Жылдың жағымды жаңалықтарының қатарында әдеттегідей жалақы мен зейнетақының ең төменгі деңгейінің артуы мен күнкөріс деңгейінің көтерілетіні бар. Білім берудің басты тетігі ретінде «Жайлы мектеп» жобасы жалғасын таппақ. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ ел игілігіне арналған игілікті жобалар қатарына 5G интернет байланыс желісі іске қосылмақ. Өзге де елдің тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар жыл бойы жүзеге асатын болады.
Ақылы декрет бір жарым жылға ұзартылды
Жалпақ жұртқа қажеті – жалақының өсуі мен күнкөріс деңгейінің көтерілуі. Осы жылы ең төменгі жалақы 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал әр сала мамандарының жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп, Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы жалғасын табатыны Үкімет тарапынан қайталап айтылды. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған Үкіметтің бесжылдық жобасының берері мол болмақ. Өңірлерде шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту бойынша бесжылдық жобаға 1 трлн теңге бағытталып, 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамту көзделген.
Жәрдемақы мен зейнетақы көлемін арттыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Биыл 4,4 млн адамның жәрдемақысы мен зейнетақысын арттыру үшін Үкімет республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге қарастырмақ. Ел Президентінің тапсырмасына орай ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін өседі. Ал зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артады. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаймақ. Бұдан бөлек, бесік ақшаның да көлемі артты. Нақтырақ айтқанда, бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге беріледі. Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасыларға – 55 304 теңге, 5 балаға – 69 138 теңге, 6 балаға – 82 973 теңге, 7 балаға – 96 807 теңге, 8 және одан кейінгі әр балаға 13 800 теңге төленеді.
Президенттің тапсырмасына орай аналарды әлеуметтік қолдауды арттыру үшін аталған төлемді төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Ал мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.
Онлайн қызметтер оңтайланады
Биыл мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және құжат айналымын цифрландыру барысы жеңілдей түспек. Уақытты ұтымды пайдалану үшін азаматтық хал актісін немесе некені тіркеу кезінде электрондық куәліктерді беру мерзімі 1 айдан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартылып, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеуді алып тастамақ. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларын, нотариустарды, адвокаттар мен сот сарапшыларын кәсіби қызметпен айналысуға аттестаттауды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде осы жылы «Цифрлық нотариат» жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде рәсімдеп, интернет арқылы электронды-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды алуға мүмкіндік алады.
Ендігі кезекте eGov mobile қосымшасының функционалдық мүмкіндіктері арта түспек. Ондағы «Цифрлық құжаттар» сервисінде нотариаттық құжаттарға QR-қол қою және оларды көрсету бойынша жұмыстар жүргізіле бастайды. Ал осы жылы E-Salyq Azamat және екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігін іске асыра алады. Осы арқылы ел азаматтары шығындарын азайтып, уақыттарын үнемдейді.
Жастарға шағын несие беріледі
Биыл бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері жүзеге асады. Осы айдан бастап республикада мемлекеттік реттеушілік актілерін тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін механизм – «Міндетті талаптар тізілімі» іске қосылмақ. Тізілім бойынша бірқатар талаптар мен ережелер де бекітілген. Қаңтардың бірінен бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер күшін жояды. Нәтижесінде құқық бұзушылықтардың алдын алып, орынсыз тексерулер азаймақ.
Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жөніндегі норма қолданысқа енгізіліп, бұл тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізу кестелерін қалыптастыру кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді.
Ал шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий бір жылға ұзартылып отыр.
Жаңа Қазақстанда жастарға қолдау көп көрсетіліп келеді. Соның бірі – жастарға шағын несие беру. Биылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Бұл мүмкіндікті 21-35 жас аралығындағы өз кәсібін ашып, ісін бастағысы келетін ел азаматтары пайдалана алады. Шағын несие жастарға конкурстық негізде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін болады. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды, займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін беріледі. Осы жоба үшін Үкіметтен 28 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр.
Денсаулық сақтау саласына ден қойылып отыр
Биыл да көлік медицинасын енгізу жұмыстары жалғасып, жылжымалы медициналық кешендер арқылы ауылдың 1,5 млн тұрғынына медициналық қолжетімділік жасалмақ. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда. Ел тұрғындары үшін ең қауіпті онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге аспақ.
Осы жоба шеңберінде диагностикалық жабдықты жаңғырту, ядролық медицина орталықтарын (ПЭТ/КТ диагностикасы) ұйымдастыру, молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту, КТ және МРТ балалар стационарларын қосымша жарақтандыру, шағын инвазивті хирургияны және интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы жаңа заманауи онкологиялық орталықтар құру, арнайы мекемелердің төсек-орын қорын ұлғайту қолға алынбақ.
Дәрігерлердің орташа жалақысын 30%-ға, яғни 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға, яғни 250 мың теңгеге дейін көтеру қарастырылып отыр. Ал резидентурадағы гранттар саны 70%-ға артады.
Сондай-ақ елдің әр өңірінде медициналық нысандар салынып, ауруханалар заманауи технологиялар мен медициналық керек-жарақпен жабдықталмақ.
«Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды
Биыл білім саласына қатысты жаңа ұлттық жобалар жүзеге асады. Белгілі болғанындай, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 842 мың оқушы орнына есептелген қажетті жабдықтармен толықтай жарақталған 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Биыл 220-дан астам мектептің құрылысы басталатын болады.
Жоғары білім мен ғылым саласының қоржыны тоқ болмақ. Биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 15%-ға өседі. Ал мемлекеттік білім беру гранттарының санын Үкімет 10%-ға өсіруді жоспарлап отыр.
Биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал жаңалыққа жаны құмар ғалымдарды ынталандыру үшін 2 мың АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау жобасы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ осы жылы отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашу жоспарланған.
Жолсапар қағаздары электронды форматқа ауысады
Бұл сала да цифрлық жүйедегі өз мүмкіндіктерін арттыратын болады. Көлікті цифрландыру саласында «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі» өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмек. Нәтижесінде тауар-көлік жөнелтпе құжаттары мен жолсапар қағаздарын электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік туады.
Елімізде ашықтықты қамтамасыз ету үшін өңірлердің барлық цифрлық камералары мен «Сергек» ақпараттық-бағдарламалық кешені интеграциялау жолымен цифрлық көліктік бақылауға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылмақ.
Ал автомобиль көлігі секторында халықаралық тасымалдарға арналған ершікті автотартқыштар алғаш рет тіркелгені үшін салықтан босатылатын болады.
Ал республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады.
Тұрғын үй құрылысы қарқын алады
Биыл елімізде 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу көзделген. Өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бойынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады.
Ал халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 97%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі 80%-ға дейін, ал жылу мен суды есепке алудың үйге ортақ құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі 83%-ға дейін ұлғайтылмақ.
Осы жылы 11,8 мың километр автожолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, оның ішінде 4 мың шақырым жолды салу және реконструкциялау, 3,2 мың шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу, 4,5 мың шақырым жергілікті жолдарды жөндеу көзделген.
Осылайша жыл бойы бірқатар жобалар жүзеге асып, ел игілігіне қажетті бірқатар шаруалар атқарылмақ.
Әзірлеген – Қызырбек Дүргінбайұлы