Шағын және орта бизнесті қолдау жалғасады

Әлем жұртын әбігерге салған пандемияға қарамастан өңірімізде кәсіпкерлер саны 7%-ға өсті. Бұл ең әуелі осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекет тарапынан отандық бизнеске көрсетіліп жатқан қолдау-көмектің нәтижесі.
Жақында облыстағы аудан-қалалардың әкімдері аймақ басшысына өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мәселелері бойынша есеп берді. Ресми ақпаратқа зер салсақ, біздің облыста пандемияға байланысты туындаған қиындықтар мен кедергілерге қарамастан көптеген салада көрсеткіштердің жоғарылағаны байқалады. Оны әсіресе өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларынан анық аңғаруға болады. Сондай-ақ инвестиция және бюджетке түсетін салықтың көлемі де артқан.
– Пандемия салдарынан болған қиындықтарға қарамастан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7%-ға өскені қуантады. Алдағы уақытта осы қарқыннан таймай, кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыра беруіміз керек, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы Өскемен, Курчатов, Риддер қалалары және Жарма, Күршім аудандарының әкімдеріне өңдеу өнеркәсібі секторына ерекше назар аударуды тапсырды.
– Бұл салада Семей қаласы жақсы көрсеткішке жетіп отыр. Басқалары да жұмысты ширата түсуі керек. Статистиканы талдап, өткен жылдан қалған жобалары бар компанияларға назар аударыңыздар, – деді облыс әкімі.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнесті қолдауда да жетістіктер бар. Алайда көрсеткіштердің бұдан да жоғары болуына мүмкіндік жеткілікті. Шығыс Қазақстан облысының қоржынында қарапайым заттар экономикасының 270 жобасы бар. Оның 210-ы қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан республикада бесінші орында.
Облыс әкімінің пікірінше, алға жылжу динамикасы бұдан да жақсы болуы тиіс. Шемонайха, Күршім, Көкпекті және басқа да бірқатар ауданда осы мәселеге жіті назар аударылып, жергілікті жерлердегі кәсіпкерлермен белсенді түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек.
– Өз ісін дамытқысы келетін бірде-бір кәсіпкер субсидиядан бас тартпайтынына сенімдімін. Олар қажет ақпаратты уақытында әрі оңай алуы керек. Субсидия – бұл жұмыс істеп тұрған бизнес үшін де, жаңа идеялар мен стартап-жобалар үшін де үлкен көмек. Көптеген азаматтың ойы дұрыс әрі ұсынып отырған идеялары да тамаша. Бірақ олар сол идеяларын іске асыратын бизнес-жоспар әзірлегенмен бизнесті ары қарай алып кете алмай жатыр. Бұл жерде жергілікті әкімдер мен кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары оларға жол сілтеп, қолдау көрсетуі тиіс. Алдағы уақытта мен әр әкіммен кездесіп, «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын қорғау жөнінде сөйлесемін, – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында аймақ басшысы Даниал Ахметов.
SHYGYS press