысу керек, – дейді автобикеш.
Жол қозғалысы туралы жаңа ереже үстіміздегі жылдың 7-қаңтарынан бастап күшіне енгенімен, шығысқазақстандық жол полицейлері әзірге жүргізушілерге түсіністікпен қарап, айыппұл салмай келеді.
– Жаңа талап көпшілік үшін тосын жағдай болғандықтан, жол қызметкерлері күндіз көліктің жақын шамын жақпай жүргендерге әзірше ешқандай жаза қолданып жатқан жоқ, – деп түсіндірді облыстық ІІД баспасөз орталығының жетекшісі Бақытжан Торғаев. – 17-қаңтарға дейін тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұрын ондай дағды болмағасын, ұмытып кететіндер кездеседі. Сол себепті жүргізушілердің осы талапқа дағдылануларына уақыт керек деп шешілген. Ал 17-ақпаннан кейін ережені сақтамағандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Керек дерек

Ұмытшақ жүргізушілерге ең көп айыппұл салынатын ел – Норвегия, 180 еуро. Ереженің осы бабын орындамау отбасылық бюджетке Данияда – 70 еуро, Исландияда – 60 еуро, Финляндияда – 50 еуро, Германияда – 40 еуро, Эстония, Италияда – 35 еуро, Польшада 20-500 польша злотосы көлемінде салмақ түсіреді екен.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button