Қоғам

Шалғайдағы тоғыз перзентхана жаңаша жабдықталады

Алдағы уақытта облыстың шекаралық бес ауданындағы және тағы төрт аудан орталығындағы тоғызперзентхана заманға сай қайта жабдықталып, екінші деңгейлі жәрдем көрсету санатына ауысатын болады.Бұл туралыкеше облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп бергенаймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Бүгінгі таңда өңірдегі атқарушы билік органдары мен облыстық, аудан-қалалық қоғамдық кеңестер арасында тығыз  байланыс орнаған. Барлық өзекті әлеуметтік мәселелер бірлесе отырып шешіледі.

Облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің есептік баяндамасында былтыр өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің біршама өскенін атап өтті. Олар нақты цифрлардан көрініс табады. Ал  атқарылған шаруалар жөнінде айтар болсақ, өткен жылы облыста төрт мектеп бой көтерді, Өскеменде 200 орындық балалар ауруханасы пайдалануға берілді, Семейде әлемдік стандарттарға сай келетін бірегей мәдени-спорттық кешен ашылды. Сонымен қатар былтыр облыстағы 294 мектеп ғимараты жөндеуден өтті. Тағы бір атап өтерлік жайт, есепті жылы өңірде 170 мың ағаш егіліп, бұрын-сонды болмаған ауқымды көгалдандыру ісі бастау алды.

Тұрғындардың әл-ауқаты да жылдан-жылға артып келеді. Оның нақты бір дәлелі – жекеменшік автокөліктер санының өсуі, мәселен бүгінде облыстағы әрбір мың адамға шаққанда 220 жеңіл көліктен келеді. Бұл – орташа еуропалық көрсеткішпен пара-пар.

Өзінің есебінде аймақ басшысы денсаулық сақтау саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.

–Соңғы үш жылдың ішінде өңірдің медицина саласына 22 миллиард теңгеден астам қаражат құйылды. Емханалардың құрал-жабдықтары заманаға сай жаңартылды, бүгінге дейін 276 дәрігер шетелдің озық клиникаларында білімдерін шыңдап келді. Осы ретте атап айтарым, негізгі мақсат – құрылғыларды жаңғырту емес, өлім-жітім санын азайтып, тұрғындардың орташа жасын ұзарту екенін ескерткім келеді.Қазірдің өзінде біз балалар өлімін, өкпе дертінен болған өлімдерді кемітуге қол жеткізіп отырмыз, – деген облыс әкімі сала мамандарының шет елдердегі оқу мерзімі ұзартылатынын, енді олар 3 айдан 1 жылға дейін біліктіліктерін арттыратынын атап өтті.

Аймақ басшысы облыстағы жүкті әйелдердің 80 пайызы Өскемен мен Семейде ғана босануға мәбүр екендерін алға тартып, жағдайды жақсарту мақсатында алдағы уақытта шалғай аудандардағы тоғыз перзентхананың қайта жабдықталатынын және екінші деңгейлі жәрдем көрсету санатына ауысатынын жеткізді. Ал жалпы, өңірдегі денсаулық сақтау саласы онкология, травматология, қан айналымы жүйесі және ана мен бала денсаулығы бағыттарында дамитын болады.

Адами капиталдың әлеуетіне әсер ететін өңірдегі келесі маңызды салалардың бірі – білім беру. Осы ретте облыс басшылығы арнайы орта білім сапасын арттыруға жіті көңіл бөлуде. Алдағы уақытта колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға республика қазынасынан 3 миллиард теңге бөлінсе, облыс бюджетінен бұған қосымша 4 миллиард теңге қарастырылмақ. Сонымен қатар өңірдегі ірі кәсіпорындар да өздеріне болашақ маман даярлау ісіне атсалысатын болады.

– Өткен жылы облыста 443 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Біз алдағы уақытта бұл көрсеткішті екі еселеуге міндеттіміз. Кем дегенде осы жылы 800 мың шаршы метр баспана тұрғызылуы тиіс. Бұған қажет әлеует жетерлік, – деген Даниал Ахметов әлеуметтік нысандар қатарында Ақтоғай кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені, Күршім ауылында бассейн, Глубокое кентінде Мәдениет үйі, Абай ауданы Қарауыл ауылында 300 орындық орта мектеп салынып жатқанын мәлім етті.

Аймақ басшысы алдағы уақытта облыстағы ең маңызды сала ауыл шаруашылығы болатынын ескертті. Мал басын көбейту, дәнді әрі майлы дақылдар көлемін арттыру басты міндет саналады. Мемлекет тарапынан агросекторға қолдау көрсетілу жалғасады. Дайын өнімді экспорттау, әсіресе, шығыстағы көршіміз – Қытайға сату арқылы көп пайда табуға болады. Бұл ретте облыс басшысы өңір шаруаларына Аспан асты елінде үлкен сұранысқа ие соя мен жүгері дақылдарын көптеп өсіруді тапсырып отыр.

Жиында  облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері –қазақ күресінен Әлем чемпионы Айбек Нұғымаров, өңірдегі іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова, «Казцинк» серіктестігі коммуникациялар басқармасының басшысы Берікбек Қызыкеев сөз алып, облыс әкімінің есебіне оң бағаларын берді.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк аймақ басшысының қолға алып отырған игі басталамаларын толық қолдайтындарын және ортақ істі атқаруға өз тараптарынан бар күштерін салуға әзір екендіктерін жеткізді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button