СпортТәуелсіздік - 30ТОП

Шалқар ЖОЛАМАНОВ, балуан: – Төл күресіміздің мәртебесі өсті

Екі жыл қатарынан «Қазақстан барысында» үздіктер қатарынан көрінген Шалқар Жоламановты облысты қойып, республика жұртшылығы жақсы біледі. Спорттағы мансабын самбошы ретінде бастаған жерлесіміз осы күнге дейін самбо мен қазақ күресінен өткен талай байрақты бәсекеде топ жарған. Жақында былайғы жұртқа «Қожақыл» деген лақап атымен де таныс балуан Өскеменге келіп қайтқан болатын. Оқырман назарына саңлақпен болған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

 

Жеңіске лайық болатынбыз

 

– «Қазақстан барысында» екі рет жүлдегер атандыңыз. Сол додаларда беліңізге таққан белбеудің бірі күміс, енді бірі қола болды. Ал топ жаруыңызға не кедергі болды деп ойлайсыз?

– Негізі, 2011 жылы өткен алғашқы «Қазақстан барысында» жеңіске жетемін деп ойладым. Өйткені, оған дейінгі түйе балуандар жарыстарында «Қазақстан барысына» қатысатын қарсыластарымның талайын ұтып жүрдім. Сол себепті, жеңіске жетемін деген нық сенімде едім. Жалпы, сол жолы біздің облыстың намысын кіл мықтылар қорғады. Қайсысы да жеңіске лайық болды. Менен бөлек, бұл сынға марқұм Қуаныш Салықбаев ағамыз, артымнан ерген талантты інілерім Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов қатысты. Амал қанша, бағымыз шаппады, финалға шыға алмадық. Ал келесі жылы жарыстың финалына дейін жеттім, алайда шешуші белдесуде тағы да жолым болмады. Сол жолы финалға дейін Ғани Сейділдаев, Руслан Әбдіразақов, Александр Косачев, Ержан Шынкеев сынды кіл мықты балуандармен кездестім. Бүкіл күшімді сол қарсыластарыма сарп еткендеймін. Содан болуы керек, ақтық айқаста қарсыласыма бәлендей қарсылық көрсете алмадым. Негізі, солы жылы бәрінен бұрын Айбекке обал болды.

– Айбек дегеніңіз Нұғымаров қой… Неге олай дедіңіз?

– Жарыс алдында Айбек ініме «бұл жолы екеуімізден мықты балуан жоқ. Егер де финалға екеуіміз шығатын болсақ, жолыңды бер ағаңа, мен «Барыс» атанайын да, сонымен күреспен қош айтысайын», – деп ашығын айттым. Айбек екі сөзге келген жоқ, «Шалқар аға, бір ауыз сөзіңіз, финалға шығатын болсам, жағаңыздан ұстамаймын да» деп жауап берді. Бірақ Айбек шешуші белдесуге жете алмады. Финалға бір-ақ аттам қалғанда, аса тартысты белдесуде өзі ауыр жарақат алып, Бейбіт Ыстыбаевқа жол беруге мәжбүр болды. Артынан маған «Шалқар аға, сеніміңізді ақтай алмадым» деп кешірім де сұрады. Алайда, шындығына келгенде, кешірімді ол емес, мен сұрауым керек, себебі сол жолы Айбектің бағын мен байлап тастағандаймын. Әйтпесе, нағыз жеңіске лайықты балуан сол еді.

– Бұл спортқа қалай келдіңіз?

– Негізі, спорттағы мансабымды самбодан бастағанмын. Бұл күрес түрінен бірнеше дүркін ел чемпионымын. Азия чемпионы деген де атағым бар. Ал қазақ күресіне бет бұруыма ауылдағы бапкерлерім Төлеубек Шәкенов пен Жақатай Берікболов ағаларымыз себепші болды. Негізі, 2003 жылға дейін жарыстарға Алматы қаласының атынан қатысатынмын. Содан, мұндағы ағаларым шақырған соң, Шығысқа оралдым. Сол кезден бастап қазақ күресіне шындап ден қойдым.

 

Бәрі де тәуелсіздігіміздің арқасы

 

– Қазақ күресінің мәртебесі туралы сөз қозғасақ. Сіздің ойыңызша, төл күресімізді олимпиадалық бағдарламаға енгізуге бола ма? Қазақ күресі қанша танымал болса да, олимпиадалық спорт түрі мәртебесі бұйырмаған орыс самбосының кебін кимей ме?

– Жалпы, қазақ күресінің басы-қасында жүрген кез келген азаматтың түпкілікті мақсаты – төл күресімізге олимпиадалық спорт түрі мәртебесін беру екені жасырын емес. Бәріміз де осы бағытта шама-шарқымызша жұмыс істеудеміз, былайша айтқанда, бір терінің пұшпағын илеп жүрміз. Бұрындары елімізде қазақ күресінің бір емес, үш бірдей федерация бар болатын. Бұл да көп жағдайда күрестің дамуына кері әсерін тигізетін. Ал қазір сол федерациялардың басы біріктіріліп, үлкен қауымдастық құрылды. Қазақ күресінің мәртебесі өсті. Мәселен, күресіміз мектеп бағдарламасына да енгізіле бастады. Рас, қазақ күресі олимпиадалық спорт түрі атануы үшін әлі көп шаруа тындыру қажет. Уақыт та керек. Түрлі халықаралық жарыстарды, Азия, Әлем чемпионаттарын өткізу қажет. Сонда ғана бұл мәселе күн тәртібіне шығарылмақ.

– Облыстағы қазақ күресінің дамуына қандай баға берер едіңіз? Балауандар ұстаханасы саналатын Семей қаласы мен Абай ауданынан бөлек, қай өңірлердегі төл спортымыздың даму қарқынына көңіліңіз толады?

– Рас, Семей мен Абайдың балуандары мықты. Дегенмен, соңғы жылдары Үржар, Тарбағатай сияқты аудандардан да талантты жастар шыға бастады. Бұл – өте қуантарлық жайт. Жалпы, Шығыстың балуандары қай жарыста да фавориттер қатарында. Мәселен, «Қазақстан барысында» жерлестеріміз жүлдесіз қалған кез болмаған. Бұл, сөзсіз, ерен еңбектің арқасы. Дегенмен, ел ағалары тарапынан да лайықты қолдау бар.

– Жалпы, Тұңғыш Президентіміздің жүлдесі сарапқа салынатын «Қазақстан барысы» жарысы сізге не берді деп ойлайсыз?

– Бұл жоба бізді танытты деуге болады. Жылдар бойы төккен маңдай теріміздің өтеуін көрдік. Әрине, мұның бәрі егемендігіміздің арқасы ғой. Әйтпесе, елімізде осындай маңызды жүлде сарапқа салынатын «Қазақстан барысындай» бірегей жобаларды жүзеге асыру мүмкін болар ма еді? Сондықтан Тәуелсіздігін алып, өркениет көшіне ілескен халқымызға тек қана гүлдену мен көркеюді тілеймін! Ашық аспан астында бала-шағамыздың қызығын көріп, аман-есен жүре берейік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

 

Күреске бармасам, әнші болар едім

 

– Қазір немен айналысасыз?

– Соңғы бес жыл бойы Семейдегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебін басқарып келемін. Мектебіміздің жетістіктері аз емес. Мәселен, жақында бір шәкіртіміз дзюдо күресінен өткен Қазақстан біріншілігінен чемпион болып оралды. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы, мектебімізде спорттың 25 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді.

– Өзіңізден бойы едәуір ұзын әрі салмағы да ауыр Бейбіт Ыстыбаев, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров сияқты алыптармен белдескен қаншалықты қиын?

– Қазірдің өзінде кездесіп қалғанда, «кезінде сендермен қайтіп күрескенмін» деп қалжыңдап айтамын. Әрине, Бейбіт, Ұлан, Айбек секілді таудай балуандармен күресу қиынның қиыны. «Қазақстан барысына» қатысқанымда салмағым 95 келі, бойым 175 сантиметрге жетер-жетпес маған 140 келілік еңгезердей балуандармен күресуге тура келетін. Сонда қарсыластарымды көбінесе айла-тәсіл, тактика мен тәжірибе арқасында тізе бүктіріп кететінмін.

– Күреске бармасаңыз, кім болар едіңіз?

– Негізі, күрес болмаса, дәстүрлі әнші не күйші болар ма едім, кім білсін?!. Жасыратыны жоқ, әлі күнге дейін кішігірім жиындарда қолыма домбыра алып, ән салуды жақсы көремін. Жалпы, әу демейтін қазақ жоқ қой. Негізі, балалық шағымда күресіп жүріп қолымды сындырып алғаным бар. Сол кезде анам «құрысын, сенің кемтар болғаныңды көретін шама жоқ» деп, мені домбыра үйірмесіне беріп қойған. Содан не керек, жарты жылдай домбыра шертіп жүрдім. Дегенмен, күрес пен домбыра үйірмесі бір жерде орналасқандықтан, қайта-қайта есікті шатастырып, күрес секциясына кіріп кететінмін.

– Балаңыздың сіздің жолыңызды қуып, кәсіби спортшы болғанын қалайсыз ба?

– Әрине, қалаймын. Бір қыз, екі ұлым бар. Ұлдарымды күреске өзім баулып жүрмін. Шама-шарқынша тырысып, күресіп жүр, үлкен ұлымның жеңген біраз жүлдесі де бар. Жалпы, балаларымның мен жетпеген белестерді бағындырғанын қалаймын. Ал бұдан не шығатыны Алланың өзіне ғана аян ғой.

Сұхбаттасқан – Нұржан Кенжеұлы,

Суреттерді түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button