\”Шахан-ата\” шаруасын шалқытып отыр
Глубокое кентіндегі «Шахан-Ата» өндірістік-коммерциялық фирмасының құрылғанына биыл 20 жыл толады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті Жаңабай Тәліпұлы Тастанбеков басқарады. 20 жылдың ішінде аталмыш кәсіпорын Қазақстанның қалаларына, көрші Ресейге өз тауарларын шығарып жатыр.
Ал олардың ішінде нан, нан-тоқаш тағамдарының 15, 40-тан астам тәтті пірәндік, 70-тен астам бисквитті-кремді торт, кондитер тағамдарының 100-ден астам түрі бар. Келешегі кемел кәсіпорында күнбағыс майын сығу , жиһаз цехтары, ағаш бұйымдары шеберханасы, құрылысқа қажет құм және көмір қалдықтарынан кірпіш жасайтын зауыт, мал соятын қасапхана жұмыс істеп тұр.
Жаңабай Тәліпұлының сөзден гөрі іске мығым азамат екені аңғарылады, өзі жайында сараң айтып, ұжым жұмысшылары туралы көбірек әңгімеледі. Бұл күндері серіктестікте 370 адам еңбек етеді, олар жалақыларын уақтылы алып тұрады. Қасиетті Қаратауда туып-өскен азамат мектепті бітірген соң азаматтық борышын өтейді, сосын Алматыдағы қазақ мемлекеттік политехникалық институтының тау-кен факультетін аяқтайды. Әр салада қызмет етіп, бұдан 20 жыл бұрын Кенді Алтайға қоныс аударады.
– Шырайлы Шығысты ерекше ұнаттым. Бұл жақтың адамдары қарапайым, қонақжай екен, мені жатсынбай, бауырларына тартты. Ол кезде сауда-саттықтың қызған шағы. Көкөніс саттық, кәсіпкерлікті игере бастадық. Сол кездегі аудан әкімі Марат Әкрамов мені қабылдап, әбден тозығы жеткен бұрынғы нан зауытының ескі мекемесін берді, оны жөндеп, қатарға қостық. 15 миллион теңге несие алып, жаңа жабдықтарды өндіріске енгіздік. Біз өндіретін өнімдердің сапасы жоғары, бағасы қымбат емес, сондықтан Өскеменнің 820 сауда дүкендерінен тәтті тағамдарға, торттарға тапсырыс түседі. Шемонайха, Риддер, Белоусовка, Бұқтырма, Зырян, Катонқарағай тұрғындары кондитер тағамдарын қажеттілікпен тұтынып жатыр. Экологиялық жағынан таза, ешқандай консерванттар қосылмаған тағамдарымыз өткен жылы облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алды, – дейді «Шахан-Ата» ЖШС-інің директоры Жаңабай Тәліпұлы.
Мал соятын қасапханада ауданның барлық шаруа қожалықтарының ірі қарасы сойылып, сауда орындарына жөнелтіледі. Жиһаз цехында неше түрлі бұйымдар жасалады, сапасына тұрғындар риза. Тәтті тағамдар цехына енгенімізде, бір топ қыз-келіншекті жолықтырдық. Олар ауысымына жүздеген дана торт, кондитер тағамдарын жасайды екен. Технологтар Айгүл Ысқақова, Галина Гросс өз ісін шебер меңгеріп алған. Ал кірпіш шығаратын цехқа енгенімізде, он шақты жұмысшыны жолықтырдық. Шлактан, құм мен цемент қосылып жасалған кірпішке де сұраныс ерекше көрінеді.
– «Шахан-Ата» деген атау нені білдіреді? – дедік.
– Бабамыз Шахан-Ата Ордабасыда жоңғар мен қазақтар қақтығысып қалғанда, 102 жасында қолына найза алып, жауларымен шайқасқан. Ол кісі әулие болған, адамдарды емдейтін қасиеті тағы бар. Қазақ елінің тәуелсіздік алуын армандаған атамыздың рухы барлық қазақтарды қорғап-қоршап жүрсін деген ниетпен кәсіпорынға атамыздың атын бердік. Мақсат айқын, қазір бізде еңбек ететін 370 адам бір мыңға жуық адамды асырап отыр, – деп ағынан жарылды Жаңабай Тастанбеков.
Жүрегі жомарт, жаны таза азамат қайырымдылық шараларына де белсенділікпен араласады. Облыстық «Дидар» газетін 20 жылдан бері оқитын азамат өңірдегі жаңалықтарды жатқа соғады. Жәкең осы газетте қызмет еткен Зейнелғабиден Қалиевпен жақсы араласқан екен. Ардагер журналист қаза тапқан соң, ол кісінің зиратын тұрғызып беріпті. Мәдениет, спорт саласындағы азаматтарға да сан мәрте демеушілік жасаған азаматты Глубокое ауданының тұрғындары ерекше құрметтейді.
– Бір өзі бір комбинат! Шіркін, Жаңабайдай іскер, кәсіпкерліктің ұңғыл-шұңғылын терең меңгерген азаматтар көп болса, алынбайтын қиындық болмас еді, ауданымыз өсіп-өркендей берер еді, – дейді аудан әкімі Қалихан Байғонысов.
Оңдасын Елубай
Глубокое ауданы.