Қоғам

Шахановтың шопыры

Берікхан Тайжігіт

Көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа жеті жыл шопыр болған сыныптасым Сейсен Қалыбековпен кездесіп, өткен-кеткен жайлы, өзіміздің туып-өскен Қарақол ауылы, белгілі қаламгермен достығы туралы әңгіме тиегін ағытқан едік.

АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ

– Өзің білесің, ауылда әдебиеттен аулақ, әскерден кейін әкемнің иелігіндегі совхоздың бір отар қойын бағысқан жан едім ғой, – деп бастады әңгімесін. – 1987 жылы мен Жазушылар одағына қарасты «Шығармашылық үйінің» директоры Назымбек Боқаевтың шопыры болатынмын. Назымбек ағаның да талай жақсылығы өтті ғой маған. Өзі де  өнерлі, келбетті келген жігіттің төресі еді. Сонымен, сол кезде Мұхтар аға да өзінің «Жигулиімен» шығармашылық үйіне келіп-кетіп, демалып жүретін. Мұқаң машинасынан ақау шықса, бастығым арқылы мені шақыртып алады. Бірде екі бірдей дөңгелегі жарылып, енді бірде аккумуляторы істемей, машинасы от алмай жүрген кезінде көмектесіп жіберетінмін. Сөйтіп жүргенде, бір күні наурыз айында Мұхтар аға мені өзіне жұмысқа шақырды. Мен үйреніп қалған тыныш жерімнен кеткім келмей, қиқалақтап едім:

– Әй, бауырым, бастығың Назымбек маған бауыр болып келеді. Ол сені жібермей ме? Сұрап алайын ба? – деді. Тіпті, маған қалтасынан алып, визиткасын берді. Қарасам, «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Мұхтар Шаханов» деп жазулы тұр. Телефоны да бар екен. Жасы үлкен адамды сыйлап өскен басымыз, шегіншектеудің жөнін таба алмаған мен  келісімімді бердім.

Шынын айтсам, ол кезде мен Мұхтар Шахановтың кім екенін де, оның шығармашылығынан да бейхабар адаммын ғой. Шахановпен таныспасам, ол кісіні білмесем, мүйіздері қарағайдай Сафуан Шаймерденов, Тәкен Әлімқұлов, Әкім Тарази,  Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Әуезхан Қодар  сияқты әдебиет алыптарымен бильярд ойнаушы ма едім!? Қазір ойлап отырсам, Мұхтар ағаның арқасында Асқар Ақаев, Шыңғыс Айтматовпен, көптеген белгілі тұлғалармен дастарқандас болыппын. «Жақсыдан шарапат» деген. Шынын айтсам, Шахановтан мен рухани байлық алдым деуіме болады.

Сонымен, Мұхтар Шахановтың көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірген Сейсенге біршама уақыттан соң жатақханадан бір бөлме берілді. Тіпті, бөлмесіне телефон орнатқызады.

– Қызық! –дейді Сейсен. – Сонда ағам менің қай жақтан екенімді, руымды да сұрамайды. Ұжымның алдында мені таныстырды. «Бүгіннен бастап, Сейсен емес, менің жанымдағы жол серігім болдың, аты – Серік» деді.  Айтпақшы, әлгі телефон бүкіл жатақханада жалғыз менде ғана болғандықтан, бөлмемнің алды үнемі топырлаған адам болатын. Бәрінің де туған-туысымен, дос-жарандарымен сөйлескісі келеді. Ол кезде қалта телефон деген атымен жоқ еді.

…Көп ұзамай Мұхтар Шаханов Қазақстан Жазушылар одағының үшінші хатшысы, «Жалын» альманағының бас редакторы болып, Секең ол кісіге берілген жаңа «Волганы» жүргізді.

– Мұхтар ағаның анасы Ұмсын деген апа шүйкедей ғана адам еді. Адамгершілігі жоғары, мейірбан жан болатын. Мұхаң екеуіміз үйден алыс жолға  аттанарда «Орамал тон болмайды, жол болады» дей ме екен, батасын беріп, бір-бір шыт орамал (өздері «десте орамал» дейді) ұсынатын, бұдан бөлек менің қалтама малта құрт салушы еді марқұм. Айтпақшы, менің үйленуіме де Шахановтың қатысы бар. Жұбайым Ләйланың әкесі Шеген Сапаров Мұхаңның досы болған адам. Оның да мамандығы журналист еді. Ләйла жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырарда осы Мұхтар ағаның үйінде тұрды, – дейді Секең күлімдеп.

Тұңғыш қызымның есімін Мұхаң қойды

 – Мұхтар аға депутат болып сайланған соң бір күні мені шақырып алып, Мәскеуге ұшаққа Жоғарғы Кеңестен билет алып келуімді тапсырды, – дейді Сейсен  Қалыбеков. – Ол кісінің депутаттық мандатын ала салып келсем, кассаның алдындағы кезекке әрең кіргізді. Мен кассаға таяп келіп, осылай да осылай, Шахановқа бір билет деп айтып жатырмын ғой. Сол кезде менің арт жағымда тұрған ақ шашты орыс ұлтының өкілі: «Кто вы?» деп сұрады. Мен енді Шахановтың шопыры екенімді, билет алуға жібергенін айтып жатырмын ғой. Ол кісі маған: «Вы меня на улице подождите», деді. «Жақсы» деп күтіп тұрмын. Бір кезде ол кісі іштен шығып, маған қарай жүрді. Сосын: «Мұхтар Шахановқа Сафонов Анатолий Кирилловичтен  сәлем айтыңызшы», деді. Сөйтсем, ол кісі АДК-ның (Алматы құрылыс комбинатының) бас директоры екен. Мұқаңа барып, сәлемін айттым. Ертесіне әдеттегідей таңғы сағат 8-де Мұқаңа келсем, шай ішіп отыр екен. Мен енді кеше Сафоновпен кездескенім жайлы, ол кісінің сәлем айтқаны туралы  айтып жатсам, Розалинда жеңгеміз өте ақылды адам ғой бірден: «О-о! Анатолий Кириллович деген бүкіл Алматы құрылыс комбинатын басқарып тұрған адам. Өзі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Сенің баспана жайлы мәселеңді сол кісінің алдына қоямыз!» дегені. Айтқанындай, көп ұзамай Абай мен Гайдар көшелерінің қиылысындағы жатақханадан бір бөлме алып берді ғой. Әрине, кейін Мұхаңның арқасында «Самал-3» шағын ауданынан үлкен үйге де қол жеткіздік. Ол кісінің маған жасаған жақсылықтары ұшан-теңіз.

– Мұхтар ағаға да, Роза жеңгеме де еш өкпем жоқ. Мені қатарға қосқан, көзімді ашқан осы кісілер ғой. Былайша айтқанда, маған Алла тағаланың жолықтырып тұрған адамдары. 1991 жылы тұңғыш қызым Нұрлытаң дүниеге келді. Оның да есімін қойған Мұхтар аға. Ләйла босана салысымен үйге, Қарақолдағы әкеме телефон шалып жатырмын. «Әке, қыз бала, атын өзіңіз қойыңыз!» деп. Әкем бірден: «Ат қоятын адам жаныңда емес пе! Мұхтардай азаматқа екінің бірі балаларына  ат қойғыза алмай жүр. Мен сегіз балаға ат қойып болғанмын. Мұхаң қойсын!» деді. Мұхтар ағаға әкемнің сәлемін айтып едім, бір «ых!» деп күлді де: «Үлкен ұлдың тұңғыш немересінің есімін өзі қойғаны жөн емес пе!» деді. Ол кезде нәрестенің кіндігі түспей перзентханадан шығармайды емес пе. Сонымен, уақыт өтіп барады. Ләйланың перзентханадан шығатын уақыты болып қалды. Баланың есімі әлі қойылған жоқ. Мұхаңа барып айттым. Ол кісі: «Енді мен бір есім айтайын. Ұнатсаңдар қойыңдар. Нәрестенің аты Нұрлытаң болсын!» деді. «Болды! Болды, аға! Сіздің айтқаныңыз бойынша ғой бәрі», деп жатырмын.  Сөйтіп, қызымыздың есімі елде жоқ, сирек кездесетін есім – Нұрлытаң болды.

Тағы бір қызық айтайын. Адам деген пенде ғой. Жалпы, Роза жеңгеміз Мұқаңа, болмаса үйге қандай да бір зат алатын болса, екіншісін маған қоса сатып алатын. Бірде ол кісі: «Серікжан, (Мұхтар ағаның өтініші бойынша мұнда бәрі мені Серік деуші еді) военторгқа екі диванға тапсырыс бердім. Соның біреуін өзіңе, біреуін біздің үйге алып келе ғой!» деді. Гараждан бір жүк автокөлікпен келісіп  барсам, екеуінің де ақшасын төлеп қойыпты. Айтқанын орындап, Мұқан Төлебаев  көшесіндегі «Алатау» кинотеатрының артындағы Мұхтар ағаның үйіне (бесінші қабатқа) кіргізіп,  екіншісін өзіме түсіріп алдым. Әдейі таңдағаным жоқ, бірақ менің үйіме түскен диванның түсі Мұқаңның үйіндегіден әдемілеу болып шықты. Кейін Мұхтар аға мен Роза жеңгей қонаққа келіп отырып, жеңгей: «Серікжан, өткенде алған диваның ғой мынау. Жақсы екен!»дегенде, ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздағам. Соны енді дұрыстап қарап, түсі ашығын сол кісілердің үйіне түсіретін адаммын ғой, – дейді Сейсен өзіне тән кеңк-кеңк күлкісімен.

…Жеті жыл Шахановтың шопыры болған Сейсен Қалыбеков осынау аңыз адамнан мол тәрбие мен тағылым алғанын, әдебиетке, поэзияға деген көзқарасының қалыптасқандығын айтады. «Мұхтар аға Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалғанда, балаларым жас болғандықтан, еріксіз елде қалдым», – дейді ол қазір.

Аягөз ауданы. Суреттерде: фотолар.

Осы айдарда

Back to top button