Шахтерлардың шағымы жоғарыға жете ме?
Белоусовка ауылындағы шахта жабылса көптеген жұмысшы жұмыссыз қалмақ.
Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапармен келген «RESPUBLICA» партиясының тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов Глубокое ауданы Белоусовка ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Онда жабылуға шақ қалған шахтаның мәселесін жергілікті тұрғындар Мәжіліс депутатына баяндап, туындаған әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етті. Белоусов кен орны 1797 жылдан бері игеріліп келеді. Шахтаны 1997 жылдан бастап «Қазақмыс» кәсіпорны қолға алып, 2018 жылы негізгі жұмысын тоқтатқан. Сол кезде 265 адам жұмыссыз қалған. Қазір кәсіпорында 58 адам жұмыс істейді, оның 44 – і Белоусовка ауылының тұрғындары. Өткен 2022 жылдың желтоқсан айында кен орнын барлауға арналған келісімшарт аяқталған. Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов шахта мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізіп, кен орынын жаппайық деген халықтың пікіріне қолдау көрсеткен.
– Біз кеніштің одан әрі жұмыс істеуін қалаймыз. Аудан әкімі біздің ұстанымымызды қолдап отыр. Бірақ біз тәуелсіз комиссия шахтаны одан әрі пайдалану бойынша баға беруі керек деп санаймыз. Сонымен қатар, қазіргі жауапты компанияның шахтаны сумен толтырып жабамыз дегені де көңілге қонымсыз. Тіпті, экологиялық талаптарға да сай емес. Оны экологтар да айтып отыр, – дейді бастамашыл топтың төрағасы Виктор Леонтьев.
Сонымен қатар, бұрынғы кеншілер мен кеніш жұмысшыларының айтуынша, әлі де шахтада қор бар. Мұны қазіргі меншік иесі де растап отыр. Кеніште 12 миллион тонна кен бар, бірақ орналасу тереңдігі төмен көрінеді. Бұл өндіріске экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Өйткені кен 600 метр тереңдікте орналасқан екен.
Өз кезегінде депутат Руслан Берденов бұл мәселенің мәніне тереңірек үңіліп, оң шешім табуына атсалыспақ. Жұрттың тілегін жоғары жеткізіп, мәселенің жан-жақты зерттеліп, халыққа тиімді шешім шығару жағын қарастыратынын айтты.
Қызырбек Дүргінбайұлы