Қоғам

Шалғай ауылдарда ауқымды істер атқарылды

Ержан Әбіш

Облыста  шекаралық аудандарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл үшін 2020 жылы кешенді бағдарлама бекітіліп, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан және Үржар аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың нақты жоспары жасалған.

Бес жыл ішінде бағдарлама бойынша 231,5 миллиард теңге инвестиция құю жоспарланған. Былтыр жобаларды жүзеге асыруға 43,6 миллиард теңге жұмсалыпты.

Мәселен, Күршім ауданында 35 агрожоба бойынша несие беріліп, оған 374 бас ірі қара, 221 бас жылқы сатылып алынды. Шаруашылықтар 57 техника сатып алды. Марқакөл ауылындағы «Нұралы» қожалығында сүт цехы ашылды, «Саят» қожалығында сүт фермасы салынды. «Бизнестің жол картасы-2025» аясында мал сатып алу, сүт цехын ашу және айналым қаражатын 43 миллион теңгеге толықтыру бойынша жобалар іске асты. Ауданда үш азық-түлік дүкені ашылды.

Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтуға көңіл бөлінуде. Осылайша, қоспәтерлі 10 үй сатылып алынды. Маралды ауылында су құбыры төселіп, төрт ауылға көше шамдары орнатылды.

Үлкен Нарын – Күршім, Күршім – Қалжыр автожолдары орташа жөнделді. Марқакөл, Қалжыр ауылдарының көшелеріне жөндеу жүргізілді. Марқакөл ауылдық перзентханасы құралдармен жабдықталды. Бурабай ауылында 1 мың метр айналма арна мен арық жүйесі қалпына келтірілді, Бірлік ауылында 300 метр жағалау нығайтылды.

Ал Тарбағатай ауданында шаруашылықтар 70 техника сатып алған. «Елентай» кен орны барланып, жылына 24 мың тонна бентонит өндіретін зауыттың құрылысына құжат дайындалды. Таған кен орны игеріліп, 48 мың тонна бентонит балшығы өндірілді.

«Ниет» өңірлік бағдарламасы аясында ауданда құрылыс материалдарының саудасы бойынша қолданыстағы бизнес кеңейтілді. «Бизнестің жол картасы-2025»  бағдарламасы бойынша екі грант берілді.

Ақжар ауылында дүкен мен базар салынды. Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар үшін 25 қоспәтерлі үй сатылып алынды. Ақсуат ауылында су желілері салынды. Екі ауылда шағын футбол алаңдары орнатылды. Маңырақ, Ойшілік, Көкжыра ауылдарына көше шамдалдары орнатылды. Қызылкесік, Маңырақ, Көкжыра, Ойшілік ауылдарының көшелері абаттандырылып, тротуар төселді. Құйған, Жалаңаш ауылдарына кіреберіс жолдар орташа жөнделді. Байтоғас, Қарасу ауылдарында шағын футбол алаңдары абаттандырылды. Қабанбай, Жаңаталап, Сарыөлең ауылдары мектептерінде және Көкжыра ауылындағы балабақшада жөндеу жұмысы аяқталды. Ойшілік және Қабанбай ауылдарында клубтар жөнделді.

Зайсан ауданында шаруалар 78 техника сатып алды. «Бизнестің жол картасы-2025» шеңберінде ірі қара мал өсіру, нан-тоқаш өнімдерін өндіру бизнес-жобалары іске асты.

Үш сауда нысаны пайдалануға берілді. Аудан орталығында 60 пәтерлі үй салынды, екі пәтерлі 30 үйге инженерлік желілер тартылып, абаттандыру жүргізілді. Сондай-ақ көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін 31 қоспәтерлі үй сатылып алынды.

Бес ауылда су тазартушы блокты-модульді стансалар орнатылған. Айнабұлақ, Дайыр, Қарабұлақ ауылдарының көшелері жарықтандырылды. Сондай-ақ ауыл көшелері жөнделді. Зайсан қаласында ойын, спорт алаңдары орнатылып, аулалар абаттандырылды.  Майқапшағай – Шілікті – Ақжар жолына орташа жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Зайсан мен Жамбыл ауылындағы екі мектеп жөнделді.

Катонқарағай ауданында шаруашылықтар 78 техника сатып алды. Үш агрожоба іске асты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында үш жоба субсидияланып, жеті жоба кепілдендірілді, 104,6 миллион теңгенің гранттары берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша пластик және ағаш бұйымдарын өндіру ісі кеңейтіліп, профлист шығаратын цех ашылды. Сондай-ақ Үлкен Нарын ауылында дүкен кеңейтіліп, Приморское ауылында дүкен ашылды.

Ауданда туризмге баса назар аударылды. Мәселен, Өрел ауылында демалыс базалары, Берел ауылында дәмхана, Үлкен Нарын ауылында жанармай құю станциясы салынды. Ұзақ өмір сүру орталығы және Катонқарағай ауылындағы қонақ үйлер кеңейтілді. Сондай-ақ кәдесый цехы ашылды.

Үлкен Нарын ауылында 30 пәтерлі үй салынды, көпбалалы отбасылар үшін 17 қоспәтерлі үй сатылып алынды.

Ақсу, Шыңғыстай, Аршаты, Солоновка, Жамбыл ауылдарындағы су құбырлары жаңартылды, Свинчатка, Құндызды, Өрел ауылдарында блокты-модульді стансалар орнатылды.

Сондай-ақ ауданда «Алтайэнерго» шағын ауданы және Үлкен Нарын ауылындағы 10 көппәтерлі үй абаттандырылды. Бес ауылда көше жарығы орнатылды. Сөгір – Барлық – Ақсу жолы, Топқайың, Өрел ауылдарындағы көшелер, Солоновка ауылындағы көпір орташа жөнделді.

Үлкен Нарын ауылындағы аудандық аурухана, басқа да ауылдық медпункттер жөнделді. Балғын ауылындағы клубқа ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мәдениет және демалыс орталығының ғимаратын күрделі жөндеуге құжаттама әзірленді. Коробиха ауылы маңындағы Бұқтырма өзенінің жағалауы бекітіліп, Мальчат өзенінің арнасы тереңдетілді.

Үржар ауданындағы Алакөл жағалауына медицина және полиция бекеттері салынды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Үржар ауылында балалар ойын орталығын ұйымдастыру, Ақжар ауылында жартылай фабрикаттар өндіру үшін 12,5 миллион теңгеге төрт грант берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша туризмді дамытуға арналған екі жоба, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арналған төрт жоба іске асты.

Ауданда сегіз сауда нысаны ашылды, техникалық қызмет көрсету стансасы салынды. Агротехника, жаңбырлатқыш қондырғылар, асыл тұқымды мал сатып алу, бордақылау алаңын кеңейту бойынша сегіз бизнес-жоба орындалды.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін екі пәтерлі 26 үй сатылып алынды.

Мақаншы ауылында су құбырлары жаңартылды, Бақты, Ақжар, Жоғарғы Егінсу, Елтай, Шолпан ауылдарында су желілері салынды, Бұғыбай, Қызылбұлақ, Благодатный, Қарабұйрат ауылдарына, Подгорное, Шағантоғай заставаларына блокты-модульді станциялар орнатылды.

Үш ауылда көше жөнделіп, екі ауылда жарықтандырылды. Үржар ауылында «Болашақ» саябағы, бес ауылда шағын футбол, воркаут алаңдары абаттандырылды. Таскескен және Қабанбай ауылдары мектептері күрделі жөнделді. Таскескен колледжі жатақханасының қасбетіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Осы айдарда

Back to top button