Шалғайдағы ауылда шаруасын шалқытып жүр
Зайсан ауданында шағын ғана Қайнар-2 деген ауыл бар. Нарықтың қиын кезінде күнкөріс қамымен көптеген ауыл тұрғындары жұмыс іздеп басқа жаққа қоныс аударды, біразы Алматыға, енді бірі Өскеменге көшіп кетті. Қазір мұнда небәрі 15 түтін қалған. Солардың бірі – әке жолын қуып тракторшы мамандығын меңгерген Құмарбек Манаготов деген азамат. Құмарбектің әкесі Айтқазы – ұзақ жылдар шаруашылықта темір тұлпарымен шаруашылықтың өркендеуіне үлес қосқан абыройлы ақсақал.
Құмарбекті үйінің жанында тракторын жөндеп жатқан жерінен жолықтырдық. Жұбайы Бақтикамал отағасына көмектесуде. Бізбен амандасқан соң Құмарбек өзін толғандырған жайларды ортаға салды. Ой-пікірін жасырмайтын азамат жанында аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев тұрса да именбестен сырын ақтара салды.
– Шағын ауыл болған соң бізге көп көңіл бөліне бермейді. Сенесіз бе, бергі жақтағы көшеде әлі күнге жарық жоқ, аудан орталығынан автобус қатынамайды. Зайсаннан шыққан автобус Кеңсай, Жарсу, Бақасу,Саржыраға дейін келеді де, бізге соқпастан кері қайтып кетеді. Айтатын сылтаулары жолдың сапасы сын көтермейді-мыс. Ал бұрындары екі жаққа да ерсілі-қарсылы көлік жөңкіліп жататын. Тағы бір проблема – Қайнардың сол жағалауына ауызсу тартылған, өкінішке орай, бізге жеткен жоқ. Әркім шамалары келгенше үй жанынан құдық орнатып алған. Жаңадан келген аудан басшысы Темірбек Қасымжанов ауыл тұрғындарының жанайқайына құлақ асатын шығар деген үміттеміз, – деді Құмарбек Айтқазыұлы.
– Бұл жайдан халық қалаулылары хабардар. Аудан әкімі жақында сіздерге келіп, жағдаймен таныспақ. Қаржы жетіп жатса, түзелмейтін кемшілік жоқ, оны ретке келтіреміз, – деді аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Ыдырышев.
Шаруашылықта қырық жылдан астам тракторшы болып еңбек еткен Құмарбек бертін «Атамекен» деген қожалықты құрып алыпты. Өзімен бірге еңбек ететін Мамырбек Еңсебаев, інісі Жұмағали Манаготов үшеуі малға азық дайындайды, көршілерінің шөбін шауып береді. Тіршілік қамының жетегінде жүрген азаматтар уақытпен санаспайды, алаң-елеңнен тұрып алады да, қас қарайғанша тырбанып жұмыс істейді.
– Жұбайым Бақтикамал екеуіміз алты бала тәрбиелеп өсірдік. Жанат бізбен бірге тұрады, Қанат – Өскеменде, Талғат Алматыда, ал кенжеміз Санат Алматыда магистратурада білім алып жатыр. Ботагөз деген қызымыз шетінеп кетті, ал Алмагүл деген қызымыз көрші Көгадай ауылында тұрады, күйеубаламыз Айдынбек еті тірі жігіт, балаларын тарықтырмай асырап отыр, – деп отағасы бір пысықтап өтті.
Ғұмыр бойы темір тұлпарды тізгіндеген Құмарбек кіндік қаны тамған ауылынан ешқайда кетпейтінін, таңертең ерте тұрған кезде туған жердің түтінінен нәр, қуат алатынын сыр қылып айтты. Ол өзін алаңдатқан жайларды ортаға салып, ауыл жастары үшін жұмыс орнының мүлдем жоқ екенін, сондықтан көптеген жерлестерінің қала жағалап кеткенін тілге тиек етті. Сондықтан мемлекетеміз арнайы бағдарламалар бойынша жастардың жеңілдікпен несие алып, кәсіпкерлікпен шұғылдануына жағдай жасаса, олар кері оралар деген механизатордың айтқанына алыпқосарымыз жоқ.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.