Қоғам

Шалқардың айдыны әркімге ашық

Шалқардың айдыны әркімге ашық


Сібенің жағасында ел көптен күткен қоғамдық жағажай пайда болды. Ел игілігіне ақысыз қызмет көрсететін демалыс орнын облыс әкімі Даниал Ахметов барып көрді.

Ел үшінші көл атап кеткен Шалқар бұдан былай қарапайым халық үшін атына заты сай көл болмақ. Өйткені, бұған дейін Сібеге сая іздеп келген жандардың алдынан шлагбаум көлденеңдеп, әр кіргенің үшін ақы сұрайтын. Сол кедергі жойылды. Бүгінде Шалқардың айдыны кез келген қарапайым тұрғынға ашық, тек жалпыға ортақ қарапайым тәртіпті ұстанса болғаны. Естеріңізде болса, аймақ басшысы Сібеге туристерді молынан тарту үшін әуелі Өскеменмен екі ортадағы жолды жөндеткен. Осыдан кейін барып, көл жағасындағы заңсыздықтарды анықтап, оларды жоюға жергілікті полицияны тартқан. Соның арқасында заңсыз шлагбаумдар қойып, елден орынсыз ақша жинағандар айылын жия бастады. Енді, міне, Шалқар көлінің жағасы адам танымастай өзгеріп, халықаралық талапқа сай демалыс орнына айналып шыға келді. Шалқардың жағасын абаттандыруға өткен жылы 50 млн. теңге бөлінген болатын. Бұған дейін сол қаржының игерілуіне қатысты облыс басшысының тарапынан бірнеше рет сын айтылған да болатын. Соңғы рет келгенінде аймақ басшысы жобаны Астана күніне дейін бітіру үшін аудан әкімін қона жатып жұмыс істеуге міндеттеген. Өйткені, қоғамдық жағажай орын тебуі тиіс жерде екі-үш техника мен күрек ұстаған бір топ адам ғана жүрген болатын. Соңғы он күн ішінде көл жағасы қамыстан түгел арылып, құмдауыт жағажай пайда болыпты. От жағып ас қамдайтын орын бір бөлек, тамақтанатын қалқалар бір бөлек орналасқан. Балаларға арналған оқшау хауыздар, жағажай футболы мен волейболының алаңдары, киім ауыстыру және душ кабиналары, экологиялық дәретханалар халыққа тегін ұсынылмақ. Ал қаз-қатар тізілген 15 киіз үйдің бірін тәулік бойы «паналасаңыз», 15 мың теңге төлеуіңіз қажет. Атпен сейіл құру да, ішімдік сатылатын барға кіру де ақылы. Көл жағасына бақылау мұнарасы орнатылыпты. Құтқарушылар барлық жағдайды сонда тұрып бақыламақ. Олар құмдауыт жағада ішімдік ішілмеуін де қадағалауы тиіс.

– Бұл тапсырма ауданға бір жарым жыл бұрын берілген. Бірақ бүкіл жұмыс соңғы он күнде істелді. Айтылған ескертулер өз нәтижесін беріпті. Атқарылған шаруаға көңілім толды. Дәл осылай болғанын қалаған едік. Аудан әкімінің жұмысына қанағаттанып тұрмын. Дәл осындай орталықтар облыстың әр бұрышында болуы тиіс. Алакөлдің де келбеті қалай өзгеріп келе жатқанын көріп жүрсіздер. Бұл жоба – туризмді дамыту бағытындағы ең бір дұрыс әрі алғашқы қадам деп айтуға болады. Осыдан екі жыл бұрын өмір сапасын көтеру үшін осындай орындарды халыққа қолжетімді ету керектігі айтылған болатын. Кеш те болса, сол мақсат орындалды. Барлық шығысқазақстандықтарды Сібеге шақырамын, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Астана күнін Шалқардың жағасында тойлауға келген халыққа арнайы концерт қойылды. Жауынға қарамастан, шомылудың рахатына бөленіп жүрген халық облыс әкіміне кіреберістен шлагбаумды алғызып, ақысыз шомылуға жағдай жасағаны үшін алғыс айтысты.

-Ел мақтап жүрген Баянауыл мен Көкшетауда да болғанмын. Ол жақта да дәл осындай жобалар енді қолға алынып жатыр. Мұндай көрікті орындардың жалпы халыққа ортақ болуы – құптарлық жағдай. Осында жатқан ек-үш күннің ішінде жаныма сая тауып қана қоймай, Шалқардан шабыт алып барамын, – деген суретші Құмар Макаров Сібенің бес көлін бейнелеген туындыларын аймақ басшысының назарына ұсынып, сиясы кеуіп үлгермеген бір суретті облыс басшысына сыйлады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button