Қоғам

Шалқар Жоламанов Айбек Нұғымаровтың куба балуанынан жеңілуінің себебін айтты

Шалқар Жоламанов Айбек Нұғымаровтың куба балуанынан жеңілуінің себебін айтты

«Әлем барысының» күміс жүлдесі жерлесіміз Айбек Нұғымаровқа бұйырды. Алтын медаль үшін болған белдесуде ол Олимпиаданың қола жүлдегері, Куба балуаны Оскар Рене Видал Брайсонға есе жіберіп алды. Қола медаль ресейлік Максим Ширяевтің еншісінде.
Алты құрлықтың алыптарын қазақ топырағына жинаған «Әлем барысы» халықаралық турнирінің тұсауы Кереку жерінде кесілді. Жалпы жүлде қоры 150 мың АҚШ долларын құрайтын дүбірлі додаға дүниежүзінің 35 мемлекетінен сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар қатысты. Ал кілем қожайындары ретінде еліміздің намысын төрт түйе балуан: тараздық Бейбіт Ыстыбаев, семейлік Айбек Нұғымаров, қарағандылық Асыл Барменов және қызылордалық Руслан Әбдіразақов қорғады. Аталған балуандарымыздың ең соңғысы екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалғанымен қалған үшеуі финалдық кезеңдерге жетті.
Алайда, айтпасқа болмайтын жәйт, жартылай финалда кубалық Брайсоннан ұтылған Бейбіт Ыстыбаевтың спортшыға тән емес қылығы. Оның оғаш әрекеті қарсыласы түгілі күресті тамашалаған жанкүйерлердің наразылығын туғызды. Онсыз да Бейбіт іріктеу кезеңдерінен төрешілер «көмегімен» әупірімдеп жүріп өткен болатын. Дегенмен, тараздық балуан төртінші орынды иеленіп, 6 мың доллар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сондай-ақ, «Бәйге берем жығылған балуанға да…» деп талантты ақын Төлеген Айбергенов айтпақшы, «Әлем барысы» турнирінде оныншы орынға дейін алған балуандарға тиісінше ақшалай жүлделер берілді. Біздің Айбек күміс медальмен бірге 20 мың долларға ие болды.
– Айбек өз қателігінен өзі сүрінді. Куба қабыланының салмағы 165 келі болса, Айбектікі – 130 келі. Айбек алғашқы минуттардан оны шаршатып, соңына қарай әдіс жасау керек еді. Сол кезде нәтиже шығар еді. Бірақ ол күшіне сеніп жүріп есесін жіберіп алды. Бірақ екінші орын да жаман емес, – дейді белгілі балуан Шалқар Жоламанов.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button