Шалдыққанға шуақ, қажығанға қуат береді

Негізгі міндеті қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету болып табылатын «Жан шуағы» қоғамдық бірлестігі аудандық әкімдіктің тапсырмасына сәйкес 2012 жылы құрылған болатын.
Бүгінде бірлестік қызметкерлері тиянақты жұмыстары, шынайы жанашырлық пен зор жауапкершіліктерінің арқасында өздері қызмет көрсететін тұрғындар арасында зор бедел мен сенімге ие болып отыр. Оған осы саланың адамдарына күн сайын айтылып жататын алғыстар мен жүрекжарды ықыластар айғақ. Өздерінің қызметтерімен аудан көлеміндегі 13 ауылды қамтитын бірлестіктің штатында 16 адам бар. Оларға аудандық әлеуметтік қорғау саласында 20 жыл бойы тер төккен тәжірибелі маман Сандуғаш Тәкенова басшылық жасайды. Аталған бөлімді басқарып жүрген кезінде осы бірлестіктің ашылуына мұрындық болып, халыққа қажетті шаруаны жолға қойып, жүзеге асырған Сандуғаш Базылханқызы зейнет демалысына шыққан бойда тізгінді өз қолына алған болатын. Ал төрайымның кеңесшісі Айнұр Мұхаметқалиева мұндағы сан салалы іс-шараларды шебер үйлестіріп, олардың көңілдегідей деңгейде өтулеріне айтарлықтай жетекшілік жасап келе жатыр.
– Ауданда әкімдіктің тұрғындардың жоғарыда аталған санаттарына үйде қызмет көрсетіп, жағдай жасап отыратын аумақтық орталығы бар, – дейді Сандуғаш Базылханқызы. – Бізді олармен шатастырмау керек. Мәселен, олар өз қамқорлықтарына 80 адам бекітіліп берілген болса, осы межеден артық кісі ала алмайды. Демек, бірқатар тұрғындар (мүгедектер, қарт адамдар) мұндай тұрақты жәрдем беріп отыратын қайырымды қызметтен қағажу қалады. Біз осы олқылықты толықтырып келе жатырмыз. Ауданның Күршім, Марқа өңірлеріндегі 13 ауылда біздің қызметімізді тұтынатын 60 адам бар. Міне, біздің сол ауылдардағы қызметкерлеріміз әлгіндей жағдайсыз жандардың отын-суын енгізіп, үйін жуып, дүкеннен қажетті азық-түліктерін жеткізіп беріп, тиянақты әлеуметтік көмек көрсетіп отырады. Ал өзіміз болсақ, облыстық жұмыспен қамту басқармасы жариялаған конкурстарға қатысып, жұмысымызды сол арқылы қаржыландырып келеміз.
Бірлестіктің жыл көлеміне арналып алдын ала жасалып қойған жұмыс жоспары бар екен. Сол жоспар бойынша атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі айта қаларлықтай. Мысалы, аудандық Жастар орталығында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ауданның көптеген ауылдарынан зейнеткерлер, жастар, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мүшелері шақырылды. Залды лық толтырған қонақтар «Ауылда тұрудың үш артықшылығы және үш кемшілігі» атты пікірсайысқа атсалысып, өздерін толғандырған жайларды көпшілікпен бөлісті. Бұл сайыс аса қызу өтіп, іштерінде қайнап жатқан пікірлерін жасқанбай ортаға салып, барынша шешілді. Осы пікірталастың нәтижесінде көптеген тың мәселелер жария болып, келешекте оларды бірлесе шешудің жолдары қарастырылып жатыр.
– Енді біз алдағы жылдың жоспарын құруға кірісеміз, – дейді С.Тәкенова. – Межелеген жұмыстарымыздың ішінде әлеуметтік қызметкерлермен семинар өткізу, Халықаралық әйелдер күні мен Отан қорғаушылар күніне арнап мазмұнды мерекелер ұйымдастыру, «Рухани жаңғыру» тақырыбына дөңгелек үстел отырысын өткізу, кітапхана мамандарын жұмылдыра отырып, Ұлы ақынға арналған «Абай әлемі» атты әдеби-шығармашылық байқау өткізу, әділет басқармасының мамандарымен дөңгелек үстел басында кездесу, «Домбыра күні» және «Астана күні» мейрамдарын талапқа сай деңгейде мерекелеу сияқты айтулы шаралар бар. Сонымен бірге, сырқатты жандарды қатыстыра отырып, психологиялық тренинг өткізбекпіз. Осындай іс-шаралар мен басқа да алуан түрлі қам-қарекетімізді түгендеп жүргенде, Қарттар айлығы мен Жаңа жыл мерекесі де келіп жетеді. Осылайша, біздің жұмысымыз жыл көлемінде рет-ретімен атқарылып, өз жүйесін тауып жатады.
Жарым көңіл, жағдайсыз жандардың баптарын тауып, барынша қамқорлық жасауды мақсат тұтқан аудандық «Жан шуағы» бірлестігінің атқарып жатқан қызметі, алға қойған жоба-жоспарлары осындай.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.