Шалқар шабытты Шах-Зада аға
Берікхан Тайжігіт
Мамырсулықтар бұл кісіні Шах-Зада деп емес, Шәйзада деп біледі. Жүзіне күлкі үйірілген осынау еңсегей бойлы ақсақалдың болмысынан көптеген асыл қасиеттерді таба аласыз.
Көзі ашық, көкірегі ояу бұл жанның алыс-жақыннан хабары барлығы өз алдына, жазған-сызғандарын оқып, ақ қағаз бен киелі кенепке салған суреттерін көріп отырып, ағамыздың ешқандай өнер институтын емес, бар болғаны ауыл шаруашылығы саласының білімін алған маман екеніне тәнті боласыз. Иә, Мамырсу ауылында тұратын Шах-Зада Есалы – қаламы қарымды жазушы, поэзия әлемімен сырлас ақын, табиғаттың тылсымына үңіле білген суреші. Ағамыздың мерзімді баспасөздерде жарық көрген танымдық мақалалары мен өлеңдерімен, майлы бояумен салған пейзаждарымен танысқан жан риза болып бас шайқайтыны анық. Алайда табиғатында мақтануды жөн көрмейтін Шәкең бұларын жұртқа жария етуде тым сараң. Өзіне тән мінезімен екі көзі сығырая бір жымиып: «Жә! Шын жазушы Мұхтардай, шын ақын Мұқағалидай, шын суретші Әбілхандай болмай ма! Біздікі бір еріккеннің ермегі секілді нәрсе ғой…» – деп қоя салады. Бірақ автордың «Шежірелер шындығы» деп аталатын жинағын парақтап шықсаңыз, сіздің кітап авторымен келіспейтініңізге мен кепіл. Автордың сөз саптасы мен терең білімі, ықылым заманнан бергі бабалар шежіресін жинақтаудағы ұқыптылығына қайран қаласыз.
– Осы қалам ұстап, жазуға бейімділігімнің арқасында алдымен сол тұстағы Шұбартау ауданының Калинин колхозында есепші-бухгалтер болып қызмет еттім, – дейді Шах-Зада Есалы аға. – Кейін басшылар Сергиопольге (бүгінгі Мамырсу) алдырды. Жергілікті газет өзіне қызметке шақырды, белгілі себептермен бара алмадым. Бірақ бүкіл өмірім ауыл шаруашылығы саласына арналды, бауырым… Ал қылқаламды қолыма алуыма осындай тұмса табиғат ішінде тұруым түрткі болды. Оны ақ қағазға, болмаса керілген кенепке түсірмей тұра алмайсың…
Шынында да Шах-Зада Есалы ағаның «Жайлауда», «Қысқы кеш», «Күз бояулары» , тағы басқа картиналарын бір көрген жан бейжай қалуы мүмкін емес. Осынау табиғат аясында жүріп сен байқамаған әлдебір штрихты ол қаз қалпында ақ қағаз бетіне түсіре салған. Адамда ішкі көздің болатыны шын-ау дейсің… Шәкеңнің поэзияны шынайы тазалықпен, өзіне серт қоя отырып қабылдағанына риза боласың, тәнтісің. Мәселен, ол бір өлеңінде:
«Жеткенін қанша жерге өреміздің,
Беретін бағасын да төрем өзің», – деп поэзияға сыйынса, енді бірде:
«Тым кеш ақындықпен жарасқаным,
«Өлеңге әркімдермен таласқаным».
Ұрт шауып, қыңыр кетсем, өлең-кие,
Аяма, ел бетіне қаратпағын», – деп өзіне қатаң сын көзімен қарайды. Бұл да Шах-Зада ақсақалдың бір қыры. Жоғарыда айтқанымыздай, Ш.Есалы ағамыздың қыры көп. Қарттық дәуреннің қарақошқыл кешін былай деп жырлайды:
«…Айналаңа өтпей сөзің
Көңілің суып қалады.
Жар түбінде жатқандайсың
Арыстандай жаралы.
Бірде жас ең сауық қуған,
Бірде жігіт ағасы.
Енді, міне, қарттық келді,
Табылмайтын дауасы».
Мамырсулық Шах-Зада ағамызды Қарттар күнімен құттықтап, зор денсаулық, сарқылмас талант, ұзақ ғұмыр тілейміз!