Шалғайдағы мектептің шаруасы түгел
Бозша ауылының тұсын кесіп ағатын Қандысу өзеніне біраз жыл бұрын көпір салынғанда ауыл жұрты арқа-жарқа қуанышқа кенелген еді. Өйткені сыртқы дүниеден қол үзіп қалғандай күй кешкен ауыл жұртының бұл қуанышын түсінуге де болады. Ал өткен жылы ауылдағы электр құдық жөнделіп, Ақжар коммуналдық-шаруашылығы мекемесінің құзырына беріліпті. Ауылда осындай азды-көпті оңды өзгерістер баршылық. Бәрінен бұрын бұл ауылда жас ұрпақтың келешегін кемелдендіруге деген құлшыныс басым. 2014 жылы ауылда жобалық үлгідегі мектеп салынып, ауыл әлпетін ажарлай түскен-ді.
Мектептің сырты қандай келісті болса, іші де сондай көрікті екенін осы жолы ғана аңғардық. Мұнтаздай тап-таза еденді басуға именесің. Оны шет-шалғай жатқан оқу ордасы ғой деуге аузыңыз да бармайды. Қай жағынан қарасаңыз да қалалық мектептерден еш кемдігі жоқ.
Бүгінде Дәулетбай атындағы мектеп-балабақша кешенін Қайрат Алдауышов басқарады. Басшылық жұмысында ысылып қалған Қайрекең:
– Оқу орнында сексен оқушы сапалы білім алып, шағын орталығында 30 бала тәрбиеленуде. Ең алдымен жас буынға дұрыс тәлім-тәрбие беруге маңыз берілуде. Соның нәтижесінде кейінгі жылдары оқушылар арасында оғаш оқиғалар болған емес. Шәкірттерімізге білім беру жағынан да кенже қалған емеспіз. Үлгермейтін оқушы деген атымен жоқ. Әрбір оқу тоқсанын нәтижелі қорытындылап келеміз. Мектептегі 15 оқушы – оқу үздігі, 17-сі – екпінді, -деді.
Оқу-тәрбие жұмысындағы қол жеткізілген жетістіктер өздігінен келмеуде. Мектеп басшылығы тарапынан оқу орнында қызмет ететін 25 ұстазға қатаң талап қойылып, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға ден қойылған. Соның нәтижесінде математика пәнінің мұғалімі Шолпан Тәбиева Кембридж бағдарламасы бойынша бірінші, тарих пәнінің мамандары Қайрат Айтқожин, Динара Құсайынова үшінші деңгейлік дәрежелерді меңгерген.
Әрине өзге ауылдық оқу орындарындағы сияқты мұнда да оқушылар санының азаюы байқалады. Осы келеңсіз құбылысқа қарсы мектеп ұжымы ілкімді жұмыстар ұйымдастыруда. Мектепте Ғаини Ибраева, Гүлбану Мұқанова, Қымбат Бәкеева, Қымбат Көксегенова секілді көп балалы аналардың үлгі-өнегесі ортаға салынып отырады. Ондай жиындарға ата-аналар мен ауыл жастары да көптеп қа-тыстырылады. Ақсақалдар алқасының төрағасы Қазбек Иманғожин, әйелдер кеңесінің төрайымы Аманжол Қожабаева да мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіруге белсене қатысып, келешегіміздің кірпішін қаласуға өз үлестерін қосып келеді.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ата-баба ұстанымын ұлықтаған мектеп ұжымы өз жұмысын осылайша барша ауыл жұртының, ондағы қоғамдық ұйымдардың көмегіне сүйеніп атқарып келеді. Ендеше алған бағыттарыңыз баянды болғай!
Амангелді Жанахмет,
Маңырақ ауылдық округі,
Тарбағатай ауданы